Теннис • 05 Қазан, 2020

Екінші кезеңде сүрінді

120 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл күндері Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирін Қазақстанның теннисшілері керемет бастаған еді. Жарыс жолына шыққан жерлестеріміздің арасынан тек Зарина Диас қана екінші кезеңге өте алмады. Ол тунистік Онс Жаберден жеңілді. Ал өзге ойыншыларымыздың барлығы да тұсаукесер кездесулерінде жеңіске жетіп, өз жанкүйерлерін қуантты.

Екінші кезеңде сүрінді

Бір кереметі, отандастарымыздың дені алғашқы айналымда әлемдік рейтингте өздерінен әлдеқайда жо­ғары тұр­ған ойыншылармен күш сынасқанына қарамастан, шеберліктің шынайы үлгісін көрсетті. Әсіресе ерлер ерлерді. АТР тізі­мінде 56 орында тұрған Александр Бублик франциялық Гаэль Монфиспен шеберлік байқасты. Бірден айта кетейік, ол қатардағы көп теннисшілердің бірі емес. Бүгінгі таңда әлемнің тоғызыншы ракеткасы атанып отырған Монфис кезінде Ролан Гаррос пен АҚШ-тың ашық біріншілігінің жартылай финалына дейін жетіп, АТР турнирлерінде 10 мәрте топ жарды. Десек те қарсыласының атағынан еш қаймықпаған Бублик бұл бәсекеде 6:4, 7:5, 3:6, 6:3 есебімен басымдық таныт­ты. Үздіктер тізімінде 87 сатыға жай­ғас­қан Михаил Кукушкин әлемнің 15-ші ракеткасы, тоғыз бірдей дүбірлі додада дараланған италиялық сақа спортшы Фабио Фоньинидің осал тұсын оңай тапты – 7:5, 3:6, 7:6, 6:0.

Әйелдер сайысында Юлия Путин­цева (27 орын) бельгиялық Кристин Флип­кенстің (80 орын) тас-талқанын шығарды – 6:1, 6:2. Елена Рыбакина (18 орын) румыниялық Сорана Кырстяны (83 орын) қапы қалдырды – 6:0, 6:3. Танымал шетелдік ойыншылардың қа­зіргі қарқыны біраз бәсеңдегенімен, кезінде олардың талай дүбірлі додаларда әбден ысылып, елеулі табыстарға қол жеткізгенін жанкүйерлер жақсы біледі.

Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. Екінші кезеңде жерлестеріміз түгел ұтылып, алғашқы күндердегі көңіл күйі­міз нілдей бұзылды. Бір өкінш­тісі, олардың үшеуі әлемдік рейтинг­те өздерінен әлдеқайда төмен тұр­ған ойын­шыларға есе жіберді. Атап айтсақ, Путинцева аргентиналық Надия Подо­роскаға (131 орын) жол берді – 3:6, 6:1, 2:6. Рыбакина франциялық Фиона Фер­родан (49 орын) ұтылды – 3:6, 6:4, 2:6. Кукушкин испаниялық Педро Мартинес-Портеродан (105 орын) айласын асыра алмады – 3:6, 1:6, 0:6. Тек Бубликтің ғана қарсыласының деңгейі өзімен шамалас болды. Оны италиялық Лоренцо Сонего сан соқтырып кетті – 6:7, 1:6, 5:7. Сөйтіп жа­рыс жолында бірде-бір теннисшіміз қалмады.

«Үлкен дулыға» санатына жататын жарыстардың жүлде қоры қомақты екені баршаға мәлім. Биылғы Ролан Гар­роста оның мөлшері 38 млн еуроны құрап отыр. Біздің спортшылар Па­рижде сәтсіз өнер көрсеткендеріне қара­мастан, материалдық жағынан пайда тапты. Мәселен, алғашқы айналым­нан аса алмаған Зарина Диас 60 мың еуроны әмиянына салса, екінші кезеңде сүрінген Юлия Путинцева, Елена Рыбакина, Александр Бублик және Михаил Кукуш­кин 84 мың еуроны қалталарына басты. Теннисшілерді бұл сома қанағат­тандыра ма, әлде жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Бірақ өзге спорт түрлері өкіл­дері үшін бұл едәуір қаражат. Ал қара­пайым халық үшін мол байлық деп айт­сақ, еш ағаттығы жоқ.

Егер отандастарымыз бұдан да тәуір ойнағанда, одан да көп ақшаға иелік ететін еді. Ролан Гарростың үшін­ші кезеңіне өткендер 126 000 еуроны иеленеді. Төр­тінші айналымға шыққандар 189 000-ды еншілейді. Ширек финалда өнер көрсеткендердің есепшоттарына 283 500 еуро аударылады. Сол межеден сүрінбей өткендер 425 250-ға байиды. Финалға шыққандар 850 500 еуроны иемденеді. Ал ерлер мен әйелдер арасындағы жарыстың жекелеген сайысында жеңімпаз атанған теннисшілерге тиесілі сыйақы 1 600 000 еуроны құрайды. Ал ондай бақ кімдерге бұйыратынын алдағы күндері білетін боламыз.