Қоғам • 22 Қазан, 2020

Жылыту орталығын газға көшіру Алматыны түтіннен арылта ма?

325 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алматының экология мәселесі – миллиондар тоғысқан мегаполис тұрғындарын көптен алаңдатқан ахуалдың бірі. Айтыла ақжем, жазыла жауыр болған бұл тақырыптың түйінін тарқату үшін қаладағы көлік санын ретке келтіру мен шаһарды жылыту қазандығын газға көшіру керек дегенді экологтар соңғы бес жылдың көлемінде жарыса айтып жүр.

Жылыту орталығын газға көшіру Алматыны түтіннен арылта ма?

Фото авторы: Максим Золотухин

 

Өткен жылы Алматыға жұмыс сапары барысында қала активімен келелі кеңес өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көптің көкейін кернеген осы жай­дың тамырын тап басып, шаһар­дың экологиялық проблемасын түбегейлі реттеуді тапсырған еді.

Иә, өндірістің өрге жылжуы мен түрлі тұрмыстық игіліктер қор­­шаған орта мен экологияға зала­лын тигізбей тұрмайды. Тұрмыс­тық игіліктер деп отырғанымыз – тіз­гініміздегі тіршілігімізге тірек тұтқан түрлі темір тұлпарларымыз. 550 мың көлік ресми түрде тір­кел­ген шаһарға тәулігіне өзге өңір­лер­ден келіп-кететін автокөліктер са­нының өзі 250 мыңнан асып жы­ғы­лады. Шаһарда соңғы жылдары қо­ғамдық көліктерді газға және бас­қа да жанармайдың эколо­гия­лық зиянсыз түрлеріне көшіру ісі қар­қынды жүріп жатқанын атай кет­кеніміз жөн. Дегенмен бү­гінгі мә­селе жылыту қазандығы туралы...

Әсіресе қыс пен күз айларында тау аңғарына шығып қарасаңыз, қаланың төбесі ыс пен түтінге тол­ғанын көресіз. Жылыту мау­сымы басталған бұл кезеңде ме­гаполистегі ең үлкен ЖЭО-ның да тіршілігі қайнай түседі. Ең өкі­ніштісі, онда әлі күнге көмір пайдаланылады. Күні-түні будақтаған улы түтін қаланы торламай қайтсін. Оны газға көшіру мәселесі талай рет қозғалды. Дегенмен техникалық, физикалық тұрғыдан оның қауіптілігі де бар екені ма­мандар тарапынан айтылмай қалған жоқ. Осыны ескерген қала билігі бұл проблеманы шешудің оңтайлы тәсілдерін қарастырды.

Күні кеше Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram-дағы ресми парақ­ша­сында жағымды жаңалықпен бөлісіп, Үкімет Алматыдағы ЖЭО-2-ні газдандыру жобасын мақұл­дағанын жеткізді. «Көптен күткен шешім қабылданды. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған қазандық агрегаттарын жаңғыртып, ЖЭО-2-ні көмірден газға ауыстыру арқылы оған жұмсалатын еңбек пен құн шығынын оңтайландыру бойынша қайта құру нұсқасы таңдалды. Модернизациялау жұмыстары қоршаған ортаны күкірт оксиді және күлмен ластамауға мүмкіндік береді. Ауаға тарайтын азот оксиді мен көмірқышқыл газының мөл­шері минимумға дейін азаяды. Жоспар бойынша жоба 2025 жыл­дың соңына дейін аяқталады», деп атап өтті Алматы әкімі.

– Қолға алынған жоба жүйелі түрде жүзеге асар деген үміттеміз. Қаланың 8 ауданына жеке-жеке газбен жылытатын қазандықтар орнату қажет дегенді білікті мамандар көптен айтып жүр. Бұл техникалық қауіпсіздік үшін. Бұ­дан бөлек, қала іргесіндегі жеке секторда орналасқан үйлердің жартысына жуығы газға қосылмаған. Оған себеп – газбен жылытуға қосылудың бастапқы құнының қымбаттығы. Осыны арзандату мәселесін көтеріп, жағдайды ба­қылауда ұстау қажет. Көмірмен жы­лытатын қазандықтар фильтр­лерінің ұдайы ауыстырылып тұ­руын да қатаң қадағалаған абзал, – дейді қоғам белсендісі Асхат Асылбеков.

Алып шаһардың экологиялық ахуалын көптен көтеріп жүрген маман жоғарыда біз айтқан тағы бір мәселені тілге тиек етті.

