Оқиға • 12 Қазан, 2020

«Достық» орденімен марапатталды

228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан елшілігінде Қытайдың аудармашылар қауымдастығының аға аудармашысы, профессор Ха Хуаньчжанға және «Қытай жазушылары» баспа тобының бас басқармасының басшысы, танымал жазушы Әкбар Мәжитұлына II дәрежелі «Достық» ордендерін салтанатты тапсыру рәсімі өтті.

«Достық» орденімен марапатталды

Абай Құнанбайұлының мұра­сын насихаттауға сіңірген еңбек­тері үшін аталған тұлғаларды мем­ле­кеттік марапатпен наградтау туралы Жарлыққа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 4 тамызда қол қойған болатын.

Ха Хуаньчжан (әдебиеттегі лақап аты – Қабай) Абай шығар­ма­шы­лығын зерттеуге өмірін арна­ған алғашқы шетелдік әдебиет­танушылардың бірі. 1958 жылы Ха Хуаньчжанның «Абай Құнан­байұлы. Үш өлең» атты тұңғыш аудармалар жинағы жарық көр­ді. Сол жылы ҚХР ШҰАА-да шы­ға­тын «Тянь-Шань» журналы «Қазақстанның ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлы» атты оның Абай туралы алғашқы ғылыми мақаласын жариялады.

Оның «Абай өлеңдері» және «Қара сөздер» атты қытай тіліндегі аудармаларын Шынжаң баспасы 1982 және 1984 жылдары басып шығарды. Үш жылдан кейін Бей­жің­де Қа­бай­дың «Абай және оның поэзия­сы» атты мақалалар жинағы, ал 1994 жылы ол құрастырған «Абай шы­ғар­маларының толық жинағы» қытай тілінде жарық көрді.

Ха Хуаньчжанның ең елеулі еңбектерінің бірі – Мұхтар Әуе­зов­тің әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының аудармасы. Бұл жұмысқа ол 14 жыл жұмсаған болатын.

Әкбар Мәжитұлы – қытай тілінде жазатын ҚХР-дың аз ұлттар өкілдерінің көрнекті жазу­шы­ларының бірі. 1982 жылдан бас­тап Қытай Жазушылар одағының мү­шесі, кезінде ҚХР Халықтық-сая­си консультативтік кеңесінің депутаты болған, ҚХР мемлекеттік сыйлығының үш мәрте иегері, оннан астам кітаптың, оның ішінде Абай шығармалары аудармаларының авторы.

Жақында, қыркүйек айында Әкбар Мажитұлының «Абай Құнан­байұлының шығармалары қытай тілінде» атты 2 томдық жинағы жа­рық көрді.

Әкбар Мәжитұлының аудармалары мен ізденістерінің арқасында бүгінде қытай оқырмандары Абай Құнанбайұлының ақындық және философиялық мұрасымен қатар қазақ әдебиетінің басқа да көрнекті классиктерінің шығармаларымен жақын танысуға мүмкіншілік алуда.