"Сізді туған күніңізбен құттықтаймын! Өзіңізді отандастарымыз шығармашылық жолдағы ізденістерге толы еңбегімен, адами асыл қасиеттерімен абыройға бөленген қаламы ұшқыр жазушы əрі драматург ретінде жақсы біледі жəне құрметтейді. Алдағы уақытта да ел əдебиетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосып, тағылымы мол құнды дүниелеріңізді асыға күтетін ойлы оқырмандарыңызды жаңа туындыларыңызбен қуанта беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық жəне отбасыңызға құт-береке тілеймін", делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова Роза Мұқанованы Министрлік атынан да құттықтап, қызметіне табыс тіледі.
"Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын! Егемен Еліміз əлемдік қауымдастық алдында сан салада қарқынды дамуда. Осы орайда Сіз Ұлы Дала елінің мəдениетін өркендетуге сүбелі үлес қосып келе жатқан ұшқыр ойлы жазушы, ардақты ұстазсыз. Терең пайым, толғаныс пен ішкі сезім арпалысына толы, күллі адамзатқа ортақ дүниетаным иірімдері қанық шығармаларыңызбен əдебиет саласында тың құбылыс қалыптастырдыңыз. "Жарық дүние", "Дүние кезек", "Құдірет-Кие" əңгімелер жинағыңызбен талғампаз оқырманның жоғары бағасына ие болып келесіз. "Мәңгілік бала бейне", "Мысықтар патшалығы", "Шатыр астындағы Мен" жəне өзге де қойылымдарыңыз сахна төрінде зерек көрерменнің көкжиегін кеңейтіп жатқан өміршең туындылар. Лайым қанатыңыз талмай, қажыр-қайратыңыз арта берсін. Алдағы уақытта да еселі еңбегіңіз берекелі болып, қалам сертін қалтқысыз атқара беруіңізге тілектеспін. Осынау ерекше сəтті пайдалана отырып, Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, шығармашылық шабыт, қызметте табыс, отбасыңызға амандық пен ортаймас несібе-дəулет тілеймін!", делінген министрдің құттықтау хатында.
Өз кезегінде қаламгер Мемлекет басшысына алғысын айтты.
Айта кетейік, Роза Мұқанова Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың (1989), Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты (2002). Сонымен қатар "Шатыр астындағы Мен" пьесасы Мемлекеттік Грант жүлдесінің (2008), Еуропа қоғамдастығының шешімі бойынша әдебиетке сіңірген еңбегі үшін Франц Кафка атындағы медальдің иегері (2011).