Қоғам • 07 Қазан, 2020

Оқырман күтіп отырады

148 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Пандемия басталғалы жиілеп кеткен шектеу шаралары күнделікті газет, хат-хабар тасымалдауға да айтарлықтай қиындық, кедергі туғызып отыр. Соған қарамастан, «Қазпошта» өз қызметін бұрынғыдай мүлтіксіз атқаруынан жаңылмай келеді.

Оқырман күтіп отырады

Шектеу шаралары жариялан­ғаны­мен, ел газет пен хабар-ошар алудан шектелген жоқ. Індет кү­шейіп, тәртіп қатайып кет­кен ке­зеңдерде де карантинге жа­былған елді мекендерге әріп­тес­теріміз маска, қолғап, ар­найы қорғаныш киімін киіп барып жүрді.

Аптасына 5 мәрте шығып тұра­тын еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газеті облыс орталығы мен аудан орта­лық­тарында, сондай-ақ аймақ­тағы төрт қалада тұрып жатқан оқыр­мандарының қолына баспа­дан шыққан күні тиеді. Ал аудан орталықтарынан шалғай жатқан ауылдарға әрі кеткен­де 1 тәуліктің ішінде жеткізіле­ді. Га­зет­ті тиісті мекенжайға дер уа­қы­­тында жеткізуде облыс әкім­ді­гі, тасымалдауды ұйым­дастыру, көлік бөлу жағы­нан көп көмек тигізіп, үлкен қолдау жасап отырғанын айта кеткен жөн.

Бүгінде аймақта жалпы саны 300 пошташы жұмыс істейді. Ал облыс орталығында 53 адам, біз­дің бөлімшеде 14 пошта қыз­меткері газет тасымалдаумен айналысады. Өз басым осы салада жеті жылдан бері қызмет етіп келемін. Қостанай қаласындағы С.Баймағамбетов көшесі мен М.Хәкімжанова көшесінің ара­лығындағы тұрғын үйлерге хат-хабар, газет-журнал тасимын. Бұрын жұмыс күні алты күн еді, крантинге байланысты 5 күн­дік болып қысқартылды. Күн­делікті жұмысымыз таңер­теңгі сағат 8.00-де басталады. 1 сағат бойы газет-журнал, басқа да хабар-ошарлар сұрыпталып, сағат тоғызда әркім өз учаскесіне жол тартады. Газетті жаяу жү­ріп таратамыз. Өз басым ең алды­­мен мекемелерді аралап шы­ғамын. Содан кейін ғана тұр­ғын үйлер­ге көшемін. Жұмысым әрі кеткенде сағат 11-11.30-ға дейін аяқталады. Күн сайын оқыр­мандарға шамамен 100 шақты «Egemen Qazaqstan» газеті­нің жаңа нөмірін жеткі­земін. Көп қабатты тұрғын үйлердің пош­та жәшіктеріне салып кетемін. Ал жеке үйлерде тұратын үлкен кісілер газет келетін уақытты әбден жаттап алған. Әдетте есігінің алдына шығып мені анадайдан күтіп алады. Жылы аман-саулықтан соң қолына газетін ұстатамын. Жымиып, ал­ғы­сын айтып қалады. Біздің бас­ты міндетіміз – жаңа нөмірді газет шыққан күні оқырманның қолына табыс ету. Бұл аманатты адал орындап келеміз.

9-қазан – дүниежүзілік пош­та одағының күні. Демек, пош­ташылардың төл мерекесі. Дүние­жүзілік пошта күні – Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде атап өтілетін халықаралық күндердің бірі.

Бұл күні Дүниежүзілік пош­та одағы 14-ші конгресінің шеші­мімен одақтың 1874 жылы құрыл­ған күні құрметіне атап өтіледі.

1874 жылы 9 қазанда Швей­ца­рия­ның Бьерне қаласында 22 елдің өкілдері Бас пошта одағының негізін бекітетін Берн келісіміне қол қойды. 1878 жылы одақ өз атауын өзгертіп, Дүниежүзілік пошта одағы деп атала бастады. Бүгінгі таңда ДПО-ға 189 мем­­лекет мүше. Бүкіл әлемде 9 қа­зан­нан бастап халықаралық хат апталығы өткізіледі. Біздің еліміз бұл одаққа 1992 жылдың 27 тамызында мүше болып кірді. Содан бері бұл күн Қазақстанда пошташылар мерекесі ретінде жыл сайын атап өтіліп келеді. Біз де облыстың әр түпкірінде жұмыс істеп жүрген өзіміздің пош­ташы, сұрыптаушы, жүргізуші, инкассатор мамандар мен бөлім басшыларының басын қосып өзімізше атап өтеміз.

 

Светлана ЗЕЗЮЛИНА,

«Қапошта» АҚ №1 жеткізу бөлімінің қызметкері

 

ҚОСТАНАЙ