Қоғам • 29 Қыркүйек, 2020

Білім саласында жемқорлық азаяр емес

614 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кіршіксіз таза болашағымыздың іргетасы қаланады дерлік білім беру саласында сыбайлас жемқорлықтың болуы ертеңімізге балта шабу іспетті. Жас ұрпақ адалдықтың, әділдіктің үлгі-өнегесін көруі, аға буыннан жақсы тәлім-тәрбие алуы тиіс білім саласында жемқорлықтың болуының өзі қисынсыз.

Білім саласында жемқорлық азаяр емес

Алайда Түркістан облысында мектеп директорлары мен балабақша мең­геру­шілері арасында парамен ұсталу, бюджет қаржысын жымқырып, қылмыстық жазаға тартылу фактілері азаймай тұр.

Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2018 жыл­дың қазанында Елбасы Н.Назарбаев халық­қа арнаған Жолдауын жария ету барысында облыста білім саласын­дағы парақорлықтың асқынып кеткені сон­шалықты, директорлардың еден жуушыны да жұмысқа парамен қабылдайтынын мысалға келтірген болатын. Елбасы «басқа еш жерде ондай жоқ, тек сендерде бар» деген еді сол жолы. Осы сыннан соң Түркістан облыстық білім басқармасы мектептердегі парақорлықты жою мақсатында білім мекемелеріндегі бос орындарға маман қабылдауды арнайы портал арқылы жүргізуге көшті. Алайда бұл тәсіл парақорлыққа толық тосқауыл бола алмай отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облыстық депар­­таментінің мәліметі бойынша биыл сегіз айда өңірдің білім саласында 20 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркел­ген. Жемқорлық бойынша еліміз­дің өңір­лері арасында Түркістан облысы екінші орында тұр. Былтыр облыс­тың білім сала­сында сыбайлас жемқор­лықтың 9 фак­тісі тіркелген-ді. Яғни биыл 8 айда­ғы көрсеткіш өткен жылдың 12 айы­мен салыстырғанда екі есе өсіп отыр.

Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бай­­ланысты Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаевтың мәлі­меттері мен нақты іс сәйкес кел­мей отыр. Биыл сәуірде облыс әкім­дігінде өткен жиында бас­қар­ма басшысы адами факторды азайту мақсатында облыстың барлық 902 мектебінде «Smart.nation» жүйесі енгізілгенін, атал­ған жүйе арқылы жалпы орта білім беру ұйымдары педагогтерін жұмысқа қабылдау және мектеп директорларын конкурстық тағайындау процесінде адами фактор тоқталатынын айтқан бола­тын. «Smart.nation порталы Enbek.kz порталымен интегра­ция­­ланды. Бұл жоба корруп­ция­лық тәуекелді 50 пайыздан 2 па­йызға тө­мендетті. 1 жыл бұрын арыз­дар­дың 60 пайызы жұмысқа орналасуға байланыс­ты болса, қазір 55 пайыздан 5 пайызға дейін түскен. «jumys.sitcen.kz» жүйесін Президент Әкімшілігі «Ең үздік жоба» деп танып, басқа облыстарда енгізуге ұсынылды», деген болатын Р.Жолаев.

