Аймақтар • 22 Қазан, 2020

"Таза жүрек" ауылдықтарға тегін қызмет көрсетеді

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы "Волонтерлар жылына" орай арнайы жабдықталған "Таза жүрек" керуені Тараз қаласынан облыстың аудан, ауылдарына қарай жол тартты, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Таза жүрек" ауылдықтарға тегін қызмет көрсетеді

Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған шара "Саулық" жалпыұлттық жобасы аясында іске асып отыр. Аталған керуеннің құрамында тәжірибелі кардиологтар мен волонтерлар бар. Жолға шыққан мобильді топ өңірдегі шалғай ауыл тұрғындарына тегін медициналық қызмет көрсетеді. Ол үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

123

"Таза жүрек" керуенін ауылдарға шығарып салу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысып, адамның өмірі мен денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлеріне алғыс айтты. Сонымен қатар, коронавирус індетімен күрес кезінде де алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің еңбегі ерлікпен бірдей екенін жеткізді. "Мемлекет басшысы "Еліміздің әрбір азаматының денсаулығы – бұл республикамыздың жетістігі" деген болатын. Медицина саласын қолдау, оны тұрақты түрде дамыту мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Медицина саласын қаржылдандыру, мекемелерді заманауи тұрғыда жабдықтау назардан тыс қалған емес. Жамбыл облысы бойынша коронавирус індетімен күрес үшін жалпы 4 миллиард 885,1 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражаттың 218,4 миллион теңгесіне екі инфекциялық стационарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нысандар қажетті құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілді», деді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ, 4 медициналық ұйымға оттегі станциялары, 3 дана компьютерлік томограф, 4 дана цифрлы, 2 дана жылжымалы рентген аппараттары және 2 дана ЭКМО аппараты орнатылған. Сонымен қатар, 250 дана көпфункционалды, 50 дана раенимациялық төсектер сатып алынған. Одан басқа бірқатар медициналық мекемелер 25 дана портативті, 53 дана өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтылған. Бүгінде Жамбыл облыстық жедел медициналық жәрдем стансасына 65 жедел медициналық жәрдем автокөліктері  сатып алыныпты.

14

Салтанатты шара барысында Бердібек Сапарбаев аудандық емдеу мекемелеріне 8 диагностикалық медициналық кешеннің кілтін табыстады. Ал, облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы да 18 медициналық жедел жәрдем көлігімен толықты. Көліктердің барлығы да науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсету құралдарымен жабдықталған. Сондай-ақ, денсаулық сақтау мекемелеріне де жаңа жедел жәрдем көліктері берілді. Жиында коронавирус індетімен күрес кезінде елеулі еңбек еткен бірқатар дәрігерлер Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен тағайындалған «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

 

Жамбыл облысы