Спорт • 07 Қазан, 2020

Елорда спортшыларын ақшалай қамту мөлшері өсті

172 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласы спортшыларына берілетін ай сайынғы ақшалай қамту мөлшері өсті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Елорда спортшыларын ақшалай қамту мөлшері өсті

Сонымен қатар еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда, елордалық спортшыларды ай сайын ақшалай қамтамасыз ету мөлшері ең төменгі көрсеткішті көрсеткен.

Осыған орай Дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан қалалық мәслихат пен қоғамдық кеңеске ұсыныс жасалып, аталған мәселені қала әкімі Алтай Көлгінов қарастыра келе, ай сайынғы төлемдерді ұлғайтуға қолдау білдірді.

"Айлық төлемдерді көбейту елорда спортшыларының материалдық қажеттіліктерін шешіп, спортта жоғары нәтижелерге жетуіне септігін тигізеді. Ұлғайтылған төлемдер биыл қазан айынан бастап спортшыларға төленетін болады", деді Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерғалиев Самат Серікқанұлы.

Ай сайын төленетін ақшалай қамтамасыз етілетін спортшылар: спорт түрлері бойынша ҚР құрама командаларының (ұлттық құрама командаға кіретін) құрамына кіретін елордалық спортшылар, олардың жаттықтырушыларына, сондай-ақ спорттық ойын түрлері бойынша ҚР құрама командаларының (ұлттық құрама командалардың) құрамында өнер көрсететін спортшыларға, олардың жаттықтырушылары мен клубтық командалардың жетекшілеріне беріледі.

Егер жаңа қаулыға дейін олимпиадалық спорт түрлері бойынша Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша спорт шеберлері 97 334 теңге алса, қазір 250 АЕК-ке немесе 694 500 теңгеге дейін өсті.

Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша олимпиадалық спорт түрлерінен спорт шеберлері 93 794 теңге алса, қазір олардың төлемдері 100 АЕК-ке дейін, яғни 277 800 теңгеге дейін артады .

Азия Чемпионатының қорытындысы бойынша олимпиадалық спорт түрлерінен спорт шеберлері бұған дейін 83 176 теңге алған. Жаңа қаулы бойынша олардың төлемдері 80 АЕК-ке дейін, яғни 222 240 теңгеге дейін өсті.

ҚР Чемпионатының қорытындысы бойынша олимпиадалық спорт түрлерінен спорт шеберлері 79 637 теңге алса, жаңа қаулы бойынша олардың төлемдері 60 АЕК-ке, яғни 166 680 теңгеге дейін өсті.

"Елорда спорты тарихындағы ең қуантарлық жаңалықтың бірі десек артық айтқанымыз емес. Бұл қала спортшыларына бір серпін берері сөзсіз", деді бокстан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит.

"Шынымен қуаныштымыз. Біз секілді спортта енді өсіп келе жатқан жас буын үшін үлкен мотвиация болмақ. Спортшылар атынан қала әкімдігіне, басқармаға шынайы үлкен алғысымызды білдіреміз", деді бокстан жастар арасында Олимпиада ойындарының жеңімпазы Айбек Оралбай.

Айта кетсек, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының құрама командасына кіретін тек 84 спортшы ай сайынғы төлем алып келсе, енді олардың саны 176-ға жетті.

Естеріңізге сала кетейік, биыл ҚИК-пен бірге әлеуметтік баспана алушылар санаты кеңейтілді, оған спорт қайраткерлері де кірді. 1 мың әлеуметтік пәтерге дәрігерлер мен мұғалімдерден басқа әлеуметтік қызметкерлер, полицейлер, мәдениет қайраткерлері де үміткер бола алады.