Салалық басқарманың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, №2 облыстық инфекциялық ауруханадағы жұқпалы аурулармен ауыратын балалар бөлімшесі өзге емдеу орнына көшірілген еді. Сөйтіп, облыстық балалар ауруханасында эпидемиялық стационар ретінде жұқпалы аурумен ауырған балаларды қабылдады. Аталған аурухананың бас дәрігері Нұрқабыл Айтмұханбетовтың айтуынша, биылғы 1 тамыздан 4 қыркүйекке дейінгі аралықта 62 науқас емделіп шыққан.
– Былтыр дәл осы кезеңде жұқпалы аурумен 208 науқас қабылданған еді. Биыл науқастардың қатары 146-ға төмендеді. Әлеуметтік желіде балалар арасында диарея тарады деген ақпарат жалған екені даусыз, – деді Н. Айтмұханбетов.
Дегенмен, №2 облыстық инфекциялық аурухананың инфекционист-дәрігері Айнұр Сапарованың айтуына қарағанда, күн суытқан кезде жедел ішек инфекциялары ротовирустық жұқпалармен қатарласа жүреді. Соның салдарынан ішек аурулары балалар арасында ауыр жағдайда өтуі мүмкін. Жалпы жедел ішек инфекциясы ауыр, орташа, жеңіл түрде өтеді. Бұл ауру ауыз қуысы арқылы ішек жолдарын зақымдайды. Науқаста құсу, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік симптомдары арқылы білінеді. Әсіресе, күз айларында ротовирусты инфекциямен қатар жүретіндіктен, ішек инфекциясы өрши түседі.
– Сол себептен, жазда басталып күзге таман өршитін ішек инфекциясын коронавируспен немесе Кавасаки синдромымен байланыстыруға еш негіз жоқ. Керісінше, өткен жылдары ішек ауруымен ауырған балалар саны артқан болса, биыл олардың саны азайды. Мұны біз пандемия кезіндегі карантиндік шектеу шараларымен байланыстырып отырмыз. Ата-аналар жаз айларында бұрынғыдай балаларымен қыдырып шықпай, бәрі үйінде болды, – дейді инфекционист-дәрігер А.Сапарова.
Дәрігердің айтуынша, бұл ауруды көбінесе бір жасқа дейінгі балалар мен жасы алпыстан асқан ересектер өте ауыр жағдайда өткізеді. Ал жедел ішек инфекциясы – вирустармен, бактериялармен қоздырылатын жедел интоксикациямен, дене температурасының көтерілуімен, диареялық белгілермен сипатталатын инфекция түрі. Бұл ауру жеміс-жидектерді жумай жеп, қол жуу ережесін дұрыс сақтамау, қайнамаған су ішуден бой көтереді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының соңғы мәліметіне сүйенсек, балалар арасында жедел респираторлық вирустық жұқпаның өршуі тіркеліп отырған жоқ. Қазір №2 облыстық инфекциялық ауруханада жедел респираторлық вирустық жұқпамен 30-ға жуық бала ем алып жатыр.
– Жедел респираторлық вирустық жұқпаға қатысты маусымдық ахуал тұрақты күйінде сақталып отыр. Біздің аурухана вирустық жұқпалы ауруларға шалдыққандарды емдеу үшін дәрі-дәрмектермен толықтай қамтылды, – дейді №2 облыстық инфекциялық аурхананың бөлім меңгерушісі Әсия Сидешова.
Оның айтуынша, биылғы наурыздан бері аталған ауруханада коронавирус инфекциясын жұқтырған 30 бала емделіп, сауығып шығыпты. Балалар коронавирусты жеңіл жағдайда өткеріп, клиникалық белгілері аса қатты білінбепті. Осылайша, қауіпті індеттің қақпанына түскен балалардың бәрі отбасына аман-сау оралып, ата-анасымен қауышты.
Атырау облысы