Президент • 23 Қазан, 2020

Байыпты бастамалар мен нақты нәтижелер

336 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалогты орнатуға бағытталған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғамда қордаланған күрделі мәселелер көтерілетін бірегей алаңға айналып үлгерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған кеңес бір жылдан астам уақытта азаматтық қоғамның қатысуымен бірқатар мәселенің шешімін тапты. Көптің назарын аударған кеңестің кезекті төртінші отырысы онлайн режімде өтті.

Байыпты бастамалар мен нақты нәтижелер

Келелі жиында мемлекеттік басқару реформасы, әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешу, балалардың құқығын қорғау, ерекше мұқтаждығы бар адамдарды қолдау және қоғамдағы өзге де өзекті мәселелер қаралды. Жұмыс топтарының мүшелері саяси, экономикалық, мәдени және рухани мәселелерді таразылап, бірқатар ұсынысын жеткізді.

Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде Ұлттық кеңестің билік пен қоғам арасында сындарлы диалог орната алатын тиімді институционалды құрылымға айналғанын және оның мүшелері еліміз үшін маңызды шешімдер әзірлеп, солардың жүзеге асуы­на күш салып келе жатқанын атап өтті.

Қазақстан Президенті Кеңесте панде­мияға қарамастан елімізді дамытудың өзекті мәселелері тұрақты түрде талқыла­натынын, бірнеше маңызды бастама жүзеге асырыл­ғанын, сондай-ақ қазір­гі таңда мемле­кеттік саясаттың түрлі сала­ларын реформа­лауға қатысты жаңа ұсы­ныстар әзірленіп жатқанын айтты. Сондай-ақ Ке­ңес шетелдік сарапшы­лар­дың қызығу­шы­лығын тудырып отырғаны белгілі болды. 

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғам өкілдері мен сарапшылардың жабық клубы емес. Бұл – ұдайы жаңарып отыратын ашық диалог алаңы. Азаматтарымыз жүр­гі­зіліп жатқан мемлекеттік саясаттың игілі­гін ке­лешекте емес, қазірден бас­тап көріп, сезі­нуі керек. Халықаралық рейтинг­тер маңыз­ды болғанымен, халқымыз­дың әлеумет­тік хал-ахуалына оның айтар­лықтай әсері жоқ екенін түсінген жөн, – деді Президент.

Қ.Тоқаев мемлекеттік басқарудың тиім­ділігін күшейту идеясы – Жолдаудың негізгі өзегінде тұрған мәселе екенін баса айтып, мемлекеттік басқару жүйесін реформалау өз алдына кең ауқымды міндет екеніне тоқталды.

– Біз бұл реформаны мемлекеттік жос­парлау жүйесін қайта құру ісінен бастауды ұйғардық. Осы мақсатта Стратегиялық жос­парлау және реформалар агенттігі құрылды. Агенттік өз жұмысын бастап та кетті. Бұл құрылым қара бастың қамы үшін жасалған жоқ. Жаңа агенттік – алға қойылған міндеттерді шешуге арналған негізгі құрал, – деді Мемлекет басшысы.  

Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген сө­зін­де ауыл әкімдерін сайлау мәсе­ле­сіне қатысты елімізді одан әрі саяси жаң­­ғыр­тудың, Парламентке және жергі­лікті өкі­летті органдарға әйелдер мен жас­тар­ды тарту тетіктерін жетілдірудің маңыз­ды екеніне тоқталды.

Мемлекет басшысы меншігінде мем­лекеттің үлесі бар компанияларда басшы­лықтың 30 пайызы әйелдер болуын мін­деттеу қажеттігі туралы Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсынысына назар аударды. 

– Біз бұл бастаманы біртіндеп жүзеге асыру жолдарын қарастыруымыз керек деп ойлаймын. Мұндай қадам әйелдердің бизнес саласына деген қызығушылығын арттырады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент отандастарымыздың еңбек миграциясына қатысты мәселені де көтер­ді. Оның пікірінше, азаматтарымыз тір­келу кезінде, күнделікті тұрмыста және басқа да мәселелер бойынша әртүрлі қиын­дықтарға жиі ұшырайды.

– Мұның пайдалы қырлары да бар. Мысалы, бұл – біліктілікті арттыруға, жаңа іс­ке машықтануға, өз кәсібін бастау үшін қа­жетті қор жинауға, жер көріп, ел тануға жақсы мүмкіндік. Сондықтан мемле­кет өз азаматтарының, соның ішінде, шет елдерде жұмыс істеп жүрген адамдар­дың әлеуетін пайдалануға бар күшін салады. Үкімет осы мәселенің бәрін мұқият зерт­теп, ұсыныс енгізуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент азаматтарымызды еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіруге қатысты ахуалды жақсартудың, көшіп келушілерге барынша қолайлы жағдай жасаудың маңызды екенін айтты. Мысал ретінде Солтүстік Қазақстан облысын атап өтті.

– Мұнда көшіп келушілер үшін жаңа тұрғын үйлер салынуда, коммуналдық инфрақұрылым дамып, әртүрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есе, яғни 35 айлық есептік көрсеткіштен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Серпін» және «Дипломмен – ауылға!» жобаларын са­ралау қажеттігіне тоқталды. Бұл бағдар­ламалардың тиімді жүзеге асырылуы нәтижесінде солтүстік өңір жастар үшін мейлінше тартымды аймаққа айналады.

Қазақстан Президенті білім беру жүйесіндегі мәселелерге арнайы тоқталды. Ол жоғары оқу орындарының ұйымдық құрылымын өзгерту жұмыстары бойынша тапсырма бергенін айтты.

– Көптеген жоғары оқу орны коммер­циялық емес акционерлік қоғамға айналды. Бұл ел ішінде әртүрлі әңгіме туғызуда. Сондай-ақ ірі мемлекеттік жоғары оқу орындары кейін жекеменшікке сатылуы мүмкін деген де күдік бар. Осыған орай ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындарының сатылмайтынын мәлім­дей­мін. Бұл мәселе айрықша назарда, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мектептердегі цифрлы инфра­құрылымды дамыту, сондай-ақ оқушы­ларды пандемия кезінде компьютер­мен жабдықтау мәселелеріне тоқта­лып, мектептерде сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралардың біртіндеп қабылданып жатқанын айтты. Осы ретте мектепте білім берудің мазмұнына да ерекше көңіл бөлді.

– Беделді халықаралық зерттеу қорытындылары біздің оқушылардың оқу сауаттылығы бойынша дағдылары жеткілікті деңгейде дамымағанын көрсетіп отыр. Сондықтан оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту еліміздегі орта білім беру ісінің басым бағытына айналуға тиіс. Баланың оқуға деген қызығушылығы, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы мектеп қабырғасында қалыптасу керек. Ал кітапхана оқушының сол ынтасын оятып, оны қызықты кітап әлеміне жетелеуі қажет, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының айтуынша, отандық кітапханалар  өздерінің ағартушылық рөлін жоғалтпай, заманауи талаптарға сай болуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқығын қорғау мәселелеріне де назар аударды.  Президент 2022 жылдан бастап ұлттық мониторинг жүргізу механизмін – Балалардың амандығы индексін әзірлеп, енгізу қажеттігін айтты. Индексті енгізу өңірлер бойынша түрлі салада балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық саясаттың тиімділігін бақылап отыруға мүмкіндік береді.

Президент ерекше мұқтаж жандарды қолдау мәселесіне де тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мемлекет осындай адамдар үшін инклюзивті білім беруге, кедергісіз орта қалыптастыруға, сондай-ақ қолжетімді инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және жұмыспен қам­ту мүмкіндігін кеңейтуге баса мән беріп отыр. Дегенмен, аталған шаралар ерек­ше мұқтаждығы бар адамдардың қажетті­ліктерін қамтамасыз етуге әлі де жеткі­ліксіз.

Мемлекет басшысы адам саудасымен күрес мәселесін көтерді.

– Адам саудасына байланысты алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру және осы салаға қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау жөнінде нақты шаралар қабылдау қажет. Адам саудасы мен мәжбүрлі еңбекке душар болған барлық адамға, соның ішінде, шетел азаматтарына көмек көрсету керек, – деді Президент.

Сондай-ақ экологиялық туризмді дамытудың маңызы туралы да айта келе, мем­лекеттік ұлттық табиғи парктерді да­мытудың жоспарын үнемі жұртшы­лық­тың талқысына салу үрдісін енгізуді міндеттеді.

Мемлекет басшысы сөзін қорытын­дылай келе, алдағы тәуелсіздіктің 30 жыл­дығы саяси және экономикалық реформалар, цифрландыру, адам құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау және білім беруді дамыту, экологияны қорғау аясында өтуі керек екенін айтты. Бұл ретте тәуелсіздіктің 30 жылдығы – тәуелсіз­діктің мәні мен құндылығын сезінуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

Отырыс барысында Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин Ұлттық кеңес аясында атқарылған жұмыс туралы есеп берді. 

«Мамыр айында өткен Ұлттық кеңес­тің үшінші отырысынан кейін Кеңес аясын­да бірнеше бағытта ауқымды жұмыс жүргізілді. Ең алдымен хатшылық тарапынан Мемлекет басшысының Ұлттық кеңес­тің шеңберінде айтылған бастамаларын тиісті түрде жүзеге асыру бақылауға алын­ды. Атап айтқанда, екінші отырыс­та жа­рияланған саяси-экономикалық, әлеу­мет­тік реформалар пакетінің жүзеге асы­рылуы ерекше назарға алынды», деді Е.Қарин.

