Шаруалардың айтуынша бір ғана Байкенже ауылдық округінде 200-дей жылқы ауырып өлген, ал аудан бойынша дерттен қырылған түлік саны 400-ден асады. Жергілікті тұрғындар ветеринарлар кеңесімен малға дәрі егіп те, беріп те көріпті. Бірақ одан да қайран болмай тұр. Амалы таусылған ауылдағылар енді шығындарының өтелуін сұрап отыр.
Осы мәселеге байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов пен ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекция басшысы Жандов Сәрсенбаев БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы жергілікті ветеринариялық дәрігерлер ауру ошағында болғанын, белгісіз дерттің белгілеріне қарап, "жылқы гастрофилезі" болжамды диагнозы қойылғанын атап өтті. Аудандық ветеринариялық зертханада бұл диагноз нақтыланған. Осылайша төрт ауылдың жылқысына төнген қатер кәдімгі бөгелектен шыққаны белгілі болды.
"Ветеринарлардың анықтауы бойынша нақты өлген жылқының саны 29 бас. Ауырған 94 жылқының алпыс үшін мал дәрігерлері емдеп жазып алды. Сондықтан, да жүздеген мал шығын болды деген дерек орынсыз. Бұл ауру паразитарлық ауруларға жататындықтан, ауруға қарсы ветеринариялық іс-шаралар мал иесінің өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Жылқы гастрофилезі ауруы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы №7-1/559 бұйрығымен бекітілген "Жануарлардың және адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты міндетті түрде алып қою және жою жүргізілетін кездегі жануарлардың аса қауіпті ауруларының" тізбесіне енгізілмегендіктен мал иелеріне өтемақы қарастырылмайды", - деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов.