Сұхбат • 30 Қыркүйек, 2020

Жигули Дайрабаев: Фермер Үкіметтің емес, Үкімет фермердің соңынан жүруі керек

1140 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

10 мыңнан астам фермердің басын біріктіріп отырған одақтың төрағасы Жигули Дайрабаев жуырда автокөлікпен еліміз­дің біраз аймағын аралап, ауылшаруашылық секторын­дағы ахуалды көзімен көріп келді. Шаруалар қауымын алаңдататын қандай проблемалар бар? Оны шешудің жолдары қандай? Фермерлер одағының төрағасына осы тектес сауалдарды қойып, сапар барысында көрген-түйгендері туралы сұраған едік.

Жигули Дайрабаев: Фермер Үкіметтің емес, Үкімет фермердің соңынан жүруі керек

– Бұл сапарға шыққандағы мақсатыңыз не?

– Жалпы Қазақстан бойынша 230 мыңға жуық түрлі агро­құ­рылым бар. Оның ішінде шаруа қожалықтарының саны 212 мыңға жуықтайды. Оның 16 500-і әртүрлі аграрлық фирма, кооперативтер. Есігінің алдындағы шағын қора-қопсысында азын-аулақ малын ұстап, бау-бақ­ша­сын өсіріп отырған қосалқы шаруа­шылықтардың саны күні кеше Президент Қ.Тоқаев айтқандай,  1 млн 700 мың шамасында.

230 мыңдай агроқұрылым­ның әрі кетсе 10-15 пайызы ғана аяғы­на нық тұрған, әлеуеті мол шаруа­шылықтар. Басым көп­шілігі ұсақ шаруашылықтар. Ұсақ болса да, республика бойынша өндіріле­тін өнімнің 85 пайы­зын солар беріп отыр. Яғни бүкіл елді етпен, сүтпен, нанмен, жеміс-жидек, көкөніс, басқа да өнімдермен асы­рап отырған солар. Менің бұл сапар­дағы мақсатым – ша­ғын ша­руашылықтарды аралап, жұмысын көріп, мұң-мұқ­та­жын білу болды. Жер-жердегі ат­қару­шы билікті мақтау немесе даттау туралы ойым жоқ. Ша­руалардың жай-күйіне назар аудар­ту арқылы оларға деген қоғам­ның көзқарасын, жергілікті атқарушы биліктің фермерлер қауымына деген ұстанымын жақсы жағына өзгерткім келді.

Орынбасарым екеуміз 10 күн ішінде 7 мың шақырымға жуық жолды Ақмола облысы­нан бастап, 6 облыстың 23 ауда­нын­дағы 49 шаруашылыққа бар­дық. Ақмоланың Атбасар, Аст­рахан, Жақсы, Есіл сияқты аудан­дарындағы егін орып, мал азығын дайындап жатқан ша­руашылықтардың жұмысымен таныстық. Олардан не жетпей жатқанын, қандай проблемалары бар екенін сұрап білдік. Өзім әлеуметтік желіде белсенді болмасам да, күн сайын фейсбук арқылы жұртшылыққа есеп беріп отыруға тырыстым. Одақтың ресми сайтында да тұрақты түрде тиісті ақпарат жарияланып тұрды.

– Сонымен 10 күндік жолда не көріп, ойыңызға не түйдіңіз?

– Сізге және оқырманға түсі­нік­ті болуы үшін рет-ретімен баян­дауға тырысайын. Алдымен Ақмоланың шаруашылықтары­на бардық дедім ғой. Астрахандағы «Ырысты-Астық» серіктестігінің басшылары кәдеге жарату алы­мы­ның көтерілгеніне байланыс­ты комбайнның бағасы 330 мың доллардан 390 мың долларға қым­баттап кеткенін айтты. Дизель отыны көктемде 165 теңгеден болса, күзге қарай литрі 172 тең­геге жетіпті. Жанар-жағармай опе­­­ра­торымен, несие беретін банк­­­термен жұмыс істеуде проб­ле­малар бар екенін жеткізді.

