Суреттерді түсірген Ерлан Омар, EQ
Оқулық әлі жазылған жоқ
«Egemen Qazaqstan»:
Әліппе оқулығы 2021 жылы қайта оралады. Әне-міне, 2020 жыл да аяқталып қалды. Оқулықтың әзірлену барысы қалай болып жатыр? Үлгереміз бе?
Манара ЕЛЕКЕНҚЫЗЫ,
Ы.Алтынсарин Ұлттық білім академиясы жанындағы «Орта білім беру» орталығының директоры:
Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің 2021-2022 оқу жылына 1-сынып оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешенін қайта басып шығару және «Әліппе» оқулығын оқу процесіне енгізу туралы тапсырмасына сәйкес Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Осыған орай «Әліппе» пәнінің оқу бағдарламасын талқылау мақсатында министрдің мақұлдауымен ғылыми-педагогикалық интеллигенция өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлерінен тұратын тұжырымдамалық кеңес құрылды. 2020 жылғы сәуірдің 30-ы күні аталған тұжырымдамалық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткізілген онлайн кездесуде оқу бағдарламасының жобасы талқыланып, нәтижесінде оны А.Байтұрсынұлының әдістемесіне негіздей отырып әзірлеп, мамыр айының 30-на дейін тапсыру туралы шешім қабылданды. Осыған сәйкес жұмыс тобы құрылып (Білім және ғылым министрлігі бекіткен тізімге сәйкес 18 адам), мамыр айының 5-19 күндері аралығында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен 10 отырыс өткізіліп, 25 мамырда Білім және ғылым министрлігіне бекітуге ұсынылды. Жұмыс тобының отырыстарында әліппені оқытудың мақсаттары мен міндеттері, әріптерді үйрету реті анықталып, оқыту жүйесі А.Байтұрсынұлының әдістемесіне сәйкестендіріліп қайта жасалды. Қазіргі уақытта оқу бағдарламасы министрлік құрған сараптамалық комиссия қарауынан өтіп, бекітуге ұсынылды.
Негізі әліппе оқулығының мазмұны мектеп бағдарламасынан мүлде алынып тасталмаған еді. 2016 жылы еліміздегі орта білім беру ұйымдары жаңартылған білім беруге көшкенде әліппенің барлық тақырыптары, мазмұны 1-сыныптарға арналған сауат ашу оқулығына енгізілді. «Әліппе» және «ана тілі» атты екі бөлім сауат ашу оқулығында болды. Бірақ ата-аналардың да, қазір немерелерін мектепке берген ата-әжелердің де әліппе оқулығын бұрынғыдай бөлек қолға ұстауды жөн көргені, қоғамдық талқылауға түскені аян. Сол себепті әліппе оқулығының бағдарламасын бөлек әзірлеу жұмысын қолға алдық. Оқулық әзірге жазылған жоқ, себебі алдымен оның бағдарламасы бекітіліп, оқулық жазатын авторларымыздың қолына тиюі тиіс.
«Egemen Qazaqstan»:
Оқулықтың бағдарламасы бекітуге тапсырылған екен. Бағдарламада не бар? Бағдарламаның мазмұны өте маңызды ғой, себебі оқулық сол бағдарламаның негізінде әзірленеді.
Манара ЕЛЕКЕНҚЫЗЫ:
Иә, бағдарламаның мазмұны аса маңызды. Әліппе оқулығының оқу бағдарламасы екі оқулықтың бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. І жартыжылдықта әліппе оқулығы, ІІ жартыжылдықта ана тілі оқулығымен оқиды. Балалар бұрынғыдай әліппені арнайы оқулық ретінде ең бірінші қолға алады.
Ұлт ұстазы әріптерді әліпби бойынша бермеген
«Egemen Qazaqstan»:
Министр А.Аймағамбетов жаңа әліппе А.Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде әзірленетінін айтты. І ғасыр бұрынғы әдістеме мен оқулықтың мазмұны қазіргі заман талаптарын қаншалықты қанағаттандырады?
Азия ЕЛЕУПАНҚЫЗЫ,
әліппе оқулығының авторы:
Әліппе оқулығының оқу бағдарламасы А.Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде әзірленді. Жалпы баланың сауатын ашу процесі үш кезеңнен тұрады. Соның алғашқысы – әліппеге дейінгі кезең. Екіншісі – әліппе кезеңі, соңғысы – әліппеден кейінгі кезең. Алғашқы екі кезеңнің мақсат-міндеттері бойынша әліппе оқулығы, соңғы кезеңдегі мақсат-міндеттер негізінде ана тілі оқулығы жазылады.
