Қазақстан • 16 Қазан, 2020

Қазақ ғылымының қос бәйтерегі

436 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қай кезде де ұлт беделі  таным мен тағылымды егіз өрген тұлғалармен тұғырлы. Халқының қасиет-қалыбын тереңнен зерделеп, ұрпаққа ұран еткен аға буынның жүріп өткен дара жолы кейінгілер үшін өлмес өнеге, айнымас қазық. Аяулы шаһар Алматы төрінде қазақ ғылымы мен руханиятының өркен жаюына қомақты үлес қосқан көрнекті ғалымдар Мекемтас Мырзахметұлы мен Оразақ Смағұлұлының 90 жасқа толуына арналған «Асыл адам айнымас» атты алқалы жиын өтті.

Қазақ ғылымының қос бәйтерегі

Ұлттық кітапхана ғимаратында салтанат құрған тағылымды басқосуды Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырды. Айтулы шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Қожағапанов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, танымал абайтанушы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы, антрополог ғалым, академик Оразақ Смағұлұлы, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогика университетінің ректоры Тахир Балықбаев, сонымен қатар бірқатар ғылыми институт басшылары мен белгілі ғалымдар қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хатын жеткізген Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қос мерейтой иесіне арнайы құрмет көрсетті. Өз кезегінде Қырымбек Елеуұлы Абай жылында өтіп отырған шараның маңыздылығына тоқталып, М.Мырзахметұлы мен  О.Смағұлұлының отандық ғылымның дамуына қосқан өлшеусіз еңбегін жоғары бағалайтынын атап өтті.

– Ғұмыр бойы кемел білім мен келелі тәжірибелерін келешек ұрпақ жолына бағыттап, отандық ғылымның отымен кіріп, күлімен шыққан, сарабдал Сәтбаевтардың сарқытындай сақталған тұғыры биік қос тұлғамыздың мерейтойы барша қазақ ғылымының және ұлт руханиятының ортақ мерекесі. Қос тұлғаның талай тауқымет пен «тар жол, тайғақ кешуде» табаны сыздамай, тауаны шағылмай, сағы сынбай, қайраты мұқалмай алға ұмтылған ерекше ерік жігері ғылым жолын таңдаған талапкер жастарға ғибрат болуы тиіс. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ойранда аман қалып, соғыстың сұрапыл жылдарын бастан өткерген, кеңестер одағының солақай саясатына қарамастан қазақтың рухани қазынасы мен шыққан тегін тереңнен зерделеген академиктерімізге біз қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Мекемтас ағамыз ұзақ жылдардан бері абайтану ссаласына теңдесі жоқ олжа салып, өнегелі мектеп қалыптастырып келе жатқан ақсақалымыз. Әсіресе, Абайдың шығыспен байланысын жаңаша зерделеп, түркі дүниесінен шыққан даналардың мол мұрасын жас ұрпаққа танытуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Биылғы ұлы ойшылымыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдық тойымен Мекемтас Мырзахметұлының мерейлі жасының тұспа-тұс келуін де айрықша мәні бар сәйкестік деп білеміз. Өйткені халқымыз Мекемтас ағаны бас абайтанушы деп санайды. Бұл кеше ғана Семейде абайтанушылармен өткен кездесудегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының айтқан өз сөзі. Замана заңғары Мұхтар Әуезовтің батасын алып, Қажым Жұмалиевтің тәлімін көрген білікті ғалым ретінде жазған іргелі еңбектері әдебиеттану ғылымының қомақты қазынасына айналуда, – деп атап өтті Қырымбек Көшербаев.

Мерейтой иесінің Яссауитануға және халқымыздың даңқты батыры Бауыржан Момышұлы мұраларын жинақтап зерттеуге қосқан айтулы  еңбегін ризашылықпен атап өткен Қырымбек Елеуұлы, отандық антропология ғылымының атасы, әлемге танымал ғалым Оразақ Смағұлұлының қайраткерлік жолына да айрықша тоқталып өтті.

– Оразақ Смағұлұлы от-жалынды жиырма жасында әйгілі академик Қаныш Сәтбаевтың  ақ батасын алып, батыл таңдау жасап, кеңестік идеологияның күрделі кезінде отандық антропология ғылымының негізін салды, қазақ халқының генетикалық құрылымын анықтауға алғаш қадам жасады. Осы жолдағы қажырлы еңбегі мен табанды ғылыми ізденістерінің арқасында төл тарихымыз мыңдаған жылға тереңдей түсті. Көптеген білікті шәкірт дайындап, антропология ғылымының ұлттық мектебін қалыптастырды. Оразақ ағамыз кезінде бұрмаланған тарихымызды қайта пайымдауға, жоғалған құндылықтарымызды түгендеуге тоқсанға келсе де тоқтамай атсалысып келеді, – деді Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев.

4156

Бұдан кейін сөз кезегін алған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов саналы өмірін ел болашағына арнаған сарабдал тұлғалардың өнегесі білім мен мәдениеттің мәйегіне айналғанын айта келіп, мерейтой йелеріне ведомстваның арнаулы төсбелгілерін табыс етті.

Отандық ғалымдардың отты ықыласын жолдаған Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, қос ғалымның абайтану және отандық антропология саласына сіңірген еңбегі айрықша екенін, ал барша қабырғалы қаламгерлер атынан ізгішуақ лебізін білдірген Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет тоқсанның төріне шыққан қос абыздың телегей-теңіз мұрасы тұтас ұлт әдебиеті мен руханиятының жауһарына айналғанын  айтты.

789

Басқосу барысында Мекемтас Мырзахметұлы мен Оразақ Смағұлұлының жаңа шыққан еңбектері таныстырылды. Атап айтқанда, бүгінгі бас абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының «Абайдың шығыстық әлемі» деп аталатын Түркі академиясы жарыққа шығарған зерделі еңбегі абайтану саласының кеңес дәуірінде айтылмай келген көптеген ақиқатын жан-жақты зерделеп көрсеткен.

Ал отандық антропология ғылымының негізін салушы Оразақ Смағұлұлының «Қазақ халқы және ата тегі» атты еңбегі (А.Смағұловамен бірге) мыңжылдықтардан тамыр тартатын тарихымызды антропологиялық тұрғыдан терең талдап, қазақ халқының арғы тегін ғылыми дәйектермен айқындап берген.

Сөз орайы келгенде, оқырманға жол тартқан осынау  бірегей басылымдар ғылымға, түркология саласына қосылған олжа болғанын сүйіншілеп айта кеткен ләзім. Алқалы жиын аясында мерейтой иелерінің Ұлттық кітапхана қорындағы ғылыми еңбектері бойынша «Ұлтын ұлықтаған тұлғалар» атты арнайы көрме ұйымдастырылып, Түркі академиясының басылымдары көпшілік назарына ұсынылды.

 

АЛМАТЫ