Парламент • 04 Қазан, 2020

Мәулен Әшімбаев ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады

416 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz

Мәулен Әшімбаев ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады

"Еліміздегі барша ұстаздар қауымын бүгінгі кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! "Ұстаздық ету – ұлы қызмет"деген қанатты сөз бар. Шын мәнінде, әлі оң-солын толық танып үлгермеген баланың өмірден өз орнын тауып, адам болып қалыптасуында мұғалімнің еңбегі зор. Сондықтан ұстазға құрмет көрсету – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Бүгінгідей күрделі кезеңде мұғалімдерімізге де аз салмақ түсіп отырған жоқ. Соған қарамастан жастарымыздың сапалы білім алуына бар күш-жігерін жұмсап жүрген ардақты жандарға алғысымыз шексіз. Ұстаздарымыз осындай сын сағатта еш мойымай, ұлт болашағын бәрінен биік қойып, өз кәсібіне деген адалдықтың озық үлгісін көрсетіп келеді", деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар ол қазіргі таңда мемлекет тарапынан мұғалімдер үшін барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтеді.

"Оған "Педагог мәртебесі туралы" заңның қабылдануы айқын дәлел. Президентіміздің биылғы Жолдауында да білім беру ісі ел дамуының ең негізгі басымдықтарының бірі екені айтылды. Соның аясында мұғалімдердің жалақысын көтеру, болашақ педагогтердің стипендиясын көбейту сияқты маңызды міндеттер жүзеге асырылып жатыр. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғаса беретіні анық. Барша ұстаздарымызды кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, жұмыстарына толайым табыс, шаңырақтарына шаттық тілеймін. Жетістігімен қуантар шәкірттеріңіз көп болсын!", деді Мәулен Әшімбаев.