Өнер • 15 Қазан, 2020

Батырдың кестеленген бейнесі

677 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық музейінде «Әлия – қаһармандық дастаны» атты кәсіпқой суретшілер мен қолөнер шеберлері арасындағы байқау қорытындысы жарияланды. Қазылар алқасы кескіндеме, графика, қолөнер бағыты бойынша Алматы қаласы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Маңғыстау облыстарынан келіп түскен 23 жұмысты қарап, соның ішінен жеті жұмысты үздік деп таныды.

Батырдың кестеленген бейнесі

– Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Әлия Молдағұлованың туғанына 95 жыл толуына орай суретшілер мен қол­өнер­шілер арасында наурыз айында байқау жариялаған болатынбыз. Оған осы қыр­күйек айының соңына дейін Алматы, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды облыс­тарынан 23 туынды келіп түсті. Мұның ішінде жеті қолөнер, үш графикалық жұмыс, кескіндеме ба­ғыты бойынша 13 жұмыс болды. Қазы­лар алқасына Қазақстан Суретшілер одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, облыстық Өнер музейінің ди­ректоры Марат Ғабдрах­ма­нов пен Суретшілер одағының мү­шесі, Қазақ­стан Қол­өнершілер одағының тең құ­рыл­­тайшысы, қолөнерші-зергер Болат Аты­раубаев жетекшілік етті. Конкурс­тың жүлделік қоры мынадай. Бас жүлде – 250 мың теңге, І орын – 220 мың теңге, ІІ орын – 160 мың теңге, ІІІ орын – 130 мың теңге деп белгіленді. Бұдан басқа да 20 мың теңгеден 10 ынталандыру сыйлығы тағайындалды», дейді Әлия Молдағұлова музейінің директоры Лена Қалтаева.

Байқау қорытындысы бойынша, Әлия Молдағұлованың бейнесін түрлі-түсті жіптермен кестелеген Ақтөбе қала­сындағы №24 мектеп-лицейінің технология пәнінің мұғалімі Азамат Қошетеров­тың «Жеңіс әуені» деп аталатын компози­циясы ең үздік деп танылып, бас жүлдені иеленді.

– Мен осы туындымды түрлі-түсті жіптерді пайдалана отырып, күніне 4-5 сағат кестелеп бір ай ішінде аяқтадым. Өзім жергілікті университетті дизайн мамандығы бойынша бітірсем де, бізбен кесте тоқуды кейін үйрендім. 2014 жылы Ақтөбе қаласындағы Өнер музейінің қызметкері Лаура Бердібекованың кес­телеуден шеберлік сабақтарына қатыс­тым, белгілі зергер, қолөнерші Болат Атыраубаевтың қасында жүріп көп нәр­се үйрендім. Әлия Молдағұлованың 95 жылдығына байланысты байқау өтеді деген соң асықпай жоспарлап барып, жұмысты бастадым. 30х40 өлшемдегі туындымда радиодан ойнап тұрған Жеңіс әуені, жайлау, киіз үй, ұшып келе жатқан құстар, дөңгелек шаңырақ бейнеленген. Ортада Әлия апамыз винтовкасымен тұр. Жұмысымды білікті мамандар күрделі композиция деп бағалады. Мағынасы – Әлия сияқты батырлар өз өмірін құрбан ете отырып, бізге тыныш өмір сыйлады дегенді білдіреді.

Жұмысқа сапасы жақсы, бояуы қанық түрлі-түсті жіптерді пайдаланамыз. Бұ­ған кез келген жіп келмейді, өзінің арнайы жібі болады. Сырттан алдырған дұ­рыс қой, бірақ оған қолымыз жете бер­мегендіктен, базардан табамыз. Түркияда шығарылған жіпті қолданамын. Арнайы бізі болады.

