Қоғам • 15 Қазан, 2020

Ұжымдық иммунитет індеттен құтқарады

336 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Індеттің екінші толқынына тегеурінді тойтарыс беру үшін алдымен ауруға қарсы вакцина табу өте маңызды мәселе болып тұр. Ал вакцина табылып, онымен халық жаппай «қаруланғанша» біраз уақыт қажет. Оған дейінгі амал – тек карантин тәртібін қатаң сақтау. Бұл – жаманат індетке қарсы жұмылған жұмыр жердің жалпы ұстанымы. Мұны ДДҰ басшысы Тедрос Гебрейесустің өзі ұдайы қаперге салып келеді.

Ұжымдық иммунитет індеттен құтқарады

 

ДДҰ қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеулерге жіберді

Еліміздің бас дәрігері Алексей Цой вакциналауға негізделген иммунитеті бар халықтың үлесі басым болған кезде індеттің таралуын тежей алатынымызды алға тартты.

«Біз әлемдегі жағдайға үнемі талдау жасап отырамыз және Еуропа мен жақын шетелдерде аурудың таралу көрсеткішінің өсімін байқаймыз. Бүгінде әлемнің 214 елінде 37 735 578 КВИ жағдайы тіркелген, сырқаттану өсімі – 0,7. Індеттен 1 081 165 адам қайтыс бол­ды, өлім-жітім көрсеткіші 2,9%-ды құ­рады. Өткен аптада Германияда сыр­қат­тану даңгейі 1,0%-дан 1,5%-ға дейін, Ук­раинада 1,9%-дан 2,4%-ға дейін, Ресей Федерациясында 0,8%-дан 1,1%-ға дейін, Испанияда 0,5%-дан 1,0%-ға дейін, Францияда 1,8%-дан 3%-ға дейін, Чехияда 1,8%-дан 3,7%-ға дейін, Ита­лияда 0,8%-дан 1,3%-ға дейін өсті. ТМД елдерінде сырқаттану деңгейінің өсімі Қазақстанға қарағанда 11 есе жоғары екенін атап өткеніміз жөн», деді Денсаулық сақтау министрі.

14 қазанға дейінгі жағдай бойынша Қазақстанда 108 984 науқас тіркелді, соңғы тәулікте COVID-19 оң нәтижесімен 83 адам анықталған, 1 776 адам қайтыс болды. Коронавирус инфекциясының
35 234 ықтимал жағдайы (ПТР-) тіркелді, оның ішінде 373 адам көз жұмды.

Министрдің айтуынша, елімізде тұ­мауға қарсы профилактикалық вакциналау 15 қыркүйекте басталды. Екпе жасау науқаны маусымдық инфекциялар мен коронавирус инфекциясының жаңа толқынын азайту үшін ерте басталды. Ол үшін тұмауға қарсы вакциналардың 2,2 млн дозасы сатып алынды, бұл рес­публиканың жалпы халқының 11%-ын
қамтуға мүмкіндік береді. ДДҰ ұсын­ған қамтудың ең төменгі шегі – 10%. Аза­маттардың әлеуметтік осал топ­тарына жататын 1,8 млн адам егілді. Осы аптаның соңына дейін вакциналау толығымен аяқталады.

Елдің CОVID-19 вакцинасына қа­жеттілігін қамтамасыз ету үшін вакци­налауға жататын тәуекел топтар анық­талды. Бұл – 60 жастан асқан созылмалы аурулары бар адамдар, медицина қызметкерлері, мұғалімдер. Республика бойынша вакциналауға жататындардың алдын ала саны 2,8 млн адамды немесе бүкіл халықтың 15%-ын құрайды. Бұл ретте вакцинаның 5,6 млн дозасы қажет.

«Министрлік ресейлік «Спутник V» вакцинасын, «AstraZeneca» компа­ния­сының Оксфорд вакцинасын және қазақстандық вакцинаны сатып алу бо­йынша жұмыс жүргізуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеулерге ресми түрде жіберді. 17 қыркүйекте вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау мақсатында Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы базасында клиникалық зерттеулердің I фазасын жүргізуге рұқсат берілді. 17 қарашада II кезеңнің клиникалық зерттеулері аяқ­та­лады, ал III кезең 2021 жылдың сәуір айының соңына дейін жалғасады», деді А.Цой.

