Қазіргі таңда Қарағанды облысында аты жаман тұмаудың болу ықтималдылығы аса жоғары жаңа толқынына лайықты тойтарыс беру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Ең алдымен, дәрі-дәрмек қорының жеткілікті болуына баса назар аударылған.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету департаментінің мониторингтік мәліметтеріне сенсек, өңірдегі қоймалар мен дәріханаларда коронавирус инфекциясына қарсы тұрарлық дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Мысалы, қазіргі таңда Қарағанды облысының әкімдігі «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірге дәрі-дәрмек жетіспеушілігін болдырмау мақсатында 150 млн теңге болатын сомаға парацетамол, ацетилсалицил қышқылы, «Ингавирин», «Осельтамивир» сынды препараттарды сатып алып, тұрақтандыру қорын ұйымдастырған. Бұдан бөлек, «СҚ-Фармация» ЖШС тұрғындарға қажетті қосымша дәрі-дәрмек түрлерін сатып алу жұмыстарын жүргізуде.
Күзбен бірге кәдімгі тұмаудың да ере жүретіні белгілі. Осы орайда, биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұмауға қарсы вакцинаның 172 мың мөлшерлемесі сатып алынған. Бұған қоса, тағы да 30 мың дозаға қаржы демеушілер тарапынан жұмсалды.
Осы вакцинаны Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш қалаларының және Ұлытау ауданының тұрғындары жасына, сондай-ақ денсаулығына қарамастан ақысыз алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар мамандардың рұқсатымен тәуекел тобына жатқызылған науқастарға екпенің бұл түрі тегін жасалады. Олардың қатарында созылмалы аурулары бар 18 жасқа дейінгі балалар, медициналық қызметкерлер, жүкті әйелдер, жабық мекемелерде, яғни балалар үйлері мен интернаттарда тұратындар, 60 жастан асқан егде адамдар бар. Сондай-ақ вакцина эпидемиялық көрсеткіштер бойынша, сонымен бірге қант диабетімен ауыратын науқастарға, бронх-өкпе және жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы аурулары бар пациенттерге ақысыз егіледі.
Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің бас маманы Ирина Князева тұмауға қарсы тегін вакцинаны алуға құқығы жоқ адамдар үшін дәрі-дәрмекті тіркелген жеріндегі емханадан өз қаражаты есебінен алуға болатынын айтады.
– Вакцинаның ең төменгі бағасы 1 300 теңге тұрады. Ал бұдан жоғары бағаны шығын материалдары мен еңбекақыны ескере отырып, емхананың өзі белгілейді. Негізінде, бұл 2 500 теңгеден аспайды, – дейді ол.
Сатып алынған вакциналар Ресей мен Нидерландыда шығарылған көрінеді, оның қауіпсіз және тиімді екендігінің дәлелденгенін айтады мамандар.
Сондай-ақ биыл облыста пневмококк инфекциясына қарсы Ирландияда өндірілген екпелер сатып алынған. Ересектерге арналған бұл препаратты тұрғындар тіркелген жерлеріндегі емханалардан ала алады. Жалпы, пневмококк инфекциясы пневмония, менингит, өткір отит және басқа да ауыр асқынуларға ұшырататын ауруларды тудыруы мүмкін. Сол себепті, коронавирустың екінші толқыны алдында топтық иммунитетті күшейту және басқа вирустардың әсерін азайту мақсатында аталған инфекцияға қарсы вакцина сатып алу туралы шешім қабылданған. Ұлттық егу кестесіне сәйкес балалар бұл вакцинаны тегін алады.
Жалпы, санитарлық-эпидемиялық тәртіп күшеймейінше, коронавирустың болу ықтималдылығы аса жоғары екінші толқынына деген даярлықтың зая болатын түрі бар. Мәселен, соңғы уақытта Қарағанды облысы бойынша көп адам қатысқан той-томалақтардың, түрлі жиын-басқосулар тым көбейіп кеткен. Мұны онлайн режіміндегі аппарат кеңесінде облыс әкімі Жеңіс Қасымбек те айтып, дабыл қақты.
– Көктемнен бастап түрлі бұқаралық іс-шараларға тыйым салынғаны белгілі. Дегенмен кейбір салтанат залдары үйлену тойларын, мерейтойларды және басқа да жаппай іс-шараларды өткізуді жалғастырып келеді. Тәртіп бұзушыларға ірі мөлшерде айыппұлдар салынып та жатыр. Бірақ бұл оларға кедергі болмай тұрған сыңайлы. Жақында жүзден астам адам қатысқан үйлену тойы өткені туралы мәлімет тіркелді. Кеше әлеуметтік желілерде 200-ден астам жас жиналған түнгі клубтың жұмысы туралы ақпарат жарияланды, – деп қалыптасқан жағдайға қынжылыс білдірді.
Өңір басшысы мұндай келеңсіздіктерге полиция мен жергілікті әкімдіктер кінәлі деп санайды. Бұл сөздің жаны бар, әрине. Мәселен, осындай карантин талаптарын бұзушылыққа барған ойын-сауық мекемелері белгілі болса да, аталған мемлекеттік органдар тарапынан қатаң шаралар қолданылмай отырғаны қайран қалдырады.
Айта кететін бір жайт, аты жаман тұмаумен күресте алдыңғы шепте болған медицина қызметкерлері үшін жағымды жаңалық бар. Қыркүйек айының қорытындысына сай, Қарағанды облысында 3 504 медициналық қызметкерге алдын ала есептеулер бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін еңбекақыға қосымша 843,3 млн теңгеден астам үстемеақы берілмекші.
Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев қазіргі уақытта үстемеақы алушылар тізімін жасау бойынша өңірлік комиссиялар жұмысының аяқталып қалғанын айтады.
– Қауіпті инфекциямен күресу бойынша жұмысқа тартылатын дәрігерлердің саны эпидемиялық жағдайға байланысты ай сайын өзгеріп отырады. Төлем мөлшерін Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен және ол тәуекел тобына байланысты болады. Медицина қызметкерлері 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін қосымша ақы алады, – деп атап өтті ол.
Қарағанды облысы