Президент көмекшісінің айтуынша, Қазіргі кезде Ұлттық кеңестің аясында жарияланған саяси реформалар пакеті толық іске асып, мамыр-маусым айларында жеті заң қабылданды. Бұл заңдар көппартиялы жүйенің дамуына, саяси партиялар мәртебесінің артуына, жастар мен әйелдердің өкілетті билік органдарына белсенді тартылуына, адам құқығын қорғауға септігін тигізеді.

«Сонымен бірге қазіргі уақытта хатшылық экономикалық, әлеуметтік рефор­малар пакетінің жүзеге асырылуын ба­қылауда ұстап отыр. Мәселен, үстіміз­дегі жылдың 2 қазанында Сенатқа Қазақ­стан Республикасының заңнамасына сәйкес, пайдаланылмайтын ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы жерге жер салы­ғының базалық мөлшерлемелерін 10-нан 20 есеге дейін ұлғайтуды қарастыратын заң жо­басы қарауға енгізілді. Сондай-ақ  пайда­ла­нылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп қайтару мерзімін екі жылдан бір жылға қысқарту нормасын қамтитын заң жобасы жыл соңына дейін Мәжіліс қарауына өткізілуі жоспарланып тұр», деді Е.Қарин.

 Сондай-ақ көлік иелерінен жүргізуші куәлігін талап етпейтін, тек қана жеке куәлікті қолдану мүмкіндіктерін қарас­ты­ратын жол жүру нормалары бойын­ша заң жобасы Мәжіліс қарауына ұсынылған. Бұдан бөлек Ұлттық кеңестің үшінші отырысында білім беру және денсаулық сақтау салаларын жетілдіру бойынша ұсынылған бастамалардың біраз бөлігі жүзеге асқан. Соның ішінде педагогикалық бағыттар бойынша оқуға түсуші үміткерлер үшін іріктеу талаптары күшейтілді. Осы ба­ғытта білім алатын бакалавриат студент­терінің шәкіртақысы 60 пайызға, ал док­торанттардың шәкіртақысы 46 пайызға ұлғайды. Жоғары оқу орындарында профес­сорлық-оқытушылық құрамның орта­ша еңбекақысы 2019 жылмен салыс­тыр­ғанда 27 пайызға өскен.

Денсаулық сақтау саласына келер болсақ, бас мемлекеттік санитар дәрігердің мәртебесі мен құзыреттілігінің кеңеюін қамтитын «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс қабылданды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылып, «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң жобасы дайындалды.

Одан бөлек Ерлан Қарин мемлекеттік органдар мен Ұлттық кеңес мүшелері арасында өзара әрекет ету күшейтілгенін мәлімдеді. Осы орайда жаңа онлайн форматта Ұлттық кеңес мүшелері Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевпен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовпен, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровпен, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цоймен кездесу өткізген. Жалпы алғанда, мұндай сегіз талқылау мен кездесу ұйымдастырылды.

«Бұған қоса Мемлекет басшысы мен Ұлттық кеңес мүшелерінің жеке кез­десулерін өткізу тәжірибесі жалғас­ты­рылды. Биыл осындай 8 кездесу өтті. Жал­пы, өткен жылдан бері мұндай 24 кездесу ұйымдастырылды. Жеке кез­десу­лерде Ұлттық кеңес мүшелері тарапы­нан айтылған ұсыныстар ерекше назарға алын­ған. Аталған жұмыстардың барлығы Ұлт­тық кеңестің тиімді қызмет етуіне ықпал етеді және әрі қарай да бұл ба­ғыт­тарда жұмыс жүргізу жалғас­ты­рылады», деді Е.Қарин.

Жиында жұмыс топтары атынан сөйлеген Кеңес мүшелері түрлі саладағы өзек­ті мәселелерге тоқталып, оларды шешу бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Алғашқы болып Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Саяси реформалар жөніндегі тобының мүшесі Максим Споткай сөйледі. Ол сөзін жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту үшін бес жылға арналған тұжырымдама жасау туралы ұсыныстан бастады.

«Саяси реформалар жөніндегі топ жан-жақты талқылай келе, бірқатар ұсы­ныс әзірледі. Сол ұсыныстарға жеке тоқ­талайын. Біріншіден, біздің ойымызша жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту үшін бес жылға арналған тұжырымдама қажет. Сонымен бірге арнайы заң әзірлеп, қабылдаған дұрыс. Жергілікті деңгейдегі жиын­дарды өткізудің жаңа тәртібін енгі­зетін уақыт жетті деп санаймыз. Мысалы, қазір ол үшін аудан әкімінің келісімі қажет. Біз ауыл азаматтарының кемінде 10 пайызы жиын өткізу туралы мәселе көтерсе, оған сол ауыл әкімінің келісімі жеткілікті деп есептейміз», деді М.Споткай. Ол тұрғындар осындай жиындар ар­қылы әкімдердің жұмысына қоғамдық бақылау орнататынына сенімді.

