Технология • 16 Қазан, 2020

Бағдат Мусин шалғайдағы ауылдарға 3G мен 4G қашан қосылатынын айтты

374 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл соңына дейін 5 331 елді мекенді интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Сенатта өтіп жатқан Үкімет сағатында мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz

Бағдат Мусин шалғайдағы ауылдарға 3G мен 4G қашан қосылатынын айтты

"Қазіргі кезде бірінші кезектегі міндет − халықты интернетпен қамту. Бүгінде 6 459 елді мекеннің ішінде 118 қала мен 4 558 ауыл әртүрлі технологиялар бойынша интернетпен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін 5 331 елді мекенді интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Телеком операторларымен бірігіп, интернет желісін дамыту үшін елімізде екі ауқымды жоба іске асырылуда. Бірінші жоба − бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы оптикалық интернетті шалғайдағы ауылдарға тарту", деді министр.

Жоба бойынша 2,4 млн адам тұратын 1260-қа жуық ауылға интернет желісі тартылуда. Егер 2018 жылы 56 ауылға оптикалық желі тартылса, 944 ауыл қосылатын болады. Бұл жобаға 75 млрд тенгеге жуық инвестиция тартылды. Жоба аясында 3 700 мемлекеттік орган мен бюджеттік мекемелерге байланыс жеткізілді.

Сонымен бірге Бағдат Мусин екінші жобада 250 адамнан көп тұрғыны бар 928 ауылда 3G мен 4G болатынын және басқа технология бойынша мобильді интернетпен қамтуды көздейтінін тілге тиек етті.