Мәселен, Шортанды ауылындағы үш баланың анасы Мәдина Қалибекова «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өткен соң грант алып, көкөніс сата бастады.
«Менің күйеуім дәрігер, жұмысына байланысты осында көшіп келдік. Үйде біраз отырып қалдым. Содан кейін жолдасым маған осы жоба туралы айтты. Жазда оқудан өтіп, сертификат пен оған қоса грант алдым. Бірнеше ай бұрын азық-түлік дүкенін аштық. Жақында бизнесті кеңейту үшін тағы да несие алуға тырысып көруге болатынын білдім. Байқап көремін, себебі жоспарларым бар», дейді Мәдина Қалибекова.
Ал Софиевка ауылдық округінде тұратын көпбалалы ана Әбілхан Нұршаш кәсіпкерлікті дамытудың басқа бағытын таңдады. Ол мал шаруашылығын дамыту үшін несие алды. Қазір оның шаруашылығында 15 бас ірі қара мал бар.
«Қыркүйек айындағы жағдай бойынша «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік қызметті дамытуға 486 шағын несие және 540 грант берілді. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1 120 адам кәсіпкерлік негіздерін үйренді», деді Ақмола облысы жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова.
Басқарманың мәліметінше, облыста 14 мыңнан астам адам «Еңбек» бағдарламасының қатысушысы болды. 10 мың адам еңбекпен қамтылды, оның 6,6 мыңы тұрақты жұмысқа, әлеуметтік жұмыс орындарына – 490 және қоғамдық жұмыстарға 2 884 адам орналасты. 786 қазақстандық жастар тәжірибесіне жолданды. Қысқамерзімді кәсіптік оқуға 702 адам тартылды, ал 1 қыркүйектен бастап облыста 9-11 сыныптардың 1 190 түлегі техникалық және кәсіби орта білім орындарында оқуды бастады.
Жалпы еліміз бойынша осы жылы «Еңбек» бағдарламасына 430 мың адам қатысып, оларға түрлі қолдау шаралары көрсетілді. 279,8 мың адам жұмыспен қамтылса, оның ішінде 146,7 мың адам тұрақты жұмысқа кірді. 159,8 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылды. Бизнес-идеяларды дамытуға 6,9 мың микрокредит және 20 мың қайтарымсыз грант берілді. 30 мың азамат кәсіпкерлік негіздеріне қысқамерзімді оқудан өтуде.