Әлем • 19 Қазан, 2020

Жаңа Зеландия: Еңбек партиясы жеңіске жетті

457 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа Зелан­дия­ның премьер-ми­нистрі Джасинда Ар­дерн басқаратын Еңбек партиясы елдегі жалпы сайлауда жеңіске жетті.

Жаңа Зеландия: Еңбек партиясы жеңіске жетті

Кеше аяқталған сайлау нәтижесінде, Ардерн ханымның солшыл Еңбек партия­сы 49,1% дауыс жинап, парламенттегі 64 орынды иеленді. Оппозициялық орталық-оңшыл ұлттық партиясы 26,8% дауыс жинап, 35 орынға ие болды.

Сайлау негізінен қыркүйек айының басында өткізілуі керек-ті, бірақ COVID-19 вирусының қайта өршуі елдегі саяси маңызды шараны бір айға шегеруге мәжбүрледі.

Дауыс беру 3 қазанда басталған кезектен тыс сайлауда миллионнан астам адам дауыс берді. Жаңазеландиялықтарға жалпы сайлаумен қатар екі референдумға қатысу ұсынылды.

40 жастағы Ардерн нәтиже белгілі болғаннан кейін өз жақтастарына: «Жаңа Зеландия халқы Еңбек партиясы­на 50 жылға жуық уақыт ішінде ең үлкен қолдауын көрсетті. Біз сіз­дің қол­дауы­ңызды әдеттегідей қабыл­д­а­май­мыз. Мен сіздерге жаңазелан­диялық­тар үшін жұмыс істейтін партия боламыз деп уәде бере аламын», деді.

Жеңіліс тапқан екінші партия – Ұлттық партияның (NAT) жетекшісі Джудит Коллинз премьер-министр Ардернді құттықтап, оның партиясы елеулі өзгерістер әкеледі деген сенімін жеткізді. «Үш жыл тез өте шығады.  Үш жылдан кейін тағы да сайлау. Біз әлі ораламыз», деді ол.

Жаңа Зеландия тарихына үңілсек, елде 1996 жылы мүшелердің аралас пропорционалды өкілдігі деп аталатын да­уыс беру жүйесін енгізгеннен бері Жаңа Зеландияда бірде-бір партия абсолютті көпшілік дауысқа ие бола алмаған. Сондықтан үкімет басшысы төрағалық ететін Еңбек партиясының бұл жеңісі елдегі саяси топтарды таңырқатты. Премьер-министр болса бұл жеңісті халықтың Еңбек партиясына деген сенімімен байланыстырады.

Бұл сайлауды «азаматтық сайлау» деп атаған Ардерн халық үшін тиімді  саясат жүргізуді, мектептерді қаржыландыруды ұлғайтуды және жалақысы жоғары жұмыс­шыларға табыс салығын арттыруды жос­парлап отырғанын мәлімдеді.