«Қазахметов Т.С.» ЖШС өкіл­­дері қаражат жетіспей жат­қанын, техника қымбат екенін айтты. Шаруашылықты үл­кейту­ге басы артық жер жоқ. Ұзақ мер­зімді несие алуға фермер­лер­дің мүмкіндіктері аз.

Жақсы ауданындағы «Агро­фирма Астана ТАН», «Төлегенов» сияқты серіктестіктер Баягиз ауылының жанындағы Қызылсай деген өзеннің бөгетін жөндеуге жыл сайын 1,8 млн теңге жұм­сайды екен. Яғни облыстың немесе ауданның есебінен жөнделуге тиіс бөгетті өз қаражатына жыл сайын жөндеуге мәжбүр.

1

– Шаруашылықты ұлғай­тайын десе жер жоқ дедіңіз. Негізі игерілмей жатқан да жерлер бар емес пе?

– Ондай да проблема бар. Басқа емес, дәл осы шаруаларға жер жетпей жатқан облыста да кездеседі ондай фактілер. Мысалы, Есіл ауданында 90 мың гектар егістікке арналған алқап, 35 мың гектар жайылымдық жер пайдаланылмай бос жатыр. Шағын бизнесті тексеруге мораторий жариялануына байланысты ол жердің иелерін тексеру қиын.

Осы аудандағы Двуречный ауылына дейін 5 шақырымнан астам жол өте нашар, тез арада жөндеуді қажет етеді. Ауыл мен аудан орталықтарының ішін­дегі жолдардың жайы да сол ша­ма­лас. Елді мекендерде қа­ңы­рап бос тұрған үйлер, құ­лап қалған нысандар көп. Мен мұны неге айтып отыр дер­сіз? Жол инф­рақұрылымы ауыл ша­руа­шылығын дамытуда аса маңыз­ды рөл атқарады. Екін­шіден, құла­зыған ауылда адам тұрақ­та­май­ды, яғни аграрлық сектор маман тапшылығын көреді деген сөз.

Ақмоланың аудандарын ара­лағаннан кейін одан әрі Қос­танай облысына астық. Бұрын Торғай облысының орталығы болған Арқалық қаласының маңында шаруа қожалықтары аз емес. Ондағы шаруалардың негізгі жанайқайы – несие алған кезде кепілге қойған үйдің де, жердің де тым арзан бағалануы. Мысалы, үй 6 млн теңге тұрса, 3 млн-ға бағаланады. Жердің бонитет балы 32 болса – 23 деп көрсетіледі. Субсидия шаруаларға жетпейді, «ақша бітті» деп фермерлердің өтінімдерін қабылдамай қояды. «Қолдау» жүйесін пайдаланғаны үшін 31 мың теңгені өз қалталары­нан төлейді екен.

– «Қолдау» шаруаларды ақ­парат­тық қолдау үшін 2-3 жыл бұрын енгізілген жүйе емес пе?

– Иә, ол мемлекеттің аграршыларды қолдауы үшін арнайы жа­салған жүйе, онда неліктен шаруа­лардың есебінен ақша табуы керек екені түсініксіз. «Астық қол­хат­тарын тіркеушінің де қыз­­метіне 58 мың теңге береміз» дей­­ді шаруалар. Бұл баға қайдан кел­­ген?! Жаңағы ақпараттық жүйе­­нің иесі «Ақпараттық есеп ор­та­­лы­ғы» АҚ 100 пайыз Үкі­мет­­тікі бол­са, қызметі де тегін болуы керек деп ойлаймын. Бұл қыз­метті одан да e-gov атқарып, оның иелігін Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігіне берген дұрыс.