Ақиқатында әдістеме ешқашан ескірмейді, тек жылдар өткен сайын заманның талабына сай қайта жаңартылып, өңделіп отырады. Біз әліппе пәнінің оқу бағдарламасын немесе кейін бағдарламаға негізделіп жазылатын оқулықты ұлт ұстазы көрсеткен әдістемеге сүйеніп жазамыз. Бірақ ондағы мазмұн, қор, тапсырмалар жинағы заманауи кейіпкерлермен, бүгінгінің балаларына түсінікті тілмен, терминдермен беріледі. Осының өзі оқушыларды қызықтырып, жаңа заман талаптарын қанағаттандыра алады.
Негізінде жылдар бойы қолданыста келе жатқан баланың сауатын ашуға арналған оқулықтарды жіті зерттеген адам А.Байтұрсынұлы әдістемесінің әрдайым әліппеге негіз болып келе жатқанын түсінер еді. Мысалы, көп адам қарапайым ермексазбен жұмысты, яғни онымен әріптерді таңбалап үйрету әдісін жаңаша дүниедей, болмаса кейін пайда болғандай қабылдауы мүмкін. Алайда 1925 жылы шыққан А.Байтұрсынұлының әліппе оқулығында дәл солай «ермексазбен жұмыс» деп берілген. Көрдіңіз бе? Ұлт ұстазының әдістемесі әліппеге биыл ғана негіз болғалы тұрған жоқ. Бұл әрқашан әліппе авторларының жол көрсетер темірқазығындай болып келеді. Тағы бір мысал, «Тыңдалым, айтылым, жазылым дағдыларын дамыту ағылшын тілін үйретудің әдістемесінен алынды» деген жаңсақ пікірлер бар. Иә, атауынан солай ой түйетін шығар. Дегенмен А.Байтұрсынұлының «әңгімелесу» әдісі мұғалім мен оқушының арасындағы диалогта қолданылады. Өзіңіз ойлаңызшы, мұғалім сұрақ қойғанда немесе оқушы мен оқушы сөйлескенде бала тыңдайды ғой және жауап беру арқылы айту дағдысы қалыптаспай ма?
«Egemen Qazaqstan»:
Жақсы, ұлт ұстазының әдістемесі әрдайым қолданыста келе жатыр делік. Сонда алдағы мектеп бағдарламасына енгізілетін жаңа әліппеде жаңалық болмай ма? Нақты қандай әдістер жаңа әліппеге негіз болады?
Азия ЕЛЕУПАНҚЫЗЫ:
Баланың сауатын ашудың бірінші кезеңі – әліппеге дайындықта бала әріп пен дыбысты тануға даярлануы керек. А.Байтұрсынұлының «Дыбыспен жаттығу» деген мақаласында мұның әдістемелік талаптары көрсетілген. Біз әліппеге дейінгі кезеңнің міндеттерін жазған кезде дәл сол талаптарды қадамдармен көрсетіп қойдық. Бұл – ертең әліппе оқулығын жазатын авторларға да аса қажетті ақпарат. Екіншіден, ұлт ұстазының осы уақытқа дейін толық және жүйелі түрде қолданылмай келе жатқан әдістемесінің жүзеге асатындығы.
Бұдан бөлек әліппеге дейінгі кезеңнің міндеттерін айқындауда А.Байтұрсынұлының «Шағын сөзді», «Жалқылаулы-жалпылаулы», «Жазу-оқу» әдістерін басшылыққа алып отырмыз. Мәселен, сауат ашуда қазір «Дыбысты талдау-жинақтау» деп аталатын әдісті А.Байтұрсынұлы кезінде «Жалқылаулы-жалпылаулы» әдіс деп берген. «Дыбыстық талдау дағдыларын қалыптастыру» міндеті арқылы сөйлемнен сөзді, сөзден буынды ажыратып, буыннан өтілетін дыбысты таныту мақсат етілген.
«Egemen Qazaqstan»:
Әліппенің қайтарылатынына қоғам болып қуандық. Жаңа әліппе енді бізді сапасымен қуанта ала ма? Жалпы, оқулық олқылықсыз болуы үшін не істеу керек?
