– Алғаш Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін жаттап алып, отбасы қуаныштарында ата-анама, үйге келген қонақтарға айтып беріп жүрдім. Ондайда үлкендер қызық көріп, көтермелеп, қолпаштап, мақтау-марапаттарын аямайтын. Әкем, тіпті «Менің қызым қазақтың атақты әншісі болады» деп қиялыма қанат бітіретін, – дейді полиция аға лейтенанты.
Кира кейін Қостанай қаласындағы «Озат» мектебінде оқиды. Мектеп қабырғасында жүріп ұстаздарының ықпалымен Абай лирикасын жаттап, көркемсөз сайыстарына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрді. Мектепті тәмамдаған соң арман қуып Алматыға барып, жолы болып өзі қалаған мамандық бойынша М.Есболатов атындағы Алматы академиясына оқуға түседі. 2019 жылдан бері облыстық полиция департаментінің ақпараттандыру және байланыс басқармасында инженер болып жұмыс істейді.
Қазір полицей қыз облыстық «Тілдарын» орталығындағы мемлекеттік тілді тереңдетіп оқыту курсында латын әліпбиін үйреніп жүр. Абай өлеңдерімен сусындап өскен К.Гартман таяуда «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты республикалық байқауға қатысып, жүлделі екінші орынды иеленді. Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен онлайн режімде өткен тіл байқауында республиканың әр өңірінде мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген 20 шақты өзге ұлт диаспоры сынға түсіпті.
– Бұл байқауға қатысуға «Тіл-дарын» орталығындағы ұстаздарымның кеңесі бойынша өтініш бердім. Онлайн-конкурс екі кезеңнен тұрды. Бірінші турда өзім туралы қысқаша бейнебаян жасадым. Оның ішінде өзім, ата-анам, отбасым, туған жерім, білім алған мектебім, жұмыс орным туралы мәліметтер қамтылды. Одан кейін ауыртпалығы мол полиция қызметінің ерекшелігі мен қызмет барысында өзімнің күнделікті атқаратын міндетім жайлы ауызша әңгімелеп бердім. Өзім жатқа білетін Абай өлеңдерін мәнерлеп оқыдым. Екінші тур тікелей эфирде өтті. Бұл кезеңде қазылар алқасы қойған сауалдарға жауап беріп, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы баян еттім. Конкурсқа қатысқан әріптестерімнің осалы жоқ. Дегенмен жолым болып, қазылар алқасының шешімімен екінші орынға іліктім. Жалпы, менің өмірлік жолымды ашқан – Абай Құнанбайұлының шығармашылығы. Абай өлеңдері қаршадай кезімнен рухани серігіме айналды. Содан бері мен Абайды іздеп келемін. Ұлы ақынның қай шығармасын оқысам да, авторды көз алдыма елестетіп, дүниеге Абай көзімен қарап көруге тырысамын. Адам Абайды қайталап оқу арқылы ғана өзін өзі жыға тани түседі. Соның нәтижесінде талай белесті бағындырып, биік мұраттарға ұмтылып келемін, – деді байқау жүлдегері.
Кира Гартман биыл Абайдың 175 жылдығына арналған челленджге қатысып, ұлы ақынның мұрасын өзге ұлт өкілдеріне насихаттау шараларына да белсенді атсалысты.
Қостанай облысы