Саясат • 01 Қазан, 2020

Заңы үстем қоғам ізгі

257 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Жолдауында қарапайым азаматтардың құқығын қорғау мәселесіне баса назар аударылып, халық мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу қажеттігі айқындалды. Бұл тұрғыда құқық қорғау саласы мен сот жүйесіне жауапты міндет жүктеліп отыр. Мемлекет басшысы сот органдарына «азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз» екенін меңзеп, «ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығара білу керектігін» тағы бір шегелеп тапсырды.

Заңы үстем қоғам ізгі

 

Осыған орай, Қостанай об­лыс­тық сот төрағасымен, мемле­кеттік қызмет істері жөнін­дегі департамент басшысымен және әділдік іздеп есіктен есік тоз­ды­рып жүрген бірер азамат­пен әң­гімелесіп, аймақ тұр­ғын­дарынан түскен түрлі маз­мұн­дағы арыз-шағымдардың қанағат­тандырылу жағдайы туралы мәселеге бойлап көрдік.

Облыстық сот төрағасы Ас­лам­бек Мерғалиевтің сөзін­ше, Қостанай облысында сот жүйе­сіне деген халық сенімін арт­ты­руға бағытталған біршама мақ­сатты шаралар жүзеге асырылған.

– Президент Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасы сот жүйесіне тікелей қатысты мә­селе. Елімізде біраз уақыттан бері азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігінің қорғалуын күшей­тудің кешенді шаралары қолға алынып, сот және құқық қорғау жүйесінде түбегейлі реформалар жүзеге асырыла бастады. Жаңа заңдар қабылданып, заңнама жүйесі жетілдірілді, судьялардың жеке жауапкершілігі күшейтілді, жаңа кадрлар іріктеліп алынды. Сондай-ақ соңғы уақытта судьялардың әлеуметтік желілер арқылы халықпен тікелей бай­ланысқа шыға бастауы көп­шіліктің сот жүйесіне деген сені­­мін арттыруға ықпал етіп отыр. Әсіресе тұрғындардың құ­қық­тық сауатын арттыру аса ма­ңызды әрі өзекті мәселе бо­лып отыр. Бұл бағытта да көп шаруа атқарылып жатыр. Қоста­­най облысының судьялары жергілікті теледидар эфирін, бас­қа да бұқаралық ақпарат құ­рал­дары мен әлеуметтік желі­лерді пайдаланып, ең өзекті деген құқықтық мәселелерді тұрақты түрде көтеріп отырады, – деді А.Мерғалиев.

Биыл сотқа келіп түсетін талап арыздардың саны да едәуір азая түскен. Бұған процессуалдық заңнамаға енгізілген бірқатар өзгерістер мен медиация арқылы дауларды шешудің сотқа дейінгі міндетті тәртібінің жүзеге асырыла бастауы себеп болып отыр.

Төрағаның айтуынша, қазіргі сот процестерінде азаматтардан келіп түскен талап арыздарға байланысты даулар көп қаралады. Алайда биыл 9 ай ішінде сотқа 16 мың 866 талап арыз тіркелсе, былтыр дәл осындай мерзім ішінде облыстық сотқа 26 мың 554 талап арыз түскен. Яғни өткен жылмен салыстырғанда, биыл талап арыз саны 9866-ға, немесе 36,4 %-ға кеміп отыр.

– Дегенмен тәжірибеде талап арыздардың қанағаттан­дырылуына кедергі келтіретін көптеген жайттар жиі кездесіп отырады. Бұл, әсіресе азамат­тар­дың арасындағы материалдық ауыс-түйіске қатысты. Көбіне өз әрекеттерінің салдарына көз жеткізбей, қолхатсыз, ауызша келісімге келіп қарыз бере салады немесе көлік, баспана сатып алу барысында құжаттарды дұрыс тексермейді. Мұның соңы туындаған даудың әділ ше­шім табуына кедергі болып жата­тын кездер аз емес. Алайда сот бұйрығын шығару туралы өті­ніш­тердің саны биыл 75%-ға азайып отыр. Сонымен қатар банк­тік келісімшарттардан туын­дайтын даулар бойынша келіп түсетін арыздар да 80%-ға кеміді. Бұл өте жақсы көрсеткіш, – деді сот төрағасы.

– Алайда көп азаматтардың шағымы сотқа жетпей, полицияда жатып қалып, іс тұйыққа ті­реліп жатады. Мәселен, Әу­лие­көл ауданындағы Диев ауы­лы­ның тұрғыны Жангелді Бектен­бергеновке қайтыс бол­ған әкпесінен қалған үйді заң­сыз қиратып тастаған аудан­дық мәс­лихат депутатына қа­тыс­­­ты қыл­мыстық іс сол күйі қа­лып отыр. Мәслихат депу­та­ты­­­­­ның тап­сырмасымен әлде­кім­­дер үйін қиратып кеткен Ж.Бек­­­тен­бергенов биылғы 9 мау­­­­­сымда ауыл әкімі мен аудан­дық полиция бөліміне шағым тү­сір­­ген. Кейінірек бұл оқиғаға қ­а­­тыс­­ты облыстық полиция де­пар­­­та­менті­нің баспасөз хатшысы Ири­­на Беженарь «2020 жылғы 9 мау­сым күні Әулиекөл аудандық по­ли­циясының кезекші бөліміне жер­гілікті тұрғын шағым түсірді. Аталмыш шағым бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы, 1-бөлімі бойын­ша қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдікті анықталып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», деген болатын. Содан бері 4 айдан асып кетті, жабулы қазан жабулы күйінде қалып отыр.

