Пікір • 08 Қазан, 2020

Тарихи толғам тебірентті

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Абай аманаты» атты мақаласында: «Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды», деп жазады.

Тарихи толғам тебірентті

Ақиқатында, хакімдік тұғырдан көрінген ұлы ойшылымыз қазақ руханиятының темірқазығына айналды. Біздің рухымыз, кемелденген бас­тауымыз хакім шығармалары деп айтуға толық негіз бар. Тарихи жазбада Абай мұраларының өзектілігі мен өміршеңдігі айтылып қана қоймай, Елбасының сындарлы саясатының астарында Абай ұлағаты жатқандығы да жүрек тебірентті. «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қағидатты қастер тұта­тын Елбасының әрбір тарихи шешіміне темірқазық ретінде хакімнің шығармасын алып отырғаны кімді де болсын толқытатыны анық. «Қазақстан Республикасының Президенті ретінде өкілет­тігімді өз еркіммен тоқтату туралы шешім қабылдамас бұрын, бола­шақ ел басқарар азаматқа қажет қайрат­керлік тәжірибе мен тағылым жайын ой тезіне, көңіл безбеніне тартып, асықпай, зер сала қарадым. Абайдың:

«Бас-басына би болған өңшең қиқым,

Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын?

Бірлік жоқ, береке жоқ,

шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығың,

баққан жылқың.

Баста ми, қолда малға талас қылған,

Күш сынасқан күндестік

бұзды-ау шырқын»,

деген өкінішін қайталамау қажеттігі тағы алдымнан шықты», деп Елбасының айрықша атап өтуі – адамзаттың алыбы саналған Абай даналығының баршаға ортақ темірқазық екеніне дәлел.

Тарих қатпарынан сыр тартып, рух салтанатынан ой сабақтап, өткен мен бүгінді қамтып, сындарлы жолға нұсқа болған бұл толғамның өзектілігі мен өміршеңдігі айқын. Ел басқару ісіндегі ілкімді дүниелер турасында тебіреніс пен толғаныста отырып жазылған маңызды мақаланың дана Абайды танудағы тағы бір толымды еңбек екені анық. Елбасының «Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады» деп көрсеткен сара жолы Абай даналығымен ұштасып жатыр.

 

Сүлеймен МӘМЕТ,

жазушы, ардагер журналист