Аймақтар • 21 Қазан, 2020

Науырзым ауданында қымбатқа сатылуда

231 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанай облысына қарасты 70-тен астам елді мекенге табиғи газ келіп тұр. Ал 459 ауыл алты ай қыс көмір жағып шығады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары аймақ тұрғындарының қыстан қысылмай шығуы үшін 273 мың 196 тонна тас көмір кетеді деп отыр.

Науырзым ауданында қымбатқа сатылуда

Басқарманың мәліметінше, тасымалдаушы компаниялар бүгінге дейін қысқа қажет көмірдің 91%-ын, яғни 248 мың 628 тонна тас көмірді облыстың әр өңіріндегі қабылдау орталықтарына жеткізіп берген. Бұл орталықтардағы отын қорын әрі қарай ауыл-ауылға көмір жеткізумен айналысатын жеке кәсіпкерлер тасымалдайды.

– Аудандардан күнделікті есеп алып отырмыз. Жылу маусымы басталмас бұрын облыс аумағындағы барлық елді мекендердегі көмірмен жылытылатын әлеуметтік нысандар қысқа жеткілікті отынмен толықтай қамтылды. Қазір облыста жеке тұрғындар үшін әкелінген Шұбаркөл көмірі тоннасына 14 500-15 мың теңгеден сатылып жатыр. Ал бюджеттік ұйымдарға арналған «Богатырь» көмірі 11-15 мың теңгенің аралығында, – деді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Еркін Әубәкіров.

Жалпы, биыл облыс аудандарының дені алдағы қысқа ерте қамданып алған. Бірақ көмірдің бағасы әр ауданда әр қалай. Мәселен, Бейімбет Майлин ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары берген мәліметке сенсек, ауданда Шұбаркөл көмірі 16 мың теңгеден, ал «Богатырь» көмірі 11 мың теңгеден саудаланып жатыр. Ал ең арзан көмір – Әулиекөл ауданында.

– Шұбаркөлдің көмірі эшелон-эшелон болып Аманқарағайға келеді ғой. Ол жер бізден алыс емес. Сондықтан көмірді Аманқарағайдан аламыз. Екі апта бұрын 15 мың теңгеден 7 тонна түсіріп алдық. Шұбаркөл көмірінің бір ғажабы тамыздыққа ағаш іздемейсің, қағазбен тұтана береді ғой, – деді Әулиекөл ауданына қарасты Мәскелеу ауылының тұрғыны Сейітбек Қарақұлов.

Аманқарағай мен Науырзым ауданының аралығы әрі кетсе 100-150 шақырым болады. Көмір орталығынан соншалықты шалғай жатпаса да, бұл ауданда қысқы отынның бағасы тіпті аспандап тұр. Мәселен, алыпсатарлар аталған ауданға қарасты Өлеңді ауылына бір тонна көмірді 22 мың теңгеден жеткізіп беруде. Ауыл тұрғындардың айтуынша, көлігі бар алыпсатарлар жыл сайын жылу маусымының басында көмірді қымбатқа сатып, қараша айының ортасына таман отын бағасын 15 мың теңгеге дейін түсіреді екен. Ауданда көмір бағасының соншалықты қымбаттап кетуінің себебі неде? Бағаны тұрақтандыру үшін не істеліп жатыр? Осы сауалмен аудан әкімінің орынбасары Қабидолла Омаровқа хабарластық. Ол бұл мәселені Арман Тоқтабаев қадағалайды деді. Әкім орынбасары сілтеген жауапты маманға қоңырау шалып едік: «Мен лездеме жиынға кетіп барамын, жарты сағаттан соң хабарласыңыз» деді. Ұялы телефонының нөмірін алып үлгердік. Айтқан уақытында телефон соғып едік, телефонын сөндіріп тастапты. Одан кейін де 5-6 рет қоңырау шалдық, алайда одан еш нәтиже шықпады. Науырзым ауданына қарағанда облыс орталығынан 600-700 шақырым шалғай жатқан Жангелдин өңіріндегі көмір бағасы сәл де болса арзанырақ. Бұл ауданда әр тонна көмірдің құны 18 бен 20 мың теңгенің арасында.

– Қысқы маусымға толық дайынбыз. Бюджеттік мекемелердің барлығын жылу жүйесіне қостық. 5 қазанда мектептер мен ауруханаларға жылу жібердік. Әлеуметтік нысандар үшін алдағы қысқа жететін отын қорын түгел жеткізіп алдық. Біздің өңірдің халқы қазір Шұбаркөлдің көмірін жағады. Қазір жүк көлігі бар жеке кәсіпкерлер осы көмірді тасып жатыр. Сырттан қосылып әкеп жатқандар да бар. Көмірдің бағасы – 18-20 мың теңге. Баға былтыр да осы шамада болды. Әрине жеке кәсіпкерлер жолдың шалғайлығы мен қиындығын, жанармайдың қымбаттығын желеу етіп бағаны көтергісі келеді. Бірақ біз күнделікті мониторинг жасап отырмыз. Көмір әкелген кәсіпкердің әрқайсысымен жеке сөйлесіп, бағаны белгіленген шектен асырмауын өтініп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазір осы бағаны ұстап отырмыз. Тасымалдаушылар сонау шалғайдағы елді мекендерге де көмірдің әр тоннасын 20 мың теңгеден түсіріп беріп жатыр, – деді Жангелдин ауданының әкімі Шота Оспанов.

 

Қостанай облысы