Әлем тарихында «Пазырық мәдениеті» деген атпен белгілі Еуразия археологиясының айрықша жаңалығына баланып келген б.з.б V-III ғасырға тән ежелгі оба, қорғандар – Ресей Федерациясы Таулы Алтай аймағы, Улаган ауданы жерінде теңіз деңгейінен 1600 метр биікте орналасқан һәм мәңгі мұздақта бүлінбей сақталған бес үлкен оба. Мұндағы тоң-мұздақтың арқасында табиғи бальзамдалған адам мүрдесі мен металл, тері, былғары, ағаштан жасалған бұйым, сонымен қатар малдың жүнінен тоқылған керемет кілемдер жақсы сақталған.
Солардың бірі – Елбасы кітапханасы көпшілікке ұсынып отырған мына кілем. Бұл жәдігерді Нұрсұлтан Әбішұлына 2010 жылы бірқатар мемлекет елшілерінің сенім грамоталарын тапсыру рәсімі кезінде солардың бірі ұсынған екен. Сөйтіп аталған дипломатиялық сый біздің еліміздің халықаралық қатынастарының ауқымды географиясын сипаттаумен қатар, ежелгі заманнан бері Еуразия аумағын мекендеген халықтардың жаһандық тарихи-мәдени қоғамдастығының айнымас символы ретінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы қорынан орын алған.
Дәл осы кілемді 1949 жылы орыс археологі, техника ғылымдарының докторы Сергей Руденко басқарған КСРО ҒА Археология институтының экспедициясы тайпалық ақсүйектердің отбасылық зираты болып табылатын бес үлкен тасобаның бірі – бесінші қорғаннан тапқан.
Кілемнің пішіні шаршыға жақын, яғни 183х200 см. Қойдың иленген терісінен жасалған. Ортасы бедерлі төртбұрыш шаршылармен безендіріліп, шеті бұлан мүсінді бейнелермен жиектелген. Жәдігерді тоқыған ашық қызыл, жасыл, сары түстес жіптер өңін бұзбай жақсы сақталған.
Сыртқы жиегінде қанатты грифондардың фигуралары орналасқан. Келесі кең белдеулі жиекте ат үстінде және жан-жағында жетіден қызыл фонда шабандоздардың шеруі бейнеленген. Орталық өріспен шектесетін қиылыста бүркіт грифонының қайталанатын бейнелері тоқылған. Кілемнің орталық қызыл фонында үшбұрыш пішіндес жапырақшалар және оларды толықтыратын жиырма төрт шаршы орналасқан.
«Мұндағы барлық элементтерді орындаудың шеберлігі сол кезеңдегі кілем тоқудың жоғары деңгейін көрсетеді» деп жазған екен жәдігерді қайта қалпына келтіру ісіне басшылық жасаған ғалым-реставратор Н.Н.Семенович. Бұл кілемнің түпнұсқасы Санкт-Петербургтегі Мемлекеттік Эрмитаж музейінде сақтаулы тұр.
– Кілемнің шығу тегі туралы әртүрлі көзқарастар бар, – дейді көрмені ұйымдастырушылар. Яғни, жәдігердің пайда болуы біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықта Еуразия аумағында болған жаһандық мәдени байланыстардың дәлелі іспеттес. Сонымен қатар бұл кілем ежелгі өнер тарихы мен семантикасының баға жетпес қайнар көзі. Өз заманының басқа да көрнекті ескерткіштерімен қатар, ерте темір дәуіріндегі көшпенділер мәдениетінің жоғары деңгейінің көзге көрінетін үлгісі болып табылмақ.