Агенттік төрағасы Анар Жайылғанова Сэр Чакрабартиді Агенттіктің құрылымымен және оның елдің мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлімен таныстырды. Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа моделін құру мәселелеріне ерекше назар аударған болатын.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қағидаттарына сай келетін технологиялық және тиімділігі жоғары мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бойынша өз ұстанымын ортаға салды.
Кездесуде тәуелсіздік жылдарынан бері Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен өзінің тиімділігін көрсеткен мемлекеттік басқарудың жүйелендірілген моделі құрылғаны айтылды.
Сондай-ақ, Агенттік төрағасы әзірленіп жатқан iQyzmet платформасы базасында цифрлық технологияларды қолдана отырып, жаңа көзқарастар мен тың бастамалар бар кәсіби кадрлардың жаңа кластерін қалыптастыру бағытында бірқатар жобалардың іске асырылып жатқандығы туралы айтты.
iQyzmet платформасы нақты уақыт режимінде мемлекеттік қызметтің сапалық және сандық сипаттамаларына талдау жүргізуге мүмкіндік береді және стратегиялық кадрлық жоспарлауды іске асыру бойынша мүмкіндіктерді елеулі түрде ұлғайтады.
Өз кезегінде Сэр Чакрабарти Агенттік басшылығының ашықтығы, ұзақ мерзімді және сындарлы ынтымақтастыққа, сондай-ақ мемлекеттік басқару саласындағы жүйелі міндеттерді бірлесіп іске асыруға ниет білдіргені үшін алғысын білдірді.