Аймақтар • 06 Қазан, 2020

Алматы карантинге қайта жабылмайды

195 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде эпидемиялық жағдайға байланысты қауесет көбейіп кетті. Соның бірі Алматының карантинге қайта жабылатыны туралы еді. Дүйсенбі күні қаланың Бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мұндай ақпараттардың жалған екенін мәлімдеді.

Алматы карантинге қайта жабылмайды

Алматы қалалық Тауарлар мен қыз­меттердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау департаментінің басшысы, Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жан­дарбек Бекшин мегаполистің эпидемиялық ахуалы, КВИ, ЖРВИ және тұмауға шалдығу жағдайы туралы баяндай отырып, соңғы күндері қабылданған қаулының жай-жапсарын түсіндірді.

Оның айтуынша, Алматыдағы коро­навирус инфекциясының эпи­де­миялық жағдайы тұрақты. Тәулік­тік өсім көрсеткіші 0,006% құ­райды, таралу индексі 1 пайыздан төмен. Биылғы қыркүйек айында барлығы 165 КВИ жағдайы тіркелсе (106 симптоммен жә­не 59 симптомсыз), сондай-ақ 194 этио­логиясы белгісіз пневмония та­былды. Эпидемиялық зерттеу­лер барысында КВИ ошақ­тар­ында 305 байланыс анықталды, оның 3 жағдайы ПЦР әдісімен анықталды.

Озық зертханалық зерттеу әдіс­терін қолдана отырып, бұрын анық­талған пневмонияның 48,4%-ға жуығы, яғни 247 пациенттің қоры­­тынды сараптамалары тере­ңірек зерттелді. Зерттеу бары­сында 35 COVID-19 диагнозы (14%) анықталса, 87 бактериялық пнев­мония (35%) нақтыланды.

Ал 4 қазанда қалада симптомсыз КВИ жұқтырған 1 науқас және этиологиясы белгісіз пневмонияға шалдыққан 1 адам анықталған.

Індеттің таралуын тоқтату үшін қашықтан оқыту форматы енгі­зіл­гені белгілі. Бірақ ата-аналары қа­дағалауға мүмкіндігі жоқ балалар үшін 178 мектепте 11 942 оқу­шыға арналған 917 кезекші сы­нып­тарда барлық профилакти­калық іс-шараны сақтай отырып білім алуға жол берілді (9,8% бас­тауыш сынып оқушылары). Сон­дай-ақ оқушылар саны аз 10 мектеп пен 8 мектеп-интернат қалып­ты жұмыс істеуге рұқсат етілген. Оқу басталғанға дейін арнайы мо­бильдік топтар білім беру нысандарына дайындық актілерін берді. Тексерулер кезінде анықталған карантиндік режім бұзу фактілері сабақ басталғанға дейін жойылған.

Қыркүйек айында мектеп оқу­шылары арасында КВИ-дің 7 жағ­дайы тіркелді, олардың бар­лы­ғы қашықтан оқыған кезде ауру­ға шалдыққан. Эпидемиялық тергеу қорытындысында 4 оқушы ауруды өз туы­старынан, 2 оқушы меди­ци­на­лық мекемелерге ЖРВИ белгі­лері­мен жүгінген кезде жұқтыр­ғаны анық­талды. 1 оқушы бронх де­мік­песінен санаторлық-курорт­тық ем­делу алдында профилак­ти­калық тексеру кезінде індетке шал­дыққан. Ал мектепке дейінгі бала­лар арасында КВИ табылған жоқ.

Бас санитардың мәлімдеуінше, Алматыда ЖРВИ-мен сырқат­танудың эпидемиялық жағдайы да тұрақты. Эпидемиялық маусым басталғалы бері, яғни 2019 жыл­дың 1 қазанынан 2020 жылдың 30 қыр­күйегіне дейін ЖРВИ-дің 85 975 жағ­дайы тіркелді. Бұл өткен эпи­демиялық маусымның кезеңімен салыс­тырғанда 3,6% төмен. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 48 478 жағдай тіркеліп, олардың үлесі 56,4%-ды құрады. Бұл – ал­дың­ғы эпидемиялық кезеңмен салыс­тырғанда 8% төмен. Ал 1 жасқа дейінгі балалардың үлесі соңғы эпидемиялық маусымға қараған­да (11,2% немесе 6 098 жағдай) 17,7%-ды (8 614 жағдай) құрады. Жүкті әйелдер арасында ЖРВИ-дің 856 (0,9%) жағдайы тіркелді, өткен маусымда 750 (0,88%) жағдай болған еді.

ЖРВИ-мен ауырған 11 852 науқас ауруханаға жатқызылды, оның 656-сы жүкті әйел болса, 506-сы – 1 жасқа дейінгі балалар.

– Жыл сайын жергілікті бюд­жет есебінен «қауіп тобын­дағы» адамдарға вакцина егіледі. Осы жылы «қауіп тобына» Ресейден 130 мың доза көлемінде шығарылған үш валентті «Гриппол Плюс» вакцинасы сатып алынды. 300 мың дозаға қосымша тапсырыс берілді, оның 186 мың дозасы келіп түсті. Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасының қоймасына 1 қазанда 300 мың дозаның 56 820 дозасы қабылданды, – дейді Алма­тының Бас мемлекеттік санитары.

Қалада тұмауға қарсы вакциналау 10 қыркүйекте басталды. 30 қыр­күйектегі жағдай бойынша тек 122 669 адам вакциналанды, бұл қа­ланың жалпы халқының 6,1%-ын құ­райды, оның 116 935-і (89,9%) «қа­уіп тобына» кіреді (оның ішінде ден­саулық сақтау қыз­­меткерлері – 24 866, 14 жасқа де­йін­гі балалар – 21 101, жүкті әйелдер – 6 192, созылмалы аурулары бар адамдар – 98 573, балалар үйі, қарттар үйі сияқты жа­бық мекемелер кон­тингенті – 3 019).

Жеке медициналық орталық­тарда тек 5 734 адам вакциналанды, оның ішінде 1 342-сі жұмыс берушілер есебінен, 4 392 адам өз қаражатына екпе жасатты.

Алматының Бас мемлекеттік санитары халықаралық әуежайда санитарлық-эпидемиялық бақылау күшейгені туралы мәлімдеп, оның тәртібін түсіндірді.

Қазақстан азаматы емес адамдар еліміздің Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәтте 72 сағаттан ерте емес іріктелген ПТР әдісімен COVID-19-ға тестілеуден өткені туралы анықтама болмаса, елге кіре алмайды. Ал анықтамасыз оралған отандастарымыз ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық тексеру үшін карантиндік стационарға 2 тәулікке оқшауланады. Өз кезе­гінде Алматы қаласының туризм бас­қармасы мен Алматы қала­сының кәсіпкерлік және инвестиция­лар басқармасы шетелден келетін тұлғаларға қойылатын талаптардың өзгергені туралы туроператорларды хабардар етуі тиіс.

 

АЛМАТЫ