Азия ЕЛЕУПАНҚЫЗЫ:
1998-2017 жылдар аралығында қолданыста болған, кейін жаңартылған білім мазмұны бойынша әзірленіп, бағдарламаға енгізілген 2-4-сыныптардың қазақ тілі оқулықтарын жаздық. 2008-2015 жылдарда оқытылған 1-сыныптың ана тілі оқулығының да авторларының бірімін. Осы тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, ешқашан мінсіз оқулық болмайды. Оқулық әрдайым толықтырылып, өңделіп отырады. Қазір қолданылып жатқан сауат ашу оқулығы Бастауыш білім беру стандартына негізделіп, оқу бағдарламасына сәйкес жазылған. Оқушыға хат таныту, оқу-жазуға үйрету, тілін дамыту мен сауат ашудың кезеңдік ерекшеліктері ескерілген. Сондай-ақ тыңдалым, айтылым, жазылым мақсатты түрде көзделген. Осыған орай оқулықта тыңдауға, айтуға, жазуға қатысты тапсырмалар бар. Ал сол оқулықтағы әліппеге дейінгі кезеңде «тыңда» деп берілген тапсырманы көп ата-ана оқумен шатастырды. «Әріпті әлі толық танымайтын бала мәтінді қалай оқиды?» деп шулады. Әліппеге дейінгі кезеңде біз балаларды суретке қарап өз ойын жеткізуге, әңгімелей білуге, ойдан сөйлем құрастыруға үйретуіміз керек. Ал тыңдауға берілген тапсырмалар баланың сөйлеу әрекетін дамытуға көп көмегін тигізеді. Әдістемеден, оқулыққа қойылатын талаптардан, жаңа бағдарлама мазмұнынан хабары жоқ адамдар да сын-пікір айтып жатады. Осыдан 4 жылдай бұрын бір журналист: «Сауат ашу оқулығында «А» әрпі 35-бетте оқытылады. Бұл оқулықта жүйелілік жоқ. Әліпби «А» әрпінен басталмаушы ма еді», деді. Осындай негізсіз сындар жұмысқа, ең маңыздысы дұрыс оқыту процесіне кедергісін келтіреді. Біз мысалы, алда оралатын жаңа әліппе оқулығын А.Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде әзірлемекпіз. Ал ұлт ұстазы өзінің оқулығында әріптерді әліпби бойынша өтпейді, дауысты және дауыссыз дыбыстарды алмастырып отырып берген. Өйткені бұл буын, сөз құрауға керек. «А» дыбысынан кейін үні бар дауыссыз дыбыс болуы қажет. Сонда алдыңғы тұрған «А» дыбысы мен одан кейінгі дауыссыз дыбысты қатар айтқан бала екі дыбыстан құралған сөзді тез меңгеріп алады. Біз осы тұжырымды басшылыққа аламыз.
«Egemen Qazaqstan»:
Рас, сынды да маманы айтса, орынды болады. Сондықтан біз талқылауға білім саласының сарапшысы, осыған дейін әзірленген бірнеше оқулықты сараптамадан өткізуге белсенді атсалысқан, өзі де оқулық жазған Гүлнар Әбдірахманқызын шақырдық. Гүлнар Әбдірахманқызы, әлбетте қателіксіз, мінсіз ештеңе болмайды. Дегенмен оқулықтардағы өрескел олқылықтардың болуына не себеп? Алдағы әліппе оқулығы сапалы мазмұнмен оралуы үшін не істемек керек?
Балық – басынан, оқулық – бағдарламасынан
Гүлнар ӘБДІРАХМАНҚЫЗЫ,
Білім сарапшылары қазақ лигасының вице-президенті:
Оқулықтарды сараптамадан өткізетін шығармашылық жұмыс топтарында болғанымда әріптестер болып ортақ тұжырымға тоқтадық. Сіз қанша оқулықты жақсы жазыңыз немесе оқулық дайын болғаннан кейін тыңғылықты сараптамадан өткізіңіз, тіпті апробацияға жібергенде қателіктерді практиктермен бірге талдап табыңыз, бірақ оқулықтың бастапқы бағдарламасы дұрыс болмаса, бәрі бекер. Барлығы басынан түзетілуі тиіс. Кейбір оқулық авторлары да «Бағдарламада кемшіліктер кеткендіктен, бізге дұрыс оқулық жазу да қиын», дейді. Сол себепті әуелі бағдарламаны сынақтан өткізіп алу керек. Мәселен, жаңа әліппенің оқу бағдарламасы бекітілуге тапсырылып қойды. Ал сол бағдарлама сынақтан өткізілуі керек еді. Осындай маңызды кезең тағы да қалып қойды. Ертең тағы қиындық тумай ма?