 

Індет жұқтырған 6 341 дәрігер өтемақы алды

Бүгінгі таңда өңірлік комиссиялар өлім-жітім бойынша 182 өтінімді қарады. Кәсіби қызметін атқару кезінде коронавирустан қайтыс болған барлық 182 медицина қызметкерінің отбасыларының әрқайсысына 10 млн теңге мөлшерінде әлеуметтік өтемақы тағайындалды.

«Осылайша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус инфекциясының жаңа толқынына дайындық, қайтыс болған дәрігерлердің отбасыларына барлық тиісті жәрдемақыларды толық тексерусіз төлеу жөніндегі тапсырмасы жедел мерзімде орындалды. Мемлекет бас­шысы атап өткендей, қызмет атқару кезінде медицина қызметкерлерінің сыр­қат­тануының барлық расталған жағдайы бойынша төлем сөзсіз жүзеге асырылуы тиіс. Бүгінгі таңда аурудың расталған жағдайлары бар 6 341 медицина қызметкері өтемақы алды. Біз індетке қарсы іс-шараларға қатысқан барлық медицина қызметкерін тиісті әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдаймыз», деді ведомство басшысы.

Қазіргі кезде 77 млрд теңге төлен­ді. Жыл соңына дейін медицина қызмет­керлерін ынталандыру бойынша үстеме­ақыларға тағы 137 млрд теңге бөлінді.

Бұған қоса елімізде барлық медици­налық ұйымда медицина қызметкерлері қор­ғаныс құралдарымен, киім-кешекпен жыл соңына дейін толық қамтылды. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі жөнінде коронавирустан сақ­тану бойынша оқыту жұмыстары қолға алынды. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.

«Қазіргі кезде жұмыс істеп жатқан ауру­ханаларда, емханаларда таза және лас бөлім аймақтары жасалды. Онда қалай жұмыс істеу қажеттілігі, санитарлық-эпидемиялық ережелерді сақтау жолдары, жұмыс режімі, медициналық қызметкерлердің демалу уақыты қарас­тырылып, тиісті ережелер әзірленді. Медициналық қызметкерлер осы ережелер бойынша жұмыс істеуде», деді вице-министр.

 

ПТР-тест тапсыру ақысы азаяды

Қазақстандық зертханалар тәулігіне 48 мың ПТР-тест алуға қабілетті және бұл қуаттылық одан әрі арта түспек. Өңірлерге зертханалық жабдықтар жеткізіліп, мамандарды оқыту жұмыстары қолға алынды. Осы шаралардың барлығы зертха­на­лардың жалпы қуатын тәулігіне 63 мың зерт­теуге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, ведомство ПТР зерттеулерінің тарифтерін 22%-ға дейін төмендету бо­йынша ұсыныстар әзірленді. Бұл шығын материалдары нарығындағы бағаның төмендеуіне байланысты. Атап айтқанда, жеке қорғаныс құралдары мен тест жүйелері арзандады. Тариф осы айдың соңына дейін бекітілуі тиіс.

«Президент 7 қазанда сөйлеген сөзінде атап өткендей, Қазақстан азаматтары жазда дәрі-дәрмек тапшылығына тап болды. Бұл жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін министрлік дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар шұғыл шара қабылдады. Бүкіл ел бойынша инфекциялық және провизорлық орталықтарда қор құрылды. Бірыңғай дистрибьютор 16 млрд теңгеден аса сомаға дәрілік заттардың 91 түрін жөнелткен. Жыл соңына дейін 1 млн адамға амбулаториялық жағдайда емделу үшін қосымша қызуды түсіретін препараттар мен антикоагулянттар қарастырылған», деді А.Цой.

Оның айтуынша, осылайша ин­фек­циялық және провизорлық орталық­тардың жүктемесі азайды. COVID-19 жеңіл түрлері амбулаториялық деңгейде емделді. Халықтың дәрі-дәрмек сатып алуға, мемлекеттің стационарлық емде­луге жұмсайтын шығындары азайды. Тұ­рақтандыру қорларында 13 млрд теңгенің дәрілік қоры бар.

