Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2020

Арқалық құс фабрикасы карантинге жабылды

370 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Арқалық құс фабрикасы Қостанай облысы әкімінің қаулысымен карантинге жабылып, уақытша жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Egemen.kz

Арқалық құс фабрикасы карантинге жабылды

Бір жетінің ішінде мұнда 296 мың 446 құс қырылып қалған. Фабрика орналасқан Арқалыққа қарасты Родина ауылында да карантин жарияланды. Қазір құс фабрикасындағы өлген құстар өртеліп, дезинфекциялау жұмыстары жүріп жатыр. Родина ауылының шекарасына тосқауыл бекеттері қойылды. Кірген-шыққан тұрғындар қадағалауға алынып,  жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Карантин аймағынан құс еті мен жұмыртқа алып шығуға тыйым салынды.

"Бүгінгі таңда облыстағы  жеке секторларда барлығы 3284 бас құс өлді. 4 ауылдық елді мекенге облыс әкімінің шешімімен карантин жарияланды. Баспасөз беттерінде республика бойынша ең көп құс қырылған аймақ Қостанай облысы деген ақпарат жүр. Бұған себеп болып отырған Арқалыққа қарасты Родина ауылында орналасқан "Агроинтерқұс" жауапкершілігі шектеулі серіктестікке тиесілі құстардың қырылуы. Негізінде жеке секторды бөліп алатын болсақ, бүгінге дейін 3284 бас құстың өлімі тіркеліп отыр.  Біздің көрсеткішімізді көтеріп жіберіп отырған сол жалғыз кәсіпорын. Соңғы мәлімет бойынша, Арқалық құс фабрикасында өлген құстың саны 296 мың 446 бас. Оған жеке секторда өлген құсты қосатын болсақ, облыста қырылған құстың саны 299 730-ға барып", тіреледі деді ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Бекет.

Құс тұмауы дертінің қоздырғышын негізінен суда жүзетін жабайы құстар тасымалдайды екен. Бірақ  өзен-көлдерді тексеріп шыққан мамандар жабайы қанаттылардың өлігі көзге шалынбағандығын айтады. Мұның сыртында, құс тұмауы белгілерінің торғай, көгершіндерден табылғаны туралы мәлімет бар. Арқалық құс зауытында құс азығын,  жем қоспаларын дайындайтын цехтарға ауру торғай немесе көгершін кіріп кетуі мүмкін, құстардың қынадай қырылуы содан болуы  мүмкін деген болжам бар.

Аймақтағы 4 ірі құс фабрикасын қосқанда Қостанай облысында жалпы саны 5 млн 52 мың құс бар. Ауылшаруашылық кәсіпорындары 2 миллионның үстінде құс бағып отыр. Жеке  шаруа қожалықтарында 32 мың, ал жеке секторда 2 млн 900 мыңның үстінде құс бар.

Қазір облыс аумағында бекітілген ережеге сәйкес, індеттің таралу қаупі бар буферлік зона анықталып, індет ошағының айналасында 20-25 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекендердің құстарына міндетті түрде вакцина егу жұмыстары басталды.

"Бүгінгі таңда біз құс тұмауына қарсы 366 мың 218 доза вакцина алдық.  Бұл Отар қаласындағы обаға қарсы станцияда жасалған өзіміздің отандық вакцина. Өте тиімді вакцина екенін көрсетіп отыр. Жеке секторларда 138 мың 393 бас құсқа вакцина егілді отыр. Құс фабрикаларындағы 196 мың 286 бас құсты қосқанда, барлығы 334 679 құсқа вакцина егілді. "Сақтансаң, сақтайды" демекші, облыстағы "Жас қанат", "Север Птица" сияқты ірі құс фабрикалары қауіпті аймаққа енбесе де індеттің алдын алу мақсатында өз қаржыларына вакцина сатып алып, егу жұмыстарын жүргізіп жатыр", деді ветеринария басқармасы басшысының орынбасары.

Ал Арқалықтағы  "Агроинтерқұс"  барлығы 500 мыңның үстінде құс бар. Мұндағы қырылған құстарды өртеу, дезинфекциялау барысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты аумақтық инспекцияның бақылауымен жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарды Қостанай облысында орналасқан республикалық эпизотиялық отрядтың филиалы атқарып жатыр.    

"Індет ошағына айналған құс фабрикасындағы құстар тегіс жойыла ма, әлде сау қалған құстар қала ма?" деген мәселені ветеринариялық комитет шешеді.

29-қыркүйекте өңірлік коммуникация қызметінде баспасөз жиынын өткізген Арқалық қаласының әкімі Қайрат Әбішев "Агроинтерқұс" серіктестігіндегі құс қырғынына қатысты сауалға жауап берді.  

"Бүгінге дейін 360 мыңнан астам құс қырылып қалды. Өлген құс түгел жойылып, акт құжаттары толтырылды. Арқалық құс зауытына республикалық бюджеттен өтемақы төленеді. Құс қырылып қалды екен деп, кәсіпорын жұмысын тоқтатпайды. Бұл фабриканың Арқалық тұрғындары үшін маңызы зор. Өйткені 250 адамды жұмыспен қамтып отыр. Таяу күндері тазалау, дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Ал Қазан айының соңына таман жаңадан құс әкелеміз. Кәсіпорынмен бірлесе отырып, 3-4 айдың ішінде құс санын қайта қалпына келтіреміз. Жұмысшылар қысқармайды", деді Қайрат Әбішев.

Ветеринар мамандар құс тұмауы індетінің Қостанай облысында бұрын-соңды болмағанын айтады. Бүгінде облыстың 8 ауданына қарасты 59 елді мекенде 129 ветеринар маман вакцина егу жұмыстарымен айналысып жатыр.  

Сонымен қатар республикалық эпизотиялық жасақ індет ошақтарына айналған мекендерді дезинфекциялап, құс өліктерін өртеп, құсынан айырылған отбасылардың тізімін жасауда. Бұл тізімді кейін облыста құрылған арнайы комиссия қарап, тауығынан айырылған 2384 үйге  республикалық бюджеттен өтемақы төленетін болады.

Алайда Арқалық құс фабрикасындағы қырылған құстарды нақты саны туралы мәліметтерде бірізділік жоқ. "Агроинтерқұс" серіктестігі өкілдерінің  айтуынша, бүгінге дейін 414 мың құс қырылып қалған.