Манара ЕЛЕКЕНҚЫЗЫ:
Жоғарыда атап өткенімдей, біз бағдарламаны әзірлеп, Білім және ғылым министрлігіне 25 мамырда бекітуге өткіздік. Бағдарламаны әзірлеумен айналысатын жұмыс тобынан бөлек Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен Тәуелсіз сараптамалық топ құрылды. Аталған топ бағдарламаны әзірлеуге қатысқан жоқ. Тәуелсіз сараптамалық топтың құрамында да әдіскерлер, практиктер, ғалымдар болды. 15 адамнан тұратын топты жауапты ведомство бекітіп, тікелей өзі құрған. Осы топ бағдарламаны қарады. Тәуелсіз сараптамалық топ қарап шыққаннан кейін бағдарламаға қатысты сын-пікір, ескертпелерін қалдырды. Біз соның негізінде бағдарламаны қайта қарап, әзірлеп шықтық. Сол өңделген нұсқаны мамырдың 30-на дейін министрлікке қайта тапсырдық.
Гүлнар ӘБДІРАХМАНҚЫЗЫ:
Бағдарлама бекітілген соң академияның сайтына ілінеді ғой, сонда бағдарламаны сараптамадан өткізген Тәуелсіз сараптамалық топ мүшелерінің аты-жөні де көрсетілгені жөн. Бұл – мен секілді сарапшының ғана емес, жалпы қоғамның, ата-аналардың ортақ талабы. Сонымен қатар ашықтық пен жариялылықтың оқулықты сараптамадан өткізгенде де көп көмегі болады. Себебі оқулық авторлары көбіне бағдарламаға сілтейді. Сондайда бағдарламаны сараптамадан өткізген мамандармен тікелей тілдесіп, мәселені шеше аламыз. Содан соң біз әдетте тек оқулықты апробациядан өткіземіз. Шын мәнінде бағдарлама да сынақтан өткізілуі тиіс.
А.Байтұрсынұлының әліппесі оралмайды
«Egemen Qazaqstan»:
2025 жылдан бастап латын графикасына көшеміз. Сонда 4 жылдан кейін әліппені қайта жазуға тура келе ме?
Гүлфар МӘЖИТҚЫЗЫ,
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Орфография басқармасының жетекші ғылыми қызметкері:
Дөңгелек үстелдің тақырыбы өте өзекті. Көп оқырман әліппенің қалай оралатынына мән бермей, пікір білдіре береді. Бұл тұрғыда мамандардың, кәсіби сарапшылардың сөзін мұқият тыңдағаны жөн. Себебі мен «А.Байтұрсынұлының әліппесі оралады» деген ұранға, пафосқа толы пікірлерді соңғы кезде тым жиі байқап жүрмін. Демек, қоғамдағы осындай пікір білдіріп жүргендер А.Байтұрсынұлы жазған әліппенің құрылымымен таныспаған. Өйткені ұлт ұстазының әліппесі араб жазуына негізделген. Қазіргі кирилл немесе алда енгізілетін латын әліпбиінде жазылатын әліппе ешқашан да А.Байтұрсынұлының оқулығындай бола алмайды. Осыны түсінуіміз керек. Ұлт ұстазының әліппесі оралмайды, мұнда оның әдістемесі ғана негізге алынады.
Мен жаз бойы Ұлттық білім академиясы ұйымдастырған, 6-7 сағаттап болған конференцияларға, онлайн отырыстарға қатыстым. Ондағы мамандар – өз ісінің шеберлері. Жалпы, ұлт ұстазы әдістемеге қатысты 3 мақала жазған. Жаңа әліппенің мазмұнын әзірлеу тобындағы мамандардың сөзін тыңдағанда олардың сол 3 мақаланы жақсы білетініне куә болдым. Сол себепті біз мамандарға сенім артуымыз керек. Мен мұны бекерге айтып отырған жоқпын, әлеуметтік желіде жаныма батқан «Сауат ашуды жазған сауатсыз адамдар әліппені жазып жатқан шығар», деген пікірден кейін айтып отырмын. Сондай керағар ойды айтатындар авторлармен, ғалымдармен, мамандармен бірауыз сөйлесіп, талқылауға қатысса, танымын кеңейтсе, мұндай пікір білдірмеген болар еді. Өйткені қазір қолданыстағы сауат ашу оқулығын зерделеп, оның сауатты жазылғанына көз жеткіздім. Ал негатив көзқарастар шындығында жай ғана біздің қолға ұстаған әліппеге үйреніп қалғанымыздан туып отыр.
