Ғылым • 02 Қазан, 2020

Ғылым мен тәжірибені ұштастырған

222 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Адам баласының естен кетпес әдемі естеліктерге толы кезеңі балалық шағы емес пе? Көңілде ешбір кірбің жоқ алаңсыз әрі бақытты осынау балғын шақта Алтынай өзі қатарлы достарымен бірде дәрігер болып, бірде сатушы, ал көбінесе мұғалім болып ойнайтын. Бала қиял шындыққа айналып, арманы орындалды. Алтынай – бүгінде ұлағатты ұстаз.

Ғылым мен тәжірибені ұштастырған

Түркістанда Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың тарих факультетін бітірген ол Жетісай қаласының мамандан­дырылған «Дарын» мектеп-интернатында 20 жыл бойы еңбек етіп келеді. Алдымен магистратураны, бертін келе докторантураны бітірген, ғылым мен тәжірибені ұштастырған мұғалім енді тарихты оқыту әдістемесі бойынша докторлық диссертация қорғауға дайындық үстінде. Ғылыми жетекшісі – тарих ғылымдарының докторы Бағлан Әбдіғұлова.

Анкарадағы Гази университетінде, Ресей Ғылым академиясының Шығыс­тану институтында біліктілігін арттыр­ған Алтынай Қайыпқызымен әңгіме­лесудің өзі ерекше бір әсерге бөлейді. Ел-жер тарихы, бүгінгі заман баласының психологиясы, салт-дәстүр, отбасы құндылығы – аз ғана уақыт әңгіме барысында мұғалімнің көзқарасын, пікірін біліп үлгерген тақырыптар.

– «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деген дана Абай Құнанбайұлы. Ұстаздық еңбектің қыр-сырын жан-жақты зерттеген К.Ушин­ский, В.Сухомлинский, А.Ма­каренко, Я.Каменский және де басқа атақты ғалымдардың түрлі педаго­гикалық еңбектерін оқып, тәжірибемді дамы­тып, қанша өзіме үлгі етсем де, қазақ ағартушыларының көшін бас­тап тұр­ған ұлы Абайдың осы сөзі ұс­таз­дық мамандықтың құндылығын көр­сетіп тұр­ғандай. Себебі ұстаздықтың құн­дылығы да сол – адамның адамшы­лығын қалыптастыруында. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жиі назар аударып отыратын адами капитал ұғымы да нақ сол адамның бойындағы білімі, қабілеті, тәжірибесі, даналығы, адамгершілігі, іскерлігі деп түсінемін. Олай болса, мемлекеттің адами капиталын қалыптастыруда қазіргі заман мұғалімінің рөлі зор. Мұғалім жақсылықтың, жаңалықтың жаршысы, ізгі мамандық иесі болғандықтан, бағбан тәрізді әр баланы баптап, болашаққа бағыттайды. Балалар әдебиетінің атасы, қазақ даласының күміс қоңырауы Ы.Алтынсарин орыс достарына жазған хатында «Мен бала оқыту ісіне қойға шапқан аш қасқырдай кірістім» деп өзінің білім беру ісіне деген үлкен құлшынысымен бөліскен-ді. Мен де зор құлшыныспен өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ойшылдар ұлылыққа балаған ұстаздықтың қадір-қасиетін арттыра түсу мақсатында абыройлы еңбек етуді нысанаға алдым және өз мамандығымды мақтан тұтамын, – дейді Алтынай Молдадосова.

Осынау мамандықтың иесі болуды зор мәртебе санайтын Алтынайды алаңдатар, көңіліне қаяу түсірер мәселелер де баршылық. Мысалы, мектепті үздік бітірген жас түлектердің педагогикалық маман­дықтарға бармауы. ҰБТ-да төмен балл жиып, жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндігі шектеулі жас түлектер ғана мұғалімдікке қадам басып келгені жасы­рын емес. Алтынай мектепте орта­ша оқыған баладан ортаңқол маман шығуы мүмкін деп есептейді. Сон­да ертеңгі күні шәкірттерді қандай мамандар оқытады? Неліктен, «Алтын белгі» иегерлері мен білім бәйге­лерінің жеңімпаздары мұғалім болғысы келмейді? Осындай сауалдар санасын мазалаған мұғалімнің жуырда қабыл­данған «Педагог мәртебесі туралы» заң және мемлекет тарапынан педагогика саласы мамандығы білім алушы студенттердің шәкіртақысын 42000 теңгеге дейін өсіру туралы шешім жанын жадыратып, еңсесін көтереді.

Ойы озық, абырой-беделі биік, еліміздегі білім беру саласының дамуы­на мүдделі мұғалімнің жетістіктерін айтпай кеткеніміз жарамас. Алтынай Қайып­қызы «Үздік авторлық бағдар­лама» республикалық конкурсы І дә­режелі дипломының иегері, мұғалім­­­­дер арасында өткізілген пән олим­пиа­даларының жеңімпазы, Білім және ғылым министрінің, облыстық білім басқармасының, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. АҚШ, Түркия, Ресей, Қазақстанның беделді ғылыми жур­налдарында ғылыми мақалалары жария­ланған. Десек те мұғалім өз жетіс­тігін емес, республикалық, облыс­тық пән олимпиадаларында жеңімпаз ата­нып жүрген, халықаралық және респуб­ликалық ғылыми-практи­калық кон­фе­ренциялар мен форумдардарға қатыс­қан оқушыларын көбірек мақтан етеді.

 

Түркістан облысы