– Полициядан жауап болмаған соң, прокуратураға барып, кіре алмадым. Онлайн режімде қабыл­дайды екен. Интернетке кіріп, оны таба алмадым. Қала­дағы қызым келіп, соның көме­гі­мен Бас прокуратураға шағым жаздым. Ол жақтан жергілікті прокуратураға шағым түсіріңіз, біз содан кейін ғана қарай аламыз деген жауап келді. Қызым – қалада, өзім ауылдамын. Содан арыз жазылмай қалды. Үйіміз жартылай бұзылған күйі әлі тұр. Бұзып алып кеткен шатыр мен төбенің материалдарын да ешкім қайтарған жоқ, – дейді Ж.Бектенбергенов.

Өкінішке қарай, әсіресе, шал­ғай ауыл тұрғындарының құқығы қорғалмай, талабы табанасты болып, шағымы полиция органдарынан әрі аса алмай жерде қалып жататын жайттар жиілеп тұр. Мысалы, Торғай ауылында тұратын зейнеткер Жарасбай Мұқатов осыдан 2 жыл бұрын ұрланып, кейін табылған жылқысына күні бүгінге дейін қол жеткізе алмай жүр. Кезінде бұл мәселе туралы арнайы мақа­ла жазып, дабыл қаққан да едік. Бірақ көрер көз, естір құлақ болмады.

– 2018 жылғы күзде жоғалған биемді балам іздеп тапты. Қалам-Қарасу ауылының тұрғыны Дүй­сенбай Қойбағаровтың бір үйір жылқысының ішінде жүр екен. Бірақ Д.Қойбағаров өзім­дікі деп жылқымды бермей отыр, – деген қария поли­цияға да, про­куратураға да шағымдан­ға­нын, бірақ әлі күнге дейін еш нәтиже болмағанын айтқан еді.

Қарияның сөзінше, жылқыға қатысты қылмыстық іс облыстық прокуратураның пәрменімен бірнеше рет жабылып, бірнеше рет қайта ашылған. Бірақ соның ешбірінен нәтиже шықпайды. Ал Жарасбай Мұқатов полицейлер­ді өтірік хаттама толтырды деп айып­тап отыр.

– Бұл хаттаманы толтыруға мен қатысқан жоқпын, тергеуші менің сыртымнан өтірік жазған. Хаттамадағы жазу да, қол да менікі емес,  – дейді зейнеткер.

Бұл мәселеге қатысты облыс­тық полиция департа­ментінің бастығы Бекет Аймағамбетовтің атына биыл 1 сәуірде журналистік сауал да жолдадық. Сол айдың соңында «Жангелдин ауданының тұрғыны Ж.Мұқатовтың арызы бойынша полиция қылмыстық кодекстің 389-бабы бойынша тіркелген сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Сараптама тағайын­далды. Сондай-ақ Қостанай об­лысы полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасы Жангелдин ауданы полиция бөлі­мінің қызметкерлеріне қатыс­ты Ж.Мұқатовтың арызы бойынша қылмыстық іс жүргізуде», деген жауап алдық.

Содан бері жарты жыл өтті. Жуырда тағы қоңырау шал­ған ақсақал ешқандай өзгеріс жоқ екенін айта отырып рені­шін білдіріп, енді Нұр-Сұлтан қала­сына барып Бас прокура­тураға шағымданатын жеткізді.

Ал енді Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық департаментке биыл өз құқықтарының қорғалуын өтінген 24 азаматтан шағым түскен. Бірақ департамент мамандары 6 шағымның ғана негізі бар екенін анықтап, шағым иелерінің құқықтарын қорғап қалған.

– Мысалы, таяуда ғана бізге Н. есімді азаматша азаматтық хал актілерін тіркеу қызметкерлерінің үстінен шағым түсірді. Тіркеу орнының қызметкерлері жас бо­сан­ған әйелдің нәрестенің туылуы мен оның әкесі туралы мәлі­­мет­терді тіркеуден негізсіз бас тарт­қан. Осылайша, жедел ша­ра қабыл­данып, 5 күннің ішінде азамат­ша Н. өзіне қажетті мемле­кет­тік қызмет түрін алу құқына ие болып, баласының туу туралы куә­лігіне қол жеткізді, – деді департамент басшысы Асхат Ескендіров.

 

Қостанай облысы