Латын әліпбиіне келсек, әліпби әлі нақты бекітілген жоқ. Әліпби бекітілмей тұрып, латын әліпбиіндегі әліппе туралы айту қиын. Бірақ бір анығы 2021 жылы мектеп бағдарламасына енгізілетін кириллицамен жазылған әліппе латын әліпбиінде жазылатын әліппеге негіз болады. Тек басы артық әріптер алынады да, емлесі өзгеріске түскен сөздерді ғана соның ішіне қосып, бастапқы құрылымын сақтап әзірлеуге, яки өңдеп шығаруға болады. Әлбетте, латын әліпбиі мен кириллица әліпбиіндегі емле әртүрлі, сондықтан осы жағы басшылыққа алынуы қажет. Мысалы, қазіргі кириллицада 42 әріп тұр. Ал латын графикасына көшсек, бізде 31-36 таңба болады. Енді қазір әлі бекітілмегендіктен дәл санын айта алмай отырмын. Бұл жерде орыс тілінен енген сөздерді жазуға арналған таңбалар болмайды. Айталық, латын әліпбиінде жіңішкелік белгісі жоқ. Көп адам қазақ тілінің емлесін қиынсынып, үйренуден, баласын қазақ сыныптарына беруден бас тартып жатады. Болашақта латын әліпбиінде жазылған емле балаға, оны қолданушы кез келген адамға оңай тиеді. Вальс, альбом, объект, подъезд сөздерін жазуда жіңішкелік, жуандық белгісіне бас қатырудың қажеті жоқ.
Мемлекеттік тіл латын графикасына өтіп жатқанда сөзсіз әліппе ғана емес, барлық оқулық латын әліпбиімен жазылады. Сол себепті екі жұмыс немесе басы артық қиындық деп қарап отыруға болмайды.
«Egemen Qazaqstan»:
Биыл баласын 1-сыныпқа берген ата-аналар арасында жүргізілген журналистік сауалдамадан латын әліпбиінен қашып орыс сыныбына бергендерді кездестірдік. Олар көбіне «Баланың миы ашиды» деп қысқа қайырады. Оның бір шетін өзіңіз де шығарып отырсыз. Жоғарыдағыдай ата-аналар арасындағы тенденция неден пайда болып отыр? Қалай оңтайландырамыз?
Гүлфар МӘЖИТҚЫЗЫ:
Балаларын орыс сыныптарына беру үрдісі қазіргідей кириллицамен оқып жүргенде де орын алып отыр. Кириллицада орыс тіліндегі таңбалар бар. Демек, орыстілді баланың өзін қазақ сыныбына беруге әбден болады. Бірақ мұның өзі көмектеспей отыр ғой. Сондықтан аталған үрдіске тек қана ата-ананың ұлттық сана-сезімі ғана себеп. Ал латын әліпбиінен қашып орыс сыныбына беру – сылтау ғана. Айналаңызға қараңыз, ағылшын тілін үйретуге кез келген ата-ана қаражат табады, қалтасындағы барын аямайды. Тіпті шетелге жіберіп үйрететіндер де бар. Енді өзіңіз ойлаңызшы, ағылшын тілі латын әліпбиінде жазылған ғой. Латын әліпбиінен қашып баласын ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын орыс сыныбына беретіндер осыны білмейді немесе мән бермейді. Егер ата-ананың мемлекеттік тілге, ана тіліне деген сезімі жоғары болса, латын тұрмақ, басқаға көшсек те баласын қазақ сыныбына береді.
Ұлт ұстазының әдістемесі балабақшадағы сауат ашудан бастап қолданылуы қажет
«Egemen Qazaqstan»:
Біз әліппені жоғалтып алған шақта аталған оқулық балабақшалардың мектепалды даярлық сыныптарында оқытылды. Негізі мектепке дейінгі білім мен орта білімнің арасында байланыс болуы керек. Міне, дәл осы мәселені профессор Сайраш Нағашыбайқызы көп көтерді. Ал жаңа әліппе сол байланысты бекіте ала ма?
