Қоғам • 21 Қазан, 2020

Алматыдан Ақтөбеге велосипедпен барады

241 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Волонтер жылында жақсылықпен жарысуды өмір салтына айналдырып­ алғандар туралы жиі айтылып жүр. Бірі қаражат жинап, мұқтаждарға көмек­тес­се, бірі апатты жағдайда тағдыр тәлкегіне ұшырағандардың жанынан табылып жатты. Ізгі ниеті әрекетке ұласқандардың қатарында Дамир де бар.

Алматыдан Ақтөбеге велосипедпен барады

Дамир Кушеев волонтерлікке ерекше идеямен келген. «Қарап отырмай, қо­лынан келгенше көмек беру керек» де­генді ұранына айналдырған ерікті қайы­рымдылық мақсатында велосипед­пен ұзақ жол жүріп өтуді жөн көріпті. 2 қазанда Алматы қаласынан ел баты­сын­дағы Ақтөбе қаласына бағыт алған. Дамирге хабарласқанымызда ол Қызылорда облысы Арал ауданына жа­қындап қалған екен. Дегенмен қайы­рым­дылыққа асығатындар көп болсын деген ниетте өз сапары туралы айтып берді.

«17 күн бұрын таңертең 10-да Алматы­дағы «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплин кешенінен еліміздің батысына қарай бет алдым. 2 200 шақырым болатын жолды велосипедпен жүріп өтемін. Қазір Қызылорда облысындамын. Бұйырса, ертең Ақтөбе облысында боламын деген жоспар бар», дейді ол.

Дамир бұл қайырымдылық сапарына аттанбас бұрын Алматыдан ұлы ақын Абайдың туған жеріне жаяу жеткен. «Велосипедпен шықпас бұрын, ұлы ойшыл, Абай атамыздың 175 жылдығына орай ақынның туған жеріне жаяу баруды жөн көрдім. Ағаммен 1200 шақырымды ешқандай көмексіз жаяу жүріп өттік. 46 күнде Семей жеріне жетіп, атамыз туған ауылда болдық. Жолда кездескендердің барлығы неге жаяу шыққанымызға таң­данды. Бірі велосипед, бірі машинамен шыққанымыз дұрыс болатынын айтты. Әлбетте, ондай ой болды. Дегенмен алдымен жаяу жүргеніміз абзал деп шештік. Алматыға оралғаннан кейін қалалық мәслихат депутаты Қайрат Құдайбергенге қайырымдылыққа қатысты жоспарымды айттым. Ол кісі ойымды құп көріп, маған келесі сапарыма қолдау білдірді», дейді.

Бұл акцияның мәні, Дамирдің айтуын­ша, ниетте. «Мен әр жүрген шақы­рымды балаларға арнаймын. Менің бұл әрекетімді көрген азаматтар өздеріне «Ал мен қалай көмектесе аламын?» деген сұрақ қояды деп ойлаймын. Әркім барын береді ғой. Ақшасы барлар қар­жы­лай көмектессе, біреулер өздері барып қолғабыс етер. Мен де қолымнан келе­тінін істеймін. Жоғарыда айтып өтке­німдей, Қайрат Құдайберген бүгінде әлеу­меттік жағдайы төмен отбасылардың бала­ларына көмек көрсету үшін қаражат жи­нап жатыр. Жиналған ақша еліміздің түкпір-түкпіріндегі аз қамтылған отбасы балаларының қажеттіліктеріне жұмсалады», дейді Дамир.

Желмен жарысып келе жатқан ерікті отандастарын жақсылықпен жарысуға шақырды. «Адам адамға көмектесуі керек. БАҚ пен әлеуметтік желі арқылы мен туралы жаңалық көптің құлағына жетеді деп ойлаймын. Сол кезде адамдар «Мен осылай жолға шықпасам да басқаша көмек бере аламын ғой» деп ойласа. Акция шеңберінде 100 планшет сатып алып, оны 100 балаға табыс­тау жоспарланған. «Көп түкірсе – көл», сондықтан бәріміз атсалысайық дегім келеді», деген тілегін жеткізді Д.Кушеев.

Дамир Ақтөбеге жетіп алғаннан кейін Алматыға оралып, волонтерлік жұмысын жалғастыратынын жеткізді.