Полиция – еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет көрсететін ең үлкен құқық қорғау органдарының құрамдас бөлігі. Полиция қызметкерлері адам мен азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша міндеттерді атқарады. Осылайша мемлекеттік басқару жүйесіндегі полиция органдарының рөлі өте маңызды. Полиция қызметкерлері күн сайын күрделі кәсіби міндеттерді, қиын жағдайлар мен қақтығыстарды шешеді. Бұл ретте оның қателікке жол беруге құқығы жоқ. Демек полиция қызметінің кәсіби құзыреттілік деңгейі мен тиімділік дәрежесі қоғамдық пікірге әсер етеді, бұл елдегі әлеуметтік-саяси жағдайда тікелей көрініс табады.
Полиция қызметінің демократиялық негіздері бақылау тәсілінен қызмет көрсету тәсіліне көшкен кезде ілгерілей түсті, онда құқық қорғау органдары негізінен құқық бұзушылықтардың белсенді түрде алдын алуды назарда ұстады. Сервиске бағдарланған полиция қызметі – полиция мен қоғамға құқықтық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемаларын шешу үшін ынтымақтастықтың жаңа әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін модель. Бұл екі түйінді компенентке негізделген: полицияның әдістері мен тәжірибесін өзгерту және полиция мен қоғам арасында сындарлы қарым-қатынас орнату үшін шаралар қабылдау.
Мемлекет басшысы Жолдауда «жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілгенін атап өтті. Қоғам мүшелеріне нақты мәселелерді шешу және өмір сапасын жақсарту үшін қолдау мен ресурстарды жұмылдыруға көмектесетін негізгі менеджер ретінде учаскелік полиция инспекторына негізгі рөл беріледі.
Бұл модельдің мәні – қоғам мүшелерінің қауіпсіздік мәселелерді анықтау процесіне белсенді қатысуында. Азаматтарды тарту шеңберінде құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес кеңінен, жан-жақты пайымдалады. Бұл полиция қызметіне терең өзгерістер енгізуге әкеледі. Оң нәтижелер мен тиімділікке қол жеткізу үшін аталған тәсіл барлық полиция қызметі тарапынан да, қоғам тарапынан да мақсатты қолдауды қажет етеді. Сонда қоғам осындай өзара іс-қимылдың нәтижелерін және осы процестегі өз рөлін айқын сезінеді.
«Полицияның сервистік моделі» негізін сипаттауға болатын негізгі қағидат – Полиция – бұл халық, ал халық – бұл полиция. Қазіргі уақытта «полицияның сервистік моделі» деген бірыңғай түсінік жоқ екенін атап өту керек. Осыған байланысты «Полицияның сервистік моделінің» қазақстандық тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігі пісіп-жетілді, өйткені әртүрлі шетелдік институционалдық модельдерді механикалық түрде енгізу – олардың демографиялық және басқа да сипаттамаларын айтпағанда, мәдени, тарихи, экономикалық, нормативтік, саяси және әлеуметтік жағдайларға бейімдемесе, табысты жүзеге асуы неғайбыл.
Ішкі істер органдары қызметкерлерінің полиция қызметіндегі сервистік модельді іске асыруы нормативтік тұрғыдан бекітілуі тиіс. Негізгі мақсат – қажеттіліктерге жауап беретін және қоғаммен серіктестікте жұмыс істейтін кәсіби, өкілді, есеп беретін орган құру.
«Полицияның сервистік моделін» енгізу полиция басқа мемлекеттік органдардың жұмыстары мен функцияларын жүзеге асыру үшін бақылау мен жауапкершілікті өз мойнына алуға тиіс дегенді білдірмейді. Тек қана тығыз өзара іс-қимыл арқылы ғана үлкен нәтижеге қол жеткізілетінін ескере отырып, «полицияның сервистік моделін» дамыту қоғамның да, барлық мүдделі тараптың қатысуын талап етеді. Осылайша полиция жұмысындағы өзгерістер көптеген демократиялық елдегі мемлекеттік басқарудың қазіргі тенденцияларының көрінісі болып табылады.
Сервистік модель аясында полицияның халықпен өзара іс-қимылын оңтайландыру, ең алдымен полиция қызметкерлеріне деген сенімге, серіктестік қағидаттарына негізделуі керек. Полиция әртүрлі тілектерді қанағаттандырумен емес, заңға мүлдем бейтарап қызмет көрсету арқылы қоғамдық сенімге ие болуға тырысуы керек.
Қоғаммен тығыз қарым-қатынасқа негізделген полиция қызметінің сервистік моделі барлық проблеманың әмбебап құралы болып табылмайды, алайда қоғаммен сындарлы диалог құрудың сенімді құралдарының бірі болады. Өзара іс-қимылдың осы модельдерін қолдану жергілікті жерлерде полиция жұмысының сапасын арттыруға және ішкі істер органдарын реформалау бойынша қойылған міндеттер шеңберінде мақсаттарға неғұрлым тиімді қол жеткізуге ықпал етеді.
Айдар САЙТБЕКОВ,
саяси ғылымдар докторы, доцент