– Қаланың негізгі Талғар, Қас­келең тарапындағы кіреберіс қақ­паларына үлкен көлік тұрақ-т­арын орнатып, шаһар ішінде бірыңғай қоғамдық көліктермен қатынауға үндеп, қажет болса мәселені заң шеңберінде шешудің тетіктерін тапқан жөн. Дамыған елдердегідей үлкен қалаларға ауыр жүк көліктерін мүлдем кіргізбеу керек. Алып қоймалар салып, қа­жетті заттарды шағын жүк кө­лік­тері арқылы ғана қалаға та­сы­малдаған ләзім. Мәселен, бір ғана көліктің жыл ішінде ауаға тастайтын қалдықтарының ішін­де көмірқышқыл тотығы 800 ки­лоны, азот тотығы 40 килоны құрайды. Басқа да ауаға тарайтын көмірқышқыл заттары бар. Осылайша көлік түтінімен қор­шаған ортаға 200-ден аса зиян­ды зат бөлінеді. Жалпы, ел аума­ғында қоршаған ортаны лас­тайтын заттардың 60 пайызы – кө­ліктерден. Оған қоса жанармай құю бекеттеріндегі бензин мен дизель сапасын күн сайын тексеріп отыру қажет. Алматының екі миллионнан аса тұрғыны бар. Алайда экологиялық ахуал 20 мил­лион халық шоғырланған Мехико, 17 миллион халық өмір сүретін Тегеран мен Шанхай, 10-15 мил­лионның аралығында халқы бар Нью-Йорк, Ыстанбұл, Мәскеу сияқты қалалармен қатар тұр. Бұл – өз кезегінде кімді болсын ойлантатын өткір мәселе. Өйткені мемлекет үшін адам денсаулығынан асқан байлық жоқ, – дейді Асхат Асылбеков.

Мәселені тек көліктер мен ЖЭО-ға тіреп қоюға тағы болмай­ды. Бірқатар эколог маман проб­леманың бір ұшын биік ғимарат­тардың көптеп салынуынан кө­реді. Өйткені зәулім құрылыс ны­­сандары қаланы қалқалап тұр. Бұл өз кезегінде ауаның алма­суына кедергі тудырады. Ша­һар­дың қазандық тәріздес аумақ­та орналасқанын ескерсек, шынында бұл пікірдің жай айтыла салмағанын аңғарамыз.

ЖЭО арқылы тарайтын түтін де, көліктерден келетін кесапат та былтыр Президенттің төраға­лығымен өткен Алматы қаласын дамытуға бағытталған басқосуда айтылмай қалған жоқ. Сайып келгенде Алматының экологиясын қалыпта ұстау жан-жақты кешенді жұмыстарды қолға алуды қажет етеді.

Ағымдағы жылдың басында Экология министрлігі Эколо­гиялық реттеу және бақылау коми­тетінің төрағасы Зульфухар Жолдасов Ал­матыға келіп, мегапо­листегі эко­логиялық мәселелерді 30-дан аса нүктеден шешу үшін егжей-тегжейлі бағдарлама дайындалып жат­қанын, автомат­тандырылған жүйені қарастыру керек деген ше­шімге тоқталғанын айтқан болатын.

Алматыда ЖЭО-2 көмірмен, ал қала орталығын қамтитын ЖЭО-1 газбен жұмыс істейді. Ал шаһар айналасындағы шағын жылу электр стансалары әлі күнге дейін көмір мен мазутке тәуелді. Бір ғана ЖЭО-2-ні газға көшіру Алматы экологиясын түбегейлі шешпейді, сол себепті қала айналасындағы шағын стансалардың барлығын газға көшіру қажет дейтін пікірлер де жоқ емес. Қалай айтқанда да, көптен бері жыр болып келе жат­қан ЖЭО-2-нің тағдырына қатысты кесімді сөз айтылды.

Елдегі ішкі жалпы өнімнің бес­тен бірін қамтып отыр­ған Алма­тының әсем көркі мен та­биғаты – барша қазақстандық­тардың игілігі. Іле Алатауының бөктерінде алма бақтарын сақ­тау мен өсіруді ерекше бақы­лауға алу керектігіне, қала ма­ңын­дағы табиғатты қорғау ай­­мақ­тарына түгендеу жүргізіп, оларды пайдаланудың қатаң рә­сім­­дерін белгілеуге баса назар ауда­р­ған Мемлекет басшысы ел эко­номикасының күретамырына бал­анатын алып мегаполистің эко­логиялық тынысына енжар қарауға болмайтынын қадап айтқаны да сондықтан.

 

АЛМАТЫ