Технология • 14 Қазан, 2020

YaskawaMotoman – дәнекерлеуші-робот

151 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Кентау трансформатор зауыты» АҚ өндіріс ошағында бір уақытта 6 адам­ның жұмысын атқара алатын, жапондық YaskawaMotoman дәне­керлеуші-роботы іске қосылды.

YaskawaMotoman – дәнекерлеуші-робот

Айта кету керек, робот дәнекерлеу сапасын арттыруға және кәсіпорынның өнімділігін жоғарылатуға арналған. Бір дәнекерлеуші маманның 8 сағатта атқаратын жұмысын робот 20 минут ішінде орындап шығады.

YaskawaMotoman роботы Жапонияда ойлап табылған. Алайда Швецияда құрастырылып, Украина мемлекетінде арнайы өндіріске лайықты бағдарламасы енгізілген. Роботпен жұмыс істеу үшін Кентаудағы зауыттан 3 маман Украина мемлекетіне барып, арнайы іс-тәжі­рибеден өтіп келген. Болашақта зауытты тағы да осындай роботтармен толықтыру жоспарлануда. Айта кетерлігі, бұл дәнекерлеуші-робот Қазақстанда іске қосылған ең алғашқысы болып отыр.

Кентау трансформатор зауыты – электр энергетика, металлургия, машина жасау, көлік, мұнай-газ кешенін және тұрғын үй-коммуналдық секторын қоса алғанда, экономиканың бар­лық салалары үшін жеткізілетін, кең қол­данысқа арналған трансформаторлық жаб­дық­тарының жетекші қазақстандық өндіру­шісі. Зауыт шығаратын өнімдер халықара­лық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді. Өткен жылдары зауыт өнімдерінің тізімі 400-ден астам атау­ға жетті. Трансформаторлардың тех­ни­калық пайдаланудың ұсынылатын мер­зімі 25 жылды құрайды, бірақ іс жүзінде дұрыс пайдалану және уақтылы сервистік қызмет көрсету кезінде трансформаторлар үздіксіз 40-50 жыл жұмыс істейді.

Зауыттың өнімі үлкен сұранысқа ие және Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Тәжікстан елдеріне экспортталады. Кәсіпорын сапалы трансформаторларды ғана емес, энергия үнем­дейтін транс­форматорларды шығарады. Жетек­ші еуропалық елдердің жоғары техно­логиялық жабдықтарын енгізу, сон­дай-ақ заманауи оқшаулағыш материал­­дарды қолдану арқылы өндіріс ошағы­­ның өнімдері сапа, сенімділік және но­менк­ла­ту­ра­ның әртүрлілігі бо­йын­ша шетелдік ұқсас техникалардан едәуір асып түсті.

Бүгінде кәсіпорынның негізгі міндет­тері­нің бірі экспорттық әлеуетті арттыру болып табылады. Өндіріс ошағы «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту­дың мемлекеттік бағдарламасы шеңберін­де өнімдердің экспорттық әлеуетін арт­тыруға «Қазақстанның даму банкі» АҚ та­ра­пынан қосымша қаржыландыру алды. Қазақ­станның даму банкі 6%-бен 1,5 млрд теңге мөлшерінде несие ұсынды.

Кентау трансформатор зауыты 1959 жылдан бастап жұмыс істейді. Зауытта жабдықты жаңарту қажеттілігі туындады. «Өнімділік 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ҚДБ-Лизинг тарапынан ұсынылған қаржыландыруға әлемнің жетекші өндірушілерінен трансформаторлар өндіру үшін металл өңдеу станоктары сатып алынды. Автоматтандырылған басқару бағдар­ламалық жасақтамасына негіз­делген бұл жабдық қол еңбегін жеңіл­детуге, өнімділікті арттыруға және өнім­нің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Мемлекет кәсіпкерлерді, атап айт­қанда осындай даму институттары ар­қылы барынша қолдайды.

Қазір зауытта 1 153 адам еңбек етеді. Соны­мен қатар мұнда политехникалық кол­ледж бар, онда студенттер дуальды оқы­тудан өтіп, содан кейін білімдерін зауыт­та қолданатындығын атап өткен жөн. Колледж жыл сайын 100-ден астам ма­ман даярлайды, олар кейін зауытта жә­не «Alageum Electric» БК ХК-да жұмыс істейді.