Сайраш НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры:
Жаз бойы жоғарыдағы жұмыс тобының құрамында болып, жаңадан енгізілетін әліппе оқулығының оқу бағдарламасын әзірлеуге атсалыстым. Мектепке дейінгі балаларға арналған сауат ашу оқулығының авторымын және кезінде И.Тасмағамбетов «А.Байтұрсынұлының әліппесін қайтару керек» дегенде әліппе жазудың тәжірибесінен өттім. Осы оқулықтарды әзірлеуден жиған тәжірибеме сүйеніп, жаңа айтылғандай, мектепке дейінгі білім мен орта білім арасындағы сабақтастықтың сақталуына басымдық бердім, сол жағын көбірек қадағалауды көздедім. Бірақ біз қанша жерден оқулықта осы сабақтастықтың сақталғанын қадағалайық, көздеген мақсатымызға тек оқулықпен, бағдарламамен жете алмаймыз. Себебі іс жүзінде көп нәрсе басқаша болады. Мәселенің бәрі ата-аналардың баласын 1-сыныпқа барғанда ғана есіне алып, оның оқуы жайында мектеп партасына отырғанда ғана ойлана бастайтынынан шығады. Бала 1-сыныпта қиналмауы үшін мектепке дайындалуы керек. Айталық, баланың 5 жасқа дейін дыбыстау аппараты дұрыс, толық қалыптасу қажет. Байқасаңыз, бұрын логопедтер мектепке дейінгі балаларға керек болатын, қазір мектеп оқушыларына да аса қажет. Себебі бала мектепке барса да әлі кейбір дыбыстарды дұрыс айта алмайды. Енді қараңыз, дұрыс дыбыстай алмайтын бала дыбысты, әріпті қалай үйренеді? Міне, осы себепті де дыбыстау аппараты қалыптаспаған бала әліппені толық меңгере алмайды. Ал әліппе – өздеріңіз айтпақшы, бар кітапқа бас болған, барлық ілім-ғылымды үйренудің бірінші баспалдағы.
Екіншіден, мектепке дайындауда да асыра сілтеп жіберетін ата-аналар бар. Бұл да – баланың дамуына кедергі келтіретін үрдіс. Мысалы, сізге білетін нәрсеңізді үйреткісі келетін адамның сөзі қызық емес қой. Сол секілді баланы да жас ерекшелігіне сай үйретіп отырған жөн. Әйтпесе 1-сыныптың бағдарламасын балабақшада меңгеріп алған балаға сабақ қызық болмай қалады. Қалыпты дамып келе жатқан балаларға да бәрін біліп тұрған бала кері әсер етеді.
Ал А.Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде әзірленетін әліппе 1-сыныптарға енгізілсе, онда ұлт ұстазының әдістемесі балабақшадағы сауат ашудан бастап қолданылуы қажет.
Манара ЕЛЕКЕНҚЫЗЫ:
Сайраш Нағашыбайқызының сөзінде салмақ бар. Біз осы сабақтастық мәселесін де әліппе оқулығының оқу бағдарламасын әзірлеуде назардан тыс қалдырмадық. Мектепке дейінгі білім берудің мемлекеттік стандартына өзгерістер енгізілді. Стандарттағы өзгерістерге орай бағдарламаға да толықтырулар енгізіліп жатыр. Сондықтан біз профессор айтып отырған сабақтастық жайы заңдық тұрғыдан реттелген деп айта аламыз.
Мұғалімдер шындықты айтпайды
«Egemen Qazaqstan»:
Байқап отырсақ, талқылауда көп сөз ата-аналарға қатысты айтылып жатыр. Ал қоғамда оқулықтағы өрескел олқылықтар мәселесін ең алдымен ата-аналар көтереді. Әлбетте, балалардың өміріне жауапты бірінші тұлға болғандықтан, олардың ойын ескермеу әділетсіз әрекет болар еді. Сол себепті біз талқылауға ата-аналардың атынан 4 баланың анасын шақырдық.
Гүлнар ОМАР, ата-ана:
Өзім – мектепке өте жақын адаммын, өйткені мамандық бойынша психологпын. Әрі ата-анам да – педагогика саласының ардагерлері. Ата-ана ретінде Сенат пен Мәжілістегі отырыстарға қатысып, оқулықты сараптамадан өткізетін жұмыс топтарында болдым. Осы және ана ретінде күнделікті балалардың сабағын қадағалаудан түйген тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, жоғарыда айтылған маңызды сабақтастық мәселесі тек оқулық, бағдарламада ғана емес, мектептегі тәрбиеде де көрініс табуы тиіс. Мысалы, бала сәбилер тобынан ортаңғы топқа өтіп, кейін ересек топтан мектепалды даярлық тобында өзінің өзгелерден әлдеқайда үлкен екенін және жауапкершілік жүгінің ауырлау болатынын сезінеді. Мұны сезінуіне балабақшадағы тәрбие де, тәрбиеші де, үлкен топтарда өз бетінше әрекет етуге бағытталған тапсырмаларға толы бағдарлама да ықпал етеді. Ал енді сол бала мектепке келгенде, оған мұғалім ең кіші сыныптың оқушысы ретінде өбектей қарайды. Біз әрбір педагогты психолог деп білеміз. Сондықтан психологиялық тұрғыда тәрбие беру жүйелі жүргізілуі қажет.
