Қостанай облысының Әулиекөл ауданына қарасты Құсмұрын ауылының тұрғыны Әлияның айтуынша, таяуда ғана машина сатып алған қыз аяғы ауыр апасын көлігіне мінгестіріп Тобылдағы туыстарының үйіне қонаққа барады. Түстен кейін толғақ қыса бастаған соң, апасын апыл-ғұпыл көлікке мінгізіп алып, облыстық ауруханаға апармақ болады. Қаланың ішінде адасып кетіп, едәуір уақыт ұттырып алған жеңіл көлік жүргізушісіне, абырой болғанда, жол полициясының қызметкерлері кездесіп, аяғы ауыр келіншекті дер кезінде ауруханаға жеткізеді.
– Көлік жүргізе бастағаныма көп бола қойған жоқ. Машинаны ауылда жүргізу жеңіл, ал қалада қиын екен. Оның үстіне, перинаталдық орталықтың мекенжайын да білмеймін. Біраз адасып кетіп, уақыт жоғалтып алдық. Сәтін салғанда, Қостанайда полицияның патрульдік көлігі кездесіп қалып, бірден көмек көрсетті, – дейді жүргізуші қыз.
Полиция лейтенанттары Мейрам Кәрімбаев пен Амандық Әбілғазин көп ойланбастан екі келіншек мінгескен көлікке медициналық мекемеге дейін жол көрсетіп әкеледі. Перзентхананың қабылдау бөліміне дейін кіргізіп, аяғы ауыр келіншекті аурухана дәрігерлерінің қолына табыстайды.
Көп кешікпей тәртіп сақшыларына жас босанған ананың өзі қоңырау шалып, ұлды болғанын хабарлайды. Апалы-сіңлілер енді полиция департаментінің басшылығына хат жазып, өздері қысылған сәтте көмекке келіп, қол ұшын созған екі лейтенантты марапаттап, өздерінің алғыстарын жеткізуді өтініп отыр.
Қостанай облысы