Медициналық маска шығару
Отандық кәсіпорындар тәулік сайын 900 мың маска шығарады. Қоймаларда 15 млн маска бар, оның 10 млн данасын «СК-Фармация» ЖШС жеткізеді. Кәсіпорындар тауарды жөнелтуге дайын.
Медициналық перчатка шығару
Күн сайын 330 мың жұп перчатка шығарылады. Қоймаларда 7 млн астам жұп перчатка бар. Ағымдағы жылдың қараша айында өндіріс қуаты тәулігіне 530 мың жұп перчкаткаға дейін ұлғайтылады. Қорғаныш костюмдерін шығару Бүгінде 6 отандық компания айына 504 мың қорғаныш костюмін шығарады. Жыл соңына дейін олардың қуаты 1 млн дейін артады.
ӨЖЖ аппараттары бойынша
«Нұр-Сұлтан қаласының медициналық мекемелеріне 129 ӨЖЖ аппараты жеткізілді. Өндірісте және стендтік сынақтарда 1190 ӨЖЖ аппараты бар, олардың 181 бірлігі жөнелтуге дайын. Ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап Алматы және Шымкент қалаларына жеткізу жоспарлануда. Қалған аппараттар 10 қазанға дейін Қазақстанның 17 өңіріндегі 297 ауруханаға жеткізіледі», — деді Б. Атамқұлов.
Жедел жәрдем көлігі бойынша
Қазақстан зауыттарында 360 жедел жәрдем машинасы шығарылды, оның 93-і ел өңірлеріне - Алматы, Нұр-Сұлтан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына жеткізілді. Бүгіннен бастап қалған 264 көлікті жеткізу басталады. Жалпы, осы бағдарлама аясында 5 қарашаға дейін 1 167 бірлік санитарлық көлік жеткізіледі.
Жылжымалы медициналық кешен бойынша
Бүгінгі күні 12 жылжымалы медициналық кешен дайындалды. 1 қазаннан бастап өңірлерге жеткізу басталады. 10 бірлік көлеміндегі алғашқы партиясы Қостанай қаласына барады. Жалпы, өндіруші осы жылдың 15 қазанына дейін барлық жылжымалы медициналық кешендерді жеткізуді қамтамасыз етеді.
53 рентген аппаратын сатып алу бойынша
«Жергілікті атқарушы органдар «Ақтөбрентген» АҚ-мен 49 бірлік рентген аппаратын өндіруге келісімшарт жасасты. Сондай-ақ, 2 өңірмен тағы 4 бірлікке келісімшарт жасасу жұмысы жүргізілуде. Алғашқы 20 аппарат қазан айының басында Қостанай және Ақтөбе қалаларына жеткізіледі. Қалған аппараттарды жеткізу ағымдағы жылдың 30 қазанына дейін аяқталады», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.
Дәрі-дәрмектер бойынша
Еліміздің фармацевтика саласында 33 компания жылына 3,9 млрд дана таблетка мен капсула көлемінде 922 дәрілік препарат шығарады. Пандемияның екінші толқыны туындайтын болса, фармацевтика саласының кәсіпорындары дәрілік заттардың қажетті көлемімен қамтамасыз етуге дайын.