Алайда бұл жүйені айналып өтудің жолын тапқан жем­қорлар аз болмай шықты. Жуыр­да ғана Сарыағаш ауданында бір мектеп директоры парамен ұсталған. Сондай-ақ облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты Кентау көпсалалы колледжінің директорына қазына қаржысын талан-таражға салды деген айыппен бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Кентау қала­лық сотының шығарған үкі­міне қарағанда, директор О.Бегіс­баева 2018-2019 жылдары өзіне сеніп тапсырылған бюджет қа­ражатын пайдакүнемдік мақсат­пен иемденген. Қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін ол же­ке кәсіпкерлермен алдын ала ке­лісіп, тауарларды бір көз­ден мемлекеттік сатып алу жө­нінде электронды шарт жасас­қан. Келісім бойынша кол­ледж ақшаны кәсіпкердің шо­ты­на аударады. Кәсіпкер шот­қа түскен ақшадан 4 пайыз­дан 10 пайызға дейін үлес алып, қаражат­тың қалған бөлігін директорға қайтарып беріп отырған (Үкімде дәл осындай қитұрқылықтың оннан ас­там фактісі келтірілген. Ғ.Е). Дирек­тордың берген тапсырмасымен колледжге тауарлардың кел­гені жөнінде жалған акті түзіл­ген. Ал шын мәнінде ешқан­дай тауар жеткізілмеген. «Нәти­же­сін­де О.Бегісбаева 2018-2019 жыл­дардағы мемлекеттік сатып алу жоспарлары бойынша қызмет бабын жеке бас пайдасына пайдаланумен ұштастырып, өзіне сеніп тапсырылған жергілікті бюджет қаражатынан ірі мөл­шерде 6 776 426 теңгені ием­деніп, жымқырған», деп жазыл­ған сот үкімінде. Сотта дирек­тор өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Алайда куә ретінде қатысқан колледж қыз­меткерлері білім беру ұйымына тауарлардың жеткізілмегенін, ал кейбірінің қымбат бағамен келгенін айтқан. Сот үкімімен дирек­тор 2 жылға бас бостан­дығынан айыру жазасына кесілді.

Сот демекші, соңғы бір жыл­дың көлеміндегі сот үкімдерін біз де шолып шыққан болатынбыз. Байқағанымыз, ақшаға құныққан директорлар мен балабақша меңгерушілеріне басқарма қол­данып отырған шаралардың тосқауыл бола алмағаны. Мы­салы, бір балабақша меңгерушісі қарамағындағы қызметкеріне жалған сөйлеп, комиссия 2 млн теңге сұрап жатқанын айта келе 20 мың теңгені алаяқтық жолмен алмақ болған. Ендігі бір мектеп директоры қарамағындағы мұғалімнің біліктілігін көтеретін ұсынысқа қол қойып, мөр басып беру үшін 60 мың теңге талап еткен. Сотта директор осы ұсыныс арқылы мұғалімнің айлығы 40 мың теңгеге көбейетінін, сол үшін одан ақша сұрағанын ашық түрде мойындаған. Кен­тау қаласындағы балабақша мең­­геру­шісі В.Абдураимова был­тыр қазанда бір азаматты бала­­бақшаға тәрбиеші ретін­де жұ­мыс­қа орналастырып беру үшін 200 мың теңге пара алған. Сот үкімімен оған 6 млн теңге айып­пұл салу жазасы таға­йын­дал­ды. Ал Мақтаарал ауда­нын­­дағы мектептің директоры Б.Шы­рым­бекова еден жуушы жұмысын сұрап келген танысынан 150 мың теңге талап еткен. Сөйтіп одан 150 мың теңгені алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлеріне ұсталған. Сотта мектеп директоры жасаған әрекетіне өкінетінін айтып, айыппұл түріндегі жаза беру­ді сұраған. Сот оны  4,5 млн теңге айыппұл салу жазасы­на кескен. Бұл фактілер «jumys.sitcen.kz» жүйесі жемқор­лық­қа тос­­қауыл бола алмай отыр­ға­нын, облыстың білім саласын­да Елбасы сынынан әлі де қоры­тынды шығарыл­мағанын аңғартады.

Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов журналистерге берген сұхбаттарының бірінде білім саласында жемқорлық проблемасы барын мойындау, оған қарсы жекелеген ұсақ-түйек емес, кешенді жұмыс жүргізу қа­жеттігін, ашықтық болған жер­де жем­қорлық болмайтынын айт­қан болатын. Сол кешенді жұмыс пен ашықтық Түркістан өңірінде байқалмайды.

 

Түркістан облысы