 

Жаңа жабдықтар қысылғанда жәрдем болады

Қазақстанда 12 модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы салынып жатыр. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде жергілікті бюджеттерден және демеушілерден қаржы бөлінді. Алматы мен Талдықорғанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, тағы 7 өңірде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Жезқазған, Көкшетау, Қостанай, Ақтау, Атырау, Павлодар, Петропавл, Орал, Түркістан және Қызылорда қала­ларында құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады. Сонымен қатар стационарлардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыстар қолға алынды.

«Стационар жағдайында коронавирус инфекциясы бар ауыр науқастарды емдеудегі маңызды аспекті – ауруханаларды өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз ету. Бүгінде инфекциялық және провизорлық стационарларда 3 535 ӨЖЖ стационарлық аппараты бар. Қосымша 2 030 аппарат сатып алынады. 24 548 төсектік орын оттегімен қамтамасыз етілген, оның ішінде орталықтандырылған стансалар – 5 194, оттегі концентраторлары – 11 025, оттегі баллондары – 7 450, оттегі жас­тықшалары – 879. Сондай-ақ қызмет­ті санитарлық автокөлікпен жабдықтау бо­йынша жұмыстар жүргізілуде. Әкімдіктер 807 бірлік отандық санитарлық автокөлік сатып алуға шарттар жасады. Қазақстан зауыттарында 360 жедел жәрдем машинасы шығарылды, оның 150-і еліміздің өңірлеріне жеткізілді. Тағы 210 бірлік жеткізілмек. Жалпы, 15 қарашаға дейін 1 167 машина жеткізіледі», деді А.Цой.

Жазда шақыртулар саны 3 есеге артқан. Еліміздегі ауруханалар «Made in Kazakhstan» цифрлы рентген-аппараттарымен толықтырылады. 20 қазанға дейін алғашқы 24 бірлігі Қостанай, Ақтөбе және Түркістан облыстарына жеткізіледі. Қалған аппараттарды бір айдың ішінде жеткізу жоспарланып отыр.

Медициналық көмектің қолже­тім­ділігін арттыру тетіктерінің бірі – шалғай өңірлер үшін көлік медицинасын одан әрі дамыту. Бүгінгі таңда 28 бірлік жылжымалы медициналық кешен дайындалды. 1 қазанда ЖМК-нің 2 бірлігі Қостанай қаласына жеткізілді. Қалған 98 ЖМК өңірлерге жеткізу жалғасуда.

Қазіргі кезде әуе қатынасы қайта қалыптасқан елдерден, сонымен қатар ЕАЭС елдерімен, Өзбекстан Респуб­ли­касымен автоөтпе жолдары арқылы келетін адамдарды санитарлық-карантиндік бақылауды күшейту бо­йынша шаралар қабылданып жатыр. Ел аумағына өткен адамдар термометрия­дан, сауалдамадан өтеді және ПТР-тест анықтамасын ұсынады. Анықтама болмаған жағдайда, олар COVID-19 зерт­ханалық тексеру жүргізу үшін каран­тиндік стационарда 2 тәулікке дейін оқшауланады. Бұл туралы Бас мемле­кеттік санитарлық дәрігер Ерлан Киясов мәлімдеді.

«Бас мемлекеттік дәрігердің қау­лы­сына сәйкес 2020 жылдың 6 қаза­нынан бастап еліміздің мемлекеттік шекарасындағы автомобильдік өткізу пунктері арқылы 33 600 ел азаматы мен шетелдіктер, оның ішінде 10 051 жолаушы өтті. Сондай-ақ 3 322-і карантиндік стационарға орналастырылды, оның ішінде 60 адамда ПТР-тест нәтижесі оң болды. Халықаралық әуе рейстерімен
14 832 жолаушы келді, оның ішінде 3 051-і тест тапсырған, 10 адамда тест нәтижесі оң екені анықталды», деді Е.Қиясов.

Оның айтуынша, ел аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырыстарына әуе рейстерінің санын қысқарту, шекараларды күшейту мәселесі қойылды. Бұл әлемдегі эпидемиялық жағдайды ескере отырып, шекарада бақылауды күшейту мақсатында жасалады.