1

Байғанин ауданында туып-өстім. Әкем ауылда темірден түрлі бұйымдар жасайтын, ағаларымның сурет салатын өнерлері бар. Алты жыл бойы кестемен айналыса келе, бүгін ғана нәтижеге қол жеткізіп отырмын. Ең алғашқы кесте-картинамды бір жыл тоқыдым. Бірақ оның өлшемі 20х30 ғана болды. Қазір қолым жаттықты, енді бір картинаны бір ай тоқып шығаратын болдым. Алдағы уақытта әйел адамдардың қамзолына өрнекті кестелеп салғым келеді. Өйткені, қазір көбінесе базарда саудаланатын қазақтың ұлттық киімдерінің жіптері сөгіліп жатыр. Әрі тақия, қамзол, шапандарымызды Қытай мен Қырғызстан тігіп, бізге сатып жатыр. Бұл – өте ұят нәрсе, намысымызға тиеді. Өзіміздің ұлттық дүниемізді өз қолымызбен кестелеуіміз керек қой», дейді Азамат Қошетеров. Ол өзі жұмыс істейтін мектеп-лицей оқушыларын да осы өнерге баулып жүр.

Ұстазы Лаура Бердібекованың айтуынша, Азамат алты жыл бұрын «Апай, мен қосымша өнер үйренгім келеді» деп өзі іздеп келген.

– Азаматтың жұмысы өте тиянақ­ты­лықпен, үлкен шығармашылықпен жасалған. Жалпы, қолөнердің осы түрімен айналысатындарға үлкен еңбек, шыдамдылық пен шығармашылық керек. Кестемен портрет салу бірнеше сатыдан тұрады. Ең әуелі жобасы сызылып, өте дәлдікпен эскизі жоспарланған соң ғана тоқу басталады. Менің таңғал­ғаным – кестелеуге қыз бала емес, ер баланың аса қызығушылықпен келіп отырғаны. Негізі, бұл аса нәзіктікті талап ететін қыз балалардың өнері ретінде қарастырылады ғой. Соған қарағанда, Азаматтың ар жағында үлкен өнер, шы­ғар­машылық шабыт жатыр. Ол осыны жоғалтып алмай, кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп отыруы керек. Біз қолөнерді насихаттаушы шеберлерміз. Қазіргі кезде шеберлік сабақтарымыз музейлерде өтіп, оған балалар көптеп қатысып жатыр. Бізді осы қуантады», дейді Лаура Бердібекова.

Қазылар алқасына жетекшілік еткен суретші, қолөнерші Болат Атыраубаевтың айтуынша, кестеленген туындының көлемі кішкентай болғанымен, жұмысы көп. «Егер шабыт келсе, суретті майлы бояумен бір күнде салып тастауға болады. Ал кестелеу мүлде бөлек. Оны әуелі жоспарлау керек, көз майыңды ­тауысып отыру қажет. Ұнамаған суретті өшіріп тастауға болады, ал кесте өшіруге келмейді. Байқау жарияланғанда, ең алдымен кескіндеме мен графикалық суреттер көп түсті. Қолөнершілерден де жақ­сы жұмыстар келді. Ал кесте-портретті ұзақ жоспарлап, күндіз-түні көз майын тауысып, түрлі-түсті жіптермен түстер шы­­ғарып, тоқып отыру керек», дейді ол.

Әлияның портретін салып, ынталандыру сыйлығын алған әуесқой суретші Гүлден Аязбаева жарық пен көлең­ке­­нің ауысуын дәл көрсетіп, салқын түс­тер­ді сәтті пайдаланған. Әуесқой суретші Ирина Құрманалинаның майлы бояумен салған Әлия портреті бірінші орынды иеленді. «Соғыс, қанды қырғын жап-жас қыздардың нәзік жаратылысына қалай соққы берді, олардың болмысын қалай өзгертті? Мен Әлия бейнесі арқылы жауын­гер қыздардың психологиялық порт­ретін ашып бергім келді», дейді ақтөбелік суретші.

Әлия Молдағұлова музейінің директоры Елена Қалтаеваның айтуынша, Жеңістің 75 жылдығы мен Әлия Мол­дағұлованың 95 жылдығына арналған байқауға келіп түскен барлық туынды музей қорына алынып, алдағы уақытта республикалық байқауларға жіберіледі.

1

 

Ақтөбе облысы