Руханият • 07 Қазан, 2020

«Әкемді өмір бойы күттім...»

136 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс бізге оңайлықпен келе салмағаны белгілі. Соғыстың алғашқы жылдарын­да қиян-кескі сұрапыл ұрыс жүріп жатты. Мәсе­лен, 1943 жылдың қысқы кезеңінде Оңтүстік Батыс және Воронеж майдандарында жағдай бірқалыпты болған жоқ. Фашистер Харьков қаласын басып алды. Содан соң олардың соңғы үлгідегі СС танк дивизиялары Белгород тас жолына шығып алып, жанталаса алға ұмтылды. Бұл кезеңдерде екі жақтан да шығын аз болған жоқ. Сол бір қиын қыстау тар ке­зеңде Кеңес әскерлері кейін шегініп, қор­ғанысқа көшкен-ді.

«Әкемді өмір бойы күттім...»

Осынау ауыр сын сағаттардың куәсі бол­ған, өткен жылы жүз жасқа келіп дүниден озған маңғыстаулық Наху Бақтыбайұлы былай дегені бар:

– Біз 1943 жылдың қаңтар айында Харь­ковке таяу жердегі Соколово селосында соғыс қимылдарын жасап жаттық. Бірде батальон командирінің бұйрығымен екі-үш жауынгер таңда бірнеше шақырым жердегі орман ішіндегі «дала кухнясынан» тамақ әкелуге жанұшыра аттандық. Бірақ таң атар-атпастан біздің шепке неміс танкілері, жаяу әскерін қалқалай отырып күтпеген жерден шабуыл жасағанын білдік. Келсек біздің окопта тірі жан қалмапты. Бір батальон солайымен жоқ. Жау танкілері біздің жауынгерлерді табандарымен таптап кете барыпты. Мен қасымдағы жерлесім, шетпелік Қоңыр деген жігітті іздедім. Бірақ өліктердің ішінде жоқ болып шық­ты. Тұтқынға түсіп қалған болар деп топшыладым. Сол жоқтан жоқ, көз жазып қалдым. Өлі-тірісін бүгінгі күнге дейін білмей келемін.

Наху көргенін қалт жібермейтінін, есті­генін ұмытпайтын адам еді. Жоғарыдағы әңгі­мені, қапыда айырылып қалған жауынгер жолдасы Қоңыр туралы оның Қарақия ауданы, Жетібай кентінде тұратын баласы Тілекбай Қоңыровқа айтқан.

Сол Тілекбаймен ойда-жоқта біз өткен жылы сәуір айында кездесе қалдық. Сары өңділеу келген, қайың денелі, сұйықтау қара қасты, сөзі ұстамды ақсақал оқтын-оқтын әзіл шыны аралас қуақылана да сөйлейді.

– Тілеке, сізге бір алыс жақтан хабар болды деген ұзын арқан хабармен келдік.

– Ол рас. Таяуда осы Жетібайдағы бір қа­рын­дасым екі кештің арасында қуана күліп келе қалды.

– Аға, сіздің әкеңізді интернет арқылы көріп білдім. Интернет былай деп сайрап тұр: «Қазбаев Қоңыр 1896 жылы жылы туған. Әйелі Қазбаева Жұбатқан 1916 жылы туған. Германияның Ганновер қаласындағы Шаталаг УІС концлагері, тұтқын №47009. Өлген жылы 1943 жылы 19 мамыр» деп жазылып, суреті қоса беріліпті.

Марқұм анам айтып отырушы еді. Әкеңнің өлі-тірісі туралы, ең болмаса «хабарсыз кетті» деген де бір ауыз хабар да болған жоқ дейтін. Мен әкем майданға кеткенде бір жарым жаста екенмін. Бірақ үмітсіз шайтан дегендей өмір бойы іштей күтіп жүрдім. Әкем суретінде өңі жүдеу, жүзі түнеріңкі, сақал-мұрты, шашы өсіп кеткен, үстіндегі өзінің әскери киімі сияқты. Концлагерде үлкейтіліп жазылған тұт­қындық номерін қолына ұстап отыр. Бірақ қалай қайтыс болғаны туралы жазылмаған.

Біразға дейін көзімнің жасы іркіліп, әкем тіріліп келгендей болдым. Бір мал садақа жасап, аруағына бағыштап құран оқыттым. Сонау Германияға әкем жатқан жерді іздеп баруға өзім сырқатпын. Жасым қазір 76 да.

Айтпақшы, Германияның картасын қа­рап шықтым. Ганновер Германияның ба­ты­сындағы қала Лейна деген өзеннің бо­йын­да екен. Соғыс жылдарында мал шаруа­шы­лығымен, егістікпен шұғылданған көрінеді. Әкем Шетпедегі бұрынғы «Ұшқын» совхозында мал баққан.

Атылса да, асылса да, әрбір тұтқынға қысқаша бір өмірбаяны мен суретін қоса анық­тамалық құжат жасақтау, оның мұрағат­қа сақ­талуы тұтқындар ұрпағының ардагерлер дерегінен хабардар болуға септігін тигізді.

Міне, менің өмір бойы күткен әкем туралы бар білгенім осы деп, Тілекбай Қоңыров ауыр күрсінді.

 

Аллаберген Қонарбаев,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Ақтау