Парламент • 30 Қыркүйек, 2020

Сенаторлар ауыл әкімдіктері бюджетінің қалыптасуын зерделеуде

129 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кейінгі кезде ауыл әкімдіктері өз бюджеттерін қалыптастыру мен басқаруға мүмкіндік алып отыр. Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінде ауыл әкімдіктерінің бюджетін қалыптастыру мен басқару тетіктерін жетілдіру қажет ететіні айтылған болатын. Іс жүзінде бұл салада бірқатар қиындықтар көрініс табуда. Сенаторлар осыған байланысты жергілікті жерлерде ауылдық округтер бюджетінің қалыптасуын көру және оның күрделі проблемаларды шешуге жеткілікті болуын зерделеу үшін аудандарда сапарда болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлар ауыл әкімдіктері бюджетінің қалыптасуын зерделеуде

Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина Ақмола облысындағы Аршалы ауданы басшылығымен кездесуде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауылдық бюджеттерді пайдаланудың жаңа сипатын 2012 жылы бекіткенін айтты.

"2012 жылы бекітілген Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасының негізгі міндеттерінің бірі – ауыл әкімдіктерінің бюджетті өздері қалыптастыруы мен оған иелік етудегі қаржылық және экономикалық дербестігін кеңейту болды. Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында да жергілікті билік органдарына бюджеттік дербестік беру туралы айтты", деп атап өтті Ольга Перепечина.

Төртінші деңгейдегі бюджет ауыл әкімдіктеріне орталық органдардан тәуелсіз болуға, ауыл проблемаларын өздері шешетіндей бюджетті дербес қалыптастыруға және бөлуге мүмкіндік береді. Осының бәрі ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін ескеруге, сол арқылы ауылдағы өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Дегенмен, сенатор Ольга Перепечинаның айтуынша, тәжірибе көрсетіп отырғандай, жергілікті жерлерде төртінші деңгейдегі бюджетті енгізу кезінде сұрақтар мен проблемалар туындап отыр. Олардың ішінде жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттерінің теңсіздігі, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларының оқшаулығы және басқа да мәселелер бар.

Бюджеттің теңсіздігінің негізгі себебі – ауыл бюджеттерінің өз кірістерімен қамтамасыз етілудің төмендігі және ол жаппай орын алып отыр. Осылайша, ауылдық округтердің шығыстарын қаржыландырудың негізгі көзі жоғарғы бюджеттерден берілетін субвенциялар мен нысаналы трансферттер болып қала береді.

Сенаторлардың пікірінше, осы саладағы проблемаларды егжей-тегжейлі зерделеп, оларды жою үшін тиісті шаралар қабылдау қажет.