Өнер • 13 Қазан, 2020

Дәуір үнінде дала данышпандары

553 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Евгений Сидоркин – Кеңес дәуірінің көрнекті суретшісі. Қыл­қаламдағы даралығы мен таланты, құш­тарлығы пен рухының күші оны шығармашылығы қазақ бейнелеу өнерінің әлемдік мәдениет шыңына көтерілуіне септігін тигізген танымал классик-шеберлердің қатарына қосты.

Дәуір үнінде дала данышпандары

 

Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде Кеңес одағының халық суретшісі, Ш.Уәли­ханов атындағы Қазақ КСР Мем­ле­кет­тік сыйлығының лауреаты атанған бірегей шебердің туғанына 90 жыл толуына орай «Менің Қазақстаным» атты жеке көр­ме ашылды. Экспозицияға «Көңілді ал­дағыштар», «Қазақ эпосы», «Сәкен Сейфул­линді оқығанда», «Қазақтың ұлттық ойын­дары» секілді суретшінің ең үздік топтамалары қойылған. Кәсіби дарын иесінің Қазақ­стандағы алғашқы жұмысы саналатын – «Көңілді алдағыштар» топтамасының акварельдік парақтары көрермен көңілін күлкі мен юморға толтырады. Оның басты кейіпкерлері – есімдері аңызға айналған дала данышпандары Алдаркөсе мен Тазша бала, Жиренше шешен.

«Евгений Сидоркиннің туындылары қазақ графика өнерінің жарқын беттерін құрайды. Оның шығармашылығына тән өте жоғары кәсіби және орындаушылық шеберлігі Қазан көркемсурет училищесінің, Ригадағы Көр­кемсурет академиясының, И. Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтының білім ошақтарында қаланды. Дәуір үнін дәл жеткізген филосо­фия­лық мәні терең картиналардың уақыт өткен са­йын маңыздылығы артып келеді. Кенептегі әр жағыс, өткен тарихымыздың қайталанбас ізі», дейді музейдің Қазақстан бейнелеу өнері бөлімінің жетекшісі Күлжа­зира Мұқажанова.

Айталық, көрме төрінен орын алған «Ғасырлар түнегінен» топтамасын Сидоркин 8 жыл бойы кенепке түсірген. Аталған карти­налар тізбегі – суретшінің қазақ халқы­ның тарихы жайлы ойлары кейіптелген қон­дыр­ғылы қолтаңбасы. Ол шығармасында қақтығысқа, қара күш пен соғысқа табынған «қатыгез ғасыр» – феодалдық өзара тартыс­тар кезеңін таңдап алған. Ал суретшінің Бай­қоңырға, Теміртау Магниткасына, Қазақстан егін­шілеріне арналған сюжеттері кірген «Қазақстан жерінде» топтамасы жолсапар­дан алған әсерінің күшімен дүниеге келіпті. Шебер қаламына ілігіп, топтама қаһармандарына айналған қарапайым жұмысшылар мен олардың қоңырқай тіршілігі көрерменді өткен күннің елесімен қауыштырады.

– Сидоркин шығармасындағы өзінің шұрық-тесік тонын айқара ашып тұрған Алдаркөсенің тапқыр да айлакер жүзінде қаншалықты сенім бар десеңізші. Оның жанындағы салтанатпен сәнді киінген бай мүсәпірлеу көрінеді. Кейінірек суретші осы топтаманы түсті автолитография тәсі­лінде екінші рет орындайды. 1960 жылы ол М.Әуезовтің шоқтығы биік «Абай жо­лы» шығармасын көркемдеуге ақ-қара ли­но­­гравюраны таңдайды, арада он жыл өткеннен кейін 1970 жылы екінші рет автолитография тәсілінде орындап шығады. Өз дәуірінің энциклопедиясы аталған осы үлкен эпопеядағы ең басты оқиғаларды қамтуға тырысады. Роман бірнеше рет оқылып, Абай, Тоғжан, Құнанбайлардың немесе өзге де бас кейіпкерлердің портреттері суреттелген жолдар ерекше назарға алынып, парасат пен философияға толы болмыс-бітіміндегі қайталанбас образдары сомдалған. Сонымен қатар Сидоркин романның аса маңызды тұстарын таңдап алып («Базар», «Аналар», «Әбіш бейітінің басында», «Жұт»), шығарма оқиғасының және тұлғалардың эмоциялық тереңдігін көз алдымызға елестете алатындай керемет айқындаған, – деп пікір білдірді өнертанушы Самал Мамытова.

 

АЛМАТЫ