Аманкелді, Жангелдин аудан­дарын аралап, шаруалармен кез­дестік. Торғай жері керемет құнарлы, белуардан келетін қалың шөп жайқалып тұр. Аң-құс өріп жүр, өзен-көлінде балық көп. Мал шаруашылығына да, егінге де, бақша өсіруге де, құс, балық өсіруге де қолайлы жер. Бірақ жол нашар, тіпті жоқ деуге болады. Ең болмаса қиыршық тас та төгілмеген. Өзендерінде көпір жоқ, бөгеттері бұзылған немесе ескіріп бұзылудың алдында тұр.  Мысалы, Амангелді ауданы Шақпақ ата ауылында «Едрес ата», «Кәусар» деген шаруашылықтар бар. «Едрес ата» шаруа қожалығының басшысы Марат Едресов деген азамат­пен Нұр-Сұлтанда жүздесіп, ай­мақ­тың мұң-мұқтажы туралы ес­тігенмін. Осы жолы өзім көр­дім. Шақпақ ата ауылына дейін 7 шақырымнан астам жер­ді даланың қара жолымен жүрдік. Жол деген атымен жоқ. Яғни көліктер күз бен көктемде батпаққа батады, қыста қалың қарды жарып жүру мүмкін болмайды, байланыс үзіледі деген сөз. Ауылдағы өзенде өткел жоқ, 2 көпір салу керек. Әйтпесе бұл жақтың халқы көктемде су тасыған сайын біраз уақыт ауданға да, қалаға да қатынай алмайды, тасыған судың арыны қайтқаннан кейін ғана паром салып, жаяу-жалпылап өтеді.

– Байланыс қиын болса, мал өнімін қалаға жеткізу де қиын болар?..

– Әрине, қиын. Жаңа айтып өт­кенімдей, жол инфрақұры­лы­мын дамытпаса, аграрлық өнім­нің көлемін де, сапасын да арт­­­тыра алмайсыз, бағасын түсі­ру де мүмкін емес. Соның салдары­­нан өнімді маңдай терін төгіп жү­ріп өндірген фермерлер де, оны тұтынушылар да зардап шегеді.

«Кәусар» шаруа қожалығы малды Арқалықтағы «KazBeef» деген фирмаға өткізеді екен. Мал­дың 1 кило тірі салмағының ба­ғасы 750 теңге, өте арзан. Ша­­руа­­шы­л­ықтың негізгі проб­лемасы – өні­мін сатып алушы жоқ, ала­­тын­­дар арзанға баға­лайды. Мал­­шыларға ең жақын бор­дақы­лау алаңы 350-400 шақырым жер­де орналасқан. Сол себепті дел­дал­дар түкке тұрмайтын арзан баға­мен малын алып кетеді. Етті, сүт­ті өңдейтін кәсіпорындар жоқ.  Ша­­руа­лардың сөзіне қарағанда, «Аг­рар­лық несие корпорациясы» мен ҚазАгроҚаржы» дұрыс жұ­мыс істемейді, адамдармен дұрыс­тап сөйлеспейді, несиені 3-6 ай бойы шаруаларды күттіріп бір-ақ береді.

– Қостанай облысынан әрі қай өңірге жол тарттыңыздар?

– Аманкелді, Жангелдин аудан­дарынан әрі қарай Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына дейін 300 шақырым жолсызбен жүрдік. Жол салуға қажетті тас, құм, цемент сияқты материалдың бәрі өзімізден шығады, екі облыс­тың ортасына сапалы жол тартуға болар еді ғой. Бұл үшін адами көз­қарас қана керек.

