Пікір • 30 Қыркүйек, 2020

Мемлекеттік қызмет мұраты – әділдік

727 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының 1 қыркүйекте жария еткен «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы ауқымы жағынан да, алға қойған жоспарлы шаралар жағынан да ел дамуының жаңа кезеңі үшін маңызды құжат болып отыр.

Мемлекеттік қызмет мұраты – әділдік

Жолдаудың басым бағыттары елі­міздің экономикалық ахуалын қалпына келтіріп, халықтың əлеуметтік жағдайын арттыруға, əділетті басқару жүйесін қа­лыптастыруға арналған.

Халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін жақсарту, олардың құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту туралы Президенттің берген тапсырмалары алдағы уақытта еліміздің жаңаша дамуына қарқын беретіні анық.

Жолдауда айтылған негізгі бағыт­тардың бірі мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін құруға қатысты  болып отыр. Пандемия кезінде қашықтан жұ­мыс істеу мемлекеттік аппаратты оңтайландыруға болатынын көрсетіп берді. Осыған орай, Жолдауда Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметкерлер санын қысқарту арқылы мемлекеттік қызмет жұмысын жетілдіруді тездетіп қолға алуды тапсырды. Биыл мемлекеттік қызметшілер санын 10 пайызға, ал 2021 жылы 15 пайызға қысқарту жоспарлануда. Мұны жүзеге асыруда қызметтерді цифрландырудың тиімді жақтары да қолданылады.

Мемлекеттік аппаратты оңтай­лан­дырудан үнемделген қаражат қалған мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеруге бағытталады. Осы тұста Мем­лекет басшысының Жолдаудағы «Еңбек­ақысы аз мемлекеттік қызметтің қоғам үшін пайдасынан зияны көп. Бұл мəселеге жете назар аудармау кері кетуге, біліктілік пен бастамашылдықтан айырылуға, сондай-ақ ең сорақысы, жемқорлыққа əкеп соқтырады», деген пі­кірі мемлекеттік қызметшінің бәсе­кеге қабілетті болуы үшін нарықтың сұра­нысына сай еңбегін бағалаудың қажет екенін айқын көрсетіп тұр. Яғни ел Пре­зиденті бүгінгі күн шындығының тамырын дөп басып отыр. Бұл пікірлердің бар­лығы біздің алдағы жұмысымызда еске­рілетін болады. Осы орайда айтыл­ған мəселелерді шешу үшін 2021 жыл­ғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызмет­шілердің жалақысы факторлық-балдық шкала негізінде төленбек. Бұл мемлекеттік қызметшілердің құлшынысын арттырып, жауапкершілігін нығайта түседі деп күтілуде.

Жолдауда айқын көрсетілгендей, «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» – шын мəнісінде, «Əділетті мемлекет» құруға бағытталған идея. Сондықтан «мем­лекеттік қызмет қол жетпейтін жа­бық кастаға айналмауға тиіс» деп Пре­зидент мемлекеттік қызметті қайта құру қандай бағытта жүру керектігін нақты белгілеп берді. Барлық мемлекеттік ор­гандар осы көзқарасты берік ұстана оты­­­рып, алдағы уақытта жұмыс жасауы тиіс. Əділдік болмаған жерде қоғамда үн­дестік болмайтынын, халық сеніміне ие болудың мүмкін еместігін түсінуіміз қа­жет. Адамдардың наразылығын тудыратын да осы əділдіктің ескерілмеуі. Олай болса, азаматтардың мəселесін шешу­де дұрыс жəне əділ шешім шығару мем­лекеттік қызметшінің басты ұстанымы болуы маңызды.

 «Əділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Əділеттілік – əсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет», деп Президент атап өткендей, әділдікке ұм­тылу – барлық қоғам мүшелеріне ортақ құндылық болуы шарт. Түбі адамды адам ететін басты сипаттардың бірі осы – əділет. Кезінде Абай атамыз да адам­ды адамшылыққа жеткізетін махаббат пен əділет екенін айтып кетті емес пе?!. Жолдауда айтылған өзекті пікір «Жа­уап­ты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесін берік орнату бүгінгі күні əділетті мемлекет құрудың шарты болмақ.

Əділдіктің жауы жалғандық. Жал­ған­дық туралы халқымыз «қырқын мін­сең де қыр астырмайды...» деп айтып кеткен ғой. Жолдауда айтылған білімді болу, ерінбей еңбек ету, кез келген істі кəсіби дағды арқылы жүзеге асыру, адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық адам капиталын қалыптастырудағы бас­ты құндылықтарымыз болуы керек. Осы қасиеттерге тоқтала келе, Мемлекет басшысы: «Бəріміз нағыз қазақты дəл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бəсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз», деп қоғамға бой түзеп, өркениетті ұлт болу бағдарын көрсетіп берді. Əр мемлекеттік қызметкер əділдікті ту етіп ұстанса, қоғамдағы келеңсіздіктер шешілер күн алыс емес. Ең бастысы, əділдік бар жерде наразылық, түсінбестік болмайтыны анық.

 

Дархан ЖАЗЫҚБАЕВ,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары