Қоғам • 29 Қыркүйек, 2020

Қарулы Күштерде қорытынды тексеру қазан айының бірінші жартысында өтеді

244 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрлігінде аппараттық кеңес өтті. Кеңес барысында таяу кезеңге міндеттер қойылды, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарулы Күштерде қорытынды тексеру қазан айының бірінші жартысында өтеді

Аппараттық кеңесте ең алдымен, басшылық құраммен өткен «Алдаспан-2020» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу қорытындысы шығарылды. Аталмыш оқу-жаттығуды өткізу барысында алынған тәжірибені белсенді енгізуге нұсқау берілді. Бұл, ең алдымен, әскерлер тобын қолдану формаларына, бөлімшелердің іс-қимыл әдістеріне және бағынысты күштер мен құралдарды басқарудағы органдар жұмысына қатысты болмақ.

Жеке құрамды ауыстыру үшін арнайы операциялар барысында әскери-көлік авиациясын пайдалануды жетілдіру жолдары белгіленген. Қазіргі уақытта  тікұшақтардан ғана емес, Қазақстан армиясының қару-жарақ құрамындағы Си-295 ұшақтарынан да парашютпен десант түсіруге мүмкіндік беретін шаралар қабылдау тапсырылды.

Десанттық-шабуылдау әскерлері мен Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы алдағы ірі іс-шаралар жоспарларын толық және сапалы іске асыру жөнінде тапсырма алды. Бұл Тілендиев ауылындағы оқу орталығында өтетін кешенді бітімгершілік оқу-жаттығуы мен «Алтын жебе» арнайы операциялар күштерінің компоненттерін тексеру. «Іс-шаралар барысында оңайлатуға жол беруге болмайды, барлық оқу-жауынгерлік міндеттер толық көлемде орындалуы тиіс», - деп атап өтті Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев.

Кеңесте полигондарда атыс пен оқу-жаттығуларды өткізу кезінде әскери қызметшілер мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шараларды енгізу жөнінде нұсқау берілді. Қоршау мен бақылаушыларды шығарумен қатар, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып, оқу-жаттығу алаңдары мен іргелес аумақтарды шолу мен бақылау жүргізу, ал мәліметтерді нақты уақытында атыс пен оқу-жаттығу басшылығына шаралар қабылдау үшін беру жоспарлануда.

Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасының бастығы Қорғаныс ведомствосы басшысының жұмыс сапарының нәтижелері бойынша қабылданған шаралар жөнінде баяндады. Барлық гарнизондардағы қазандықтар мен құбыр желілері қысқа толық дайын. Сонымен қатар, қараша айында аяқтау жоспарланған ғимараттарды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Осыған байланысты жүйелі шаралар, соның ішінде қиындықтарды болдырмау үшін нормативтік-құқықтық шаралар әзірленуде. Атап айтқанда, бұл әскери нысандарда жұмыс істеуге рұқсат беру тәртібіне, мердігерлерді таңдау кезіндегі конкурстық рәсімдерге, сондай-ақ осындай жұмыстарды ұйымдастыру үшін бірыңғай операторды айқындауға қатысты болуға тиіс.

Қарулы Күштер басшылығына Тыл және қару-жарақ бастығы жеке құрамның қысқы киім-кешекпен, ал әскери техниканың жанар-жағармай материалдарымен толық қамтамасыз етілуі туралы мәліметтерді ұсынды.

Қарулы күштерде әскерлерді қорытынды тексеру мерзімі белгілі болды. Қорытынды тексеру 5-16 қазан аралығында өтпек. Оған жеке құрамның 100% қатысады. Әрбір әскери қызметші нормативтерді орындау, сынақтар мен тест тапсыру қорытындылары бойынша өзінің кәсібилігі негізінде бағаланады. Бөлімшелердің жауынгерлік қабілеттілігі мен үйлесімділігі, командирлердің жеке құрамды басқара білуі есептік кезеңде өткізілген оқу-жаттығулардың нәтижелері бойынша бағаланатын болады.