Ырғыздың Байшегір деген ауылы аудан орталығынан 90 шақырым жерде екен. Мұнда да жол жоқ, кәдімгі даланың қа­ра жолы, қиыршық тас та тө­се­л­меген. Далада шөп шауып жүр­ген Еркін Қалабаев деген жігітті тоқтатып, әңгімеге тарт­­тық. Астында жетпісінші жыл­­­дары шыққан ескі трактор. «Күн­көрістің қамы, мал азы­ғын дайындап жатырмыз» деді. 90 шақырым жердегі аудан орта­лы­ғына ауылдан автобус та қаты­на­майды. 40 үйлі ауылда 9 сы­нып­тық мектеп бар екен, жоғар­ғы сыныптағы балалардың бас­қа жаққа қатынап оқуы қиын. Мектебі жоқ ауылға адам тұрақ­тамай­ды, сосын тағы маман тапшы дейміз.

Осы аудандағы «Н-Сыдық» ша­руа қожалығының өкілдері­мен кездестік. Малмен, балық өсіру­мен айналысады. «Көлге су аз келеді, шлюз болмағандықтан Қыл­қожа бөгетіне су тоқтамайды, сол жерге шлюз салу керек» дей­ді. Су аз болған соң балық та аз.

Түйіп айтсам, бұл облыста да фермерлер шаруашылығын кеңейтейін десе, жер тапшы. Кей фермерлердің шаруашылық басына салған үйлерінің құжаты дұрыс болғанымен, жалғыз үй деп мекенжай бермейді, мекенжайы жоқ үйге жұмысшыларды тіркеуге тұрғыза алмайды.

Кейбір малқоралар «Батыс Еуропа – Батыс-Қытай» тас жолына бір-ақ шақырым жерде ор­наласқан, малды жолдан жиі өт­кізеді, оны көлік қағады. «Мал өтетін жерлерге «Абайлаңыз...» деген сынды белгілер қойылса екен» деген өтініштерін айтты.

Аграрлық секторды заман талабына бейімдеу керек екені түсінікті. Ақтөбе қаласындағы «СХФ Прогородный» ЖШС өсімдік шаруашылығымен айналысады екен. Бір ғана өтініші бар – тамшылатып суару жүйесін субсидиялағанда түтікшелерге субсидияны бөлек берсе, жыл сайын бөлсе дейді.

– 6 облыстың 23 ауданын­дағы 49 шаруашылыққа бар­дыңыз. Түйіп айтсақ, шаруаларды алаң­датып, жұмысқа қол­бай­лау болып тұрған басты проблемалар не екен?

– Иә, қандай ауданға, қандай шаруашылыққа барғанымның бәрін тізіп шықпай-ақ қояйын. Қы­зылорда, Түркістан, Жам­был об­лыс­тарына барып, сапамыз сонда түйінделді. Фермер­лер­­­­ден «Осынша малың, егі­нің, жерің бар екен. Бұдан да бай шаруашылық құрып, қазір­гі­ден де жақсы тұрмыс үшін, мәде­ниет­ті, бақуатты өмір сүруің үшін не керек? Шаруашылығын ая­ғы­нан нық тұруы үшін қандай қолдау қажет?» деп сұрадым. Бәрінің айтатыны негізгі үш-төрт-ақ мәселе: біріншіден, жол инфрақұрылымын жақсартуды сұрайды. Өнімін тасымалдауға жол керек, алған көлігімен адам сияқты жүруге де жол керек.

Екіншіден, ұзақ мерзімге арзан­датылған несие керек. Жам­был облысында Асқар Мыр­зах­метовтің кезінде қанатқақты жоба басталды, 50 мың адамға 2,5 пайызбен несие берілді. Қазір 11 ауылдық округтегі несие алған адамдардың бәрі жеке шаруа­шы­лығын дамытып жатыр. Осы жобаны облыстың қазіргі әкімі Бердібек Сапарбаев та қолдап, әрі қарай дамытуға ниетті екенін айтты. Меніңше, бұл қанатқақты жобаны республикаға тарату керек.