Енді оқулық мәселесіне келсек, қазіргі таңда біз «Зет» (Z) ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз. Бүгінгі балаларды қызықтырудың өзі қиын, зейінін тұрақтандыру да үлкен күш-жігерді талап етеді. Сол себепті біздің оқулықтарымыз да заманауи балаларды оқуға құштар ете алатындай, жаңа талаптарға сай әзірленуі тиіс. Қанша дегенмен ата-ана баланың қызығушылығын, деңгейін, әлеуетін анық біледі. Ал оқулықтар талапқа сай, сапалы болуы үшін оның әзірлену жұмыстары басынан ашық, жария түрде іске асырылуы тиіс. Жоғарыдағы білім саласының сарапшысы айтқан пікірмен келісемін, оқулық қана емес, оқулық негізге алынатын оқу бағдарламасы да сынақтан өткізілуі керек. Сынақтан өткізіліп қоймай, ашық талқылануы тиіс. Мәселен, біз «Педагог мәртебесі туралы» заңды ашық, қызу талқыладық қой, ата-ана ретінде ой-пікірімізді білдірдік. Бұл жерде, әрине ата-аналардың белсенділігі керек. Шын мәнінде ата-аналар дайын оқулықты ғана сынамай, әзірленіп жатқан оқулықты талқылауға атсалысуы тиіс. Бұл үшін министрлік дәл сол сын айтатын ата-аналарды жұмыс тобына қосу қажет. Бәрібір қоғам болған соң, белсенділер болады. Оның ішінде көзі ашық, шетелде тәжірибеден өтіп келген немесе еліміздің дамуына қанша жыл үлес қосқан зиялы азаматтар да бар.
Әліппе оқулығын академияның мамандары 2 тоқсан оқытылатынын айтып отыр. Ал әліппе тек 2 тоқсан емес, жыл бойы оқытылуы керек. Оқулықты сынақтан өткізетін мектептерді ауыстырып отырған жөн, бізде министрлікпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін белгілі оқу ошақтары бар, тек солармен бірге жұмыс істейді. Ондағы мұғалімдер мүмкін жоғарыдағылардың аузына салып бергенін ғана айтатын шығар. Сол себепті апробацияны әділ өткізу үшін мемлекеттік мектептер ғана емес, ерекше деңгейдегі оқу ошақтары мен жекеменшік білім беру ұйымдарына да сынақтан өткізуге мүмкіндік беру қажет. Ең маңыздысы біз практиктерді тыңдауға тиіспіз. Мұғалімдер, әсіресе оқулықтарды сынақтан өткізіп жатқан педагог қауым шындықты айтуы керек. Көбіне мұғалімдер бұғып қалады, шындықты айтпайды.
Мұғалімдердің шындығы 100 пайыз ескерілмейді
«Egemen Qazaqstan»:
Расымен, ғалым мен әдіскер мінсіз оқулық жазып шығуы мүмкін, бірақ бұл тәжірибеде қолданылып, өз нәтижесін, жемісін бермесе, бәрі бекер. Еңбектің далаға кеткені. Сондықтан практиктердің ойы аса маңызды, негізі оқулыққа қатысты соңғы шешім де солардан, яғни мұғалімдер тарапынан шығуы қажет. Алайда ата-ана айтқандай, мұғалімдер шындықты айтпаса қалай болады? «Бастауыш сынып мұғалімі ер адам болуы ерсі емес» деп бас басылымға шыққан кейіпкерімізден тікелей сұрайық, мұғалімдер шынымен шындықты айтпай ма?
Алтынбек МҰҚЫШЕВ,
Елордадағы №69 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі:
Оқулықтарды апробациядан өткізетін мұғалімдерге қатысты айтылған ата-ананың сынына өз тәжірибемнен жауап берейін. Біз мектептегі 12 мұғалім жаңартылған білім мазмұны бойынша әзірленген оқулықтарды сынақтан өткіздік. Сонда өзіміз байқаған, анықтаған кемшіліктер мен қателіктерді міндетті түрде тиісті адамдарға жеткізіп отырдық. Қай оқулықта қандай олқылықтар бар, соны жеке-жеке көрсеттік. Көбіне баланың орындауына, жас ерекшелігіне, қабылдауына қиын тиетін тапсырмаларды түртіп аламыз. 4 жылдың ішінде оқулықтардағы ата-аналарға оғаш көрінген дүниелердің бәрін – жиналыстарды жиірек өткізіп, маңызын, себебін, әдістемесін, берілудегі мақсатын тереңірек түсіндіргеннен кейін көзқарастары өзгерді. Шын мәнінде түсіндіру мен ата-анамен жұмыс жеткілікті жүргізілмейді.
