Экономика • 13 Қазан, 2020

Cтартап SAGI стартабы АХҚО алаңында $260 мың инвестиция тартты

228 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген қазақстандық Sagi стартабы $260 мың доллар инвестиция тартты. Компания қазір $1,3 млн-ға бағалануда. Компаниядан үлес алған инвесторлар – белгілі "Hani" кофеханалар мен торттар желісінің негізін қалаушы Нариман Шақабаев пен алматылық кәсіпкер Ержан Әлмұхамедов.

Cтартап SAGI стартабы АХҚО алаңында $260 мың инвестиция тартты

«Өткен аптада ғана АХҚО-ға тіркеліп, мүшесі болдық. Ал қазір АХҚО алаңы арқылы $260 мың инвестиция тартып отырмыз. Ағылшын құқығы бойынша жұмыс істеп, Сингапур, Ұлыбритания сияқты елдердегі компанияларға берілетін артықшылықтар мен мүмкіндіктерге ие болып отырғанымызды өте жоғары бағалаймыз», - дейді стартаптың негізін қалаушы Жақсылық Еселбаев.

Sagi – мобильді қосымша. Қосымша арқылы кез келген уақытта әлемнің кез келген жеріне цифрлық сыйлық пен сыйлық сертификат жіберуге болады.

Бұл қосымшаның артықшылығы сонда – Sagi қолданушылары кез келген брендтің цифрлық сыйлықтары мен сыйлық сертификаттарын сатып алып, Whatsapp, Telegram, Facebook, Instagram, Tinder секілді мессенджерлер арқылы немесе қосымшаның өз ішінен қалаған адамына жібере алады.

Бұдан бөлек, Sagi қосымшасының көмегімен жасырын түрде де сыйлық жіберуге болады. Сонымен қатар, жақындарыңыз бен достарыңыздың қалайтын сыйлықтарының тізімін көруге де мүмкіндік бар. Осы арқылы олардың өздері қалаған сыйлықтарын алып бере аласыз.

Бұл қосымша достарыңыз бен жақындарыңыздың туған күндері мен атаулы күндерін де пуш-ескерту арқылы есіңізге салып отырады.

Таныстарыңызға ғана емес, танымайтын адамдарға да оңай сыйлық беруге болады. Мәселен, жұлдыздар мен танымал адамдардың шығармашылықтары мен еңбектері үшін алғыс ретінде сыйлық жөнелтуге болады. Тіпті мекен-жай мен телефон нөмірін білмейтін болсаңыз да сыйлықты жіберуге мүмкіндік бар.

"Астана" халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен "Бес институционалды реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам" Ұлт жоспары аясында құрылды. 2020 жылдың 2 шілдесінде АХҚО Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Құжатқа сай, АХҚО Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО, Батыс Қытай, Моңғолия мен Шығыс Еуропа елдеріндегі алдыңғы қатарлы қаржы орталығы болып қалыптасу көзделген.

АХҚО міндеті өңірдің ұзақмерзімді тұрақты дамуына ықпал ету. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, «АХҚО өзінің теңдессіз мүмкіндіктерімен өңір елдерін байланыстырушы ерекше платформаға айнала алады». АХҚО-ның тұрақты дамуының стратегиялық бағыттары жабық циклді экономика, қаржы технологиясы мен «цифрлық қаржы орталықты» дамытуды қамтиды.