Үшіншіден, субсидиялау жү­йе­сін жетілдіру керек. Қазір қо­сал­қы шаруашылықтар суб­си­­дия ал­майды. Басқа да кем­ші­­лік­тері аз емес. Төртін­шіден, ма­ман тапшы. Саладағы проб­ле­­ма­л­ар­дың бәрі осы төр­теуі­нен ке­ліп туындайды. Ай­та­лық тех­ни­каны жаңарту үшін қар­жы керек – несие алу қиын. 70-80 жыл­дардағы трактор, комбайн, тұ­қым сеп­кіштер, шөпшап­қыш­тар әлі жүр. Шаруа тезірек малын семір­тіп, тұқымын сеуіп, егінін өсі­ргісі келеді – бірақ қажетті суб­сидия алу қиын. Солай мәселе күр­де­ле­не береді. Негізі шаруа суб­си­дия, кредит, дизельд­ік отын бер деп Үкіметтің арты­нан емес, Үкімет соның бәрін ұсы­­нып ша­руа­ның артынан жү­гі­руі керек. Себ­е­бі өнімді беретін, ел­ді асырайтын солар. Ауыл ша­руа­шы­лығы да­мы­ған елдердің бәрінде солай.

– Кеңес кезінде еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілетін. Қазір ше?

–   Шынында 19 млн халықты асырап, артылғанын экспорттап отырған қауым ерекше сый-құрметке лайық. Бірақ соны ел түсінбейді. Еңбеккерлермен кездескенде әрқайсысының қолын алып, бүгінгінің нағыз жұл­дызы со­лар екенін айтып еңсе­лерін көтеруге, рух беруге тырыс­тым. Үкі­меттің аграрлық саясат­ын тү­сін­­дірдім, Президент Қ.То­қаев­­т­ың Жолдауында салаға қан­­ша­­лықты маңыз берілгенін жет­кіз­дім. Осы сапар барысында өзім­ көрген проблемаларды, шаруалардың өтініштерін, жанай­қайын, оны шешудің жолдарын хатқа түсі­ріп Президент Қ.Тоқаев пен Ауыл ша­руашылығы министрі С.Ома­ров­тың атына хат әзірледім.

Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Яғни мемлекеттің негізгі мақ­саты – адамға жағдай жасау. Конс­титуцияда айтылғандай, елі­міз­дің басты байлығы – адам, біз­дің баға жетпес капиталымыз – осы елдің халқы. Өкінішке қа­рай, оптимизация, урбанизация деген ұранмен көп жағдайда мәсе­ленің қаржылық және эко­но­микалық жағына баса мән бері­ліп, адамдардың тағдыры екін­ші кезекке қалып қойып жатыр. «Болашағы жоқ ауылдар» де­ген термин шыққанына да біраз болды. Бұл тіркесті сөздік қоры­мыздан, қолданыстан мүлде алып тастау керек. «Болашағы жоқ» деп жүздеген ауылды санаттан сызып тастау қазақтың болашағы жоқ деу­мен бірдей. Өкінішке қарай, сол саясаттың кесірінен 1 100 ауыл жабылды. Ауылда екі қазақ қалса да жол салып, су тартып, тұрмысын жақсартудың амалын ойлау керек.

Қостанайдың Амангелді, Жангелдин аудандарына бар­ғанда түн ортасы болғанына қара­май, Ахмет Байтұрсынұлы, Әліби Жан­­­гел­диндердің музейіне соқ­тық. Уақыт тығыз болса да аял­да­­май кетуге дәтіміз шыдамады. Алашт­ың зиялылары елдің не­гіз­гі тір­шілігі, экономиканың ті­регі ауыл шаруашылығы екенін ай­тып, са­ланы дамытудың да жай-жап­­сарын айтып кетті ғой. Ша­руа­лардың жай-күйін, ауылдағы ағайынның тыныс-тіршілігін көр­генде біз сол аталарымыздың аманатын адал орындап жүрміз бе деген ойға кеттім.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Арнұр АСҚАР,

«Egemen Qazaqstan»