Таным • 13 Қазан, 2020

«Babalar izimen» экспедициясы ұйымдастырылды

444 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақында Атырау облыстық жас­тар саясаты басқармасының ұйым­дас­ты­руымен «Biz birgemiz: Asyl mura» жобасы аясында «Babalar izimen» экспе­дициялық туры ұйымдастырылды. Экс­пе­дициялық турдың негізі 2 күнді құ­рап, Атырау өлкесінің киелі жерле­рінің картасы негізінде тарихи орындар­мен экспедиция мүшелері танысты.

«Babalar izimen» экспедициясы ұйымдастырылды

Суретті түсірген Рахим Койлыбаев

­Экспедиция құрамы өз жұмысын Қа­зақ хан­дығының астанасы Сарайшық қала­шы­ғынан бастады. Сарайшық сапарында музей – қо­рық­тың директоры Мұқтар Әбілсейіт ал­дағы жылдарда жоспарланған іс-шаралар­мен таныстырды. Музей қызметкері Орын Сағынбаева археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан қалашықпен таныс­тырып, сол дәуірдегі тұрғын үйлердің ерекшеліктерін түсіндірді.

Экспедиция мүшелері Атырау облысы, Махамбет, Индер ауданында орналасқан айтыскер ақын Бала Ораз Өтебайұлының, зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлының, күрескер ақын Махамбет Өтемісұлының зиратына барып, тағзым етті. Ел қайран қалатындай әйгілі Тұздыкөлдің жағасына барып, тылсым табиғаттың ерекшелігімен танысты.

Сапардың екінші күні Атырау облысы, Жылыой ауданында орналасқан тарихи орындармен танысумен жалғасты. Жұбан ата мазары, Иманқара үңгірі, Ақкегершін борлы үстірті, Ақмешіт, Құлшан ата мазары сынды тарихи орындарына экспедиция мүшелері барып, тың деректермен танысты.

 

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,

экспедиция мүшесі

 

Атырау – Махамбет – Индер-Жылыой – Атырау