Шама-шарқымызша түзету енгізген оқулықтармен оқушыларымызды 4 жыл бойы оқытып, бастауышты бітірттік. Шәкірттерім жаман болған жоқ. Өйткені бұрын бітірген оқушыларға қарағанда, осы оқулықтармен оқыған оқушыларым 5-сыныпқа барғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш көрсетті. Қанша дегенмен кез келген істің берекелі болуы үшін көзделген мақсатқа қол жеткізуге кәсібилік пен шеберлік қажет. Оқулық сапалы, мінсіз жазылғанымен, ондағы көрсетілген міндеттерге лайықты деңгейде қол жеткізе алатын мұғалім болмаса, жұмыс жемісін бермейді.
«Мұғалімдер шындықты айтпай ма?» дегеннен гөрі «Мұғалімдердің айтқаны ескеріле ме?» деген сұрақ орынды болады. Өйткені әлгінде айтқанымдай, біз кем-кетігін айтамыз, жазамыз, жеткіземіз. Бірақ соның барлығы түгел, 100 пайыз ескерілді, қайта түзетуде ұсыныстарымыздың бәрі енгізілді деп айта алмаймыз. Негізі дайын оқулықты сынақтан өткізуге ғана емес, оқулықты және оқулықтың оқу бағдарламасын әзірлеуге де мұғалімдерді көбірек тарту керек.
Ауыл мұғалімдеріне дискімен таратылады
Гүлнар ОМАР, ата-ана:
Мұғалімнің шеберлігі дегеннен шығады. Әрине, білікті педагог қалайда балаларға бағдарламаны меңгертеді. Десек те, біз бағдарламаны, соның негізінде оқулықты әзірлегенде ауыл мен қала мектептеріндегі оқушылардың оқу деңгейін ескеруіміз керек. Халықаралық көрсеткіштерден көз жеткізіп отырғанымыздай, ауыл балалары қаладағы оқушылардан 1,5-2 жылға артта қалып келеді. Бұл – үлкен мәселе. Осыны ескерсек, қаладағы балалар қалайда ілесіп алады, оларда мүмкіндік көп. Ал қарапайым интернеті жоқ ауыл оқушылары үшін, айталық, әріпті ермексазбен мүсіндеп көру секілді қолжетімді заттармен орындалатын тапсырмалар берген жөн. Содан соң қазір үздік ұстаздардың сабағы видеоға түсіріліп, білім беру платформаларына, YouTube арнасына салынды ғой, сол сабақтарды дискілерге сақтап, ауыл мектептеріне таратылғаны абзал. Соның ішінде, әсіресе әліппенің жаңа әдістемесі бейнетаспаға басылып, видеоларға түсіріліп, бейнетүсіндірулер арқылы таратылуы тиіс.
Манара ЕЛЕКЕНҚЫЗЫ:
Осы талқылауда айтылған ұсыныстардың барлығын түртіп алдым. Оқулықтарды апробациядан өткізуге жекеменшік мектептерді қосу туралы ұсынысты қабылдадық. Ал ауыл мектептерін қажетті контентпен қамтамасыз ету мәселесін қазір нақты жолға қойып, осы бағыттағы жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Өйткені пандемияның кезінде ең бастысы интернеті нашар немесе мүлде жоқ ауылдардағы оқушыларға қиын тиді. Сондықтан «Bilimland» платформасының «Bilimbook» деген жақсы бір жобасы бар. Бұл арқылы оффлайн режімде, яғни байланыс ұстамайтын аймақтарда да барлық материалды қарап, қажетінше қолдана алады. Сабаққа керек контентті 32 кбт флешка, дискілермен жеткізуге болады. Осы жұмысты жаңа әліппе әзірленіп, толығымен дайындалғанда іске асыруды жоспарлап отырмыз. Жаңа оқулықтың оқу-әдістемелік кешені (ОӘК), қосымша құралдары, дискілері, мұғалімдерге арналған әдістемелігі, басқа да ресурстарға сілтемелер болады. Соның бәрін қосымша жаңартып, ауыл мектептеріне жіберуді көздеп отырмыз.
Түйін: Қазақта «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар. Бұл ойдың бүгінде маңызы артты. Себебі расымен де өзі білмейтін, айналысып көрмеген, анық көз жеткізбеген жайтты кәсіби маманша талқылап, қате көзқарас қалыптастыруға ықпал ететіндер көбейді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ұйымдастырылған дөңгелек үстелдегі сарапшылардың сөзінен түйгеніміз – әліппенің әлегі әлі бітпейді. Оның жыры биыл ғана басталғандай. Жаңа әліппенің жаңалық болатынына да толық кепілдік жоқ. Ал сапасы... Бұл – енді бәрімізге ортақ мәселе.
Дайындаған
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»