Жұмыс тобының мүшесі Президенттің халыққа Жолдауындағы ауыл әкімдерін сайлау мәселесіне де тоқталды. «Ауыл әкімдерін сайлауда жалпыға тең және төте сайлау өткізу керек. Дауыс беру жасырын түрде болуы тиіс. Келесі жылы кент, ауыл және ауылдық округ әкімдерін сайлау керек. Егер сайлау оң нәтиже берсе, оны кезең-кезеңмен басқа деңгейде де жүзеге асыру мүмкін деп санаймыз. Бұл жерде кез келген азаматтың сайлану құқығын шектемеу керек деп есептейміз», деді М.Споткай.

Ол өз сөзінде ауыл әкімі лауазымына үміт­кер­лерге қойылатын талап та жеңіл болуы керек екенін атап өтті. Ол үшін үміткер­дің 25 жасқа толуы, тиісті елді мекен ау­ма­ғында соңғы үш жылда тұрақты тұруы, ж­оғары немесе орта арнаулы білімі болуы шарт.

Сондай-ақ кеңесте өзге елдердің ұлт­тық жобаларын қайталамау мәселесі де сөз болды. «Өзге елдердің ұлттық жобала­рын қайталаудан бас тартуымыз керек. Еліміздің ерекшеліктері ескерілмей жасал­ған шетелдік тәжірибелер әрдайым сәтсіз болады. Сондықтан жобалар «жабық есік» жағдайында дайындалмауы тиіс. Қазақта «келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Сондықтан мұндай жұмыстарға тәуелсіз сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері, әсіресе жастардың атсалысқаны жөн», деді Максим Споткай.

Ұлттық жобалардың экономика және инфрақұрылым бойынша, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау, жастарды қолдау, рухани жаңғыру, ұлттық бірлік, ағарту салаларын да қамтуы тиіс екені айтылды. Кеңес мүшесі Мемлекет басшысының «Қазақ тілі – этносаралық қарым-қатынас тілі» деген идеясын дамыту үшін арнайы жоба әзірлеудің маңызды екенін де тілге тиек етті.

Саяси реформалар жөніндегі топ адам құқықтарын қорғау, интернет арқылы өтініш беру механизмі және ақпаратқа қол жеткізуге қатысты да бірнеше ұсы­нысты Кеңес құрамына таныстырды. М.Споткай бұл ұсыныстардың Жол­дау­да көтерілген бастамаларды жүзеге асы­руға және демократиялық өзгеріс­тер­ді жалғастыруға мүмкіндік беретініне сенімді.

Одан бөлек Кеңес отырысында халық­тың әлеуметтік мәселесі де көтерілді. Жиын барысында сөз алған кеңес мүшесі – Ләззат Қожахмет халықтың несие алуы, ауыл балаларына арналған білім грант­тары мен жастардың жұмысқа орналасу мәселесін қозғады. «Пандемия жағдайында Қазақстанда ғана емес, әлемде көптеген елді жұмыссыздық мәселесі алаңдатып отыр. Осы орайда халықтың әлеуметтік тұрмысы ушығып, несие мен жоқшылықтың қамытын киген отбасылар көбеюде. Пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық күшейіп жатыр, балаларға қатысты зорлық фактілерінің өзі халықтың ашу-ызасын тудыруда», деді Л.Қожахмет.

Сонымен қатар Кеңес мүшесі корона­вирустың бірінші кезеңінде дағдарыс орталықтарына жүгінген әйел мен бала көбейгенін алға тартты. «Өкінішке қарай, дағдарыс орталықтары олардан коро­навирусқа қатысты тест анықта­масын сұрап, қабыл­дамады. Індеттің жаңа толқыны сал­қын мезгілге дөп келетін­діктен, осы мәсе­ле­лердің келешекте қарас­тырылғанын әрі ескерілгенін қалаймыз», деді ол.

Одан әрі Л.Қожахмет республи­каның барлық аймағында көпбалалы аналарды қолдайтын «Бақытты отбасы» және «Жанұя» орталықтарының ашылуы туралы айта келе, олардың жұмысын жолға қою қажеттілігіне тоқталды. «Бұл орталықтар тек консультация беру деңгейінде қалып отыр. Қазір консультацияны әкімдер де, басқарма басшылары да, министрлер де тікелей эфирге шығып, өздері беруде. Яғни, бұл орталықтардың жұмысын келешекте қайтадан қарастыруды сұраймыз», деді Л.Қожахмет.

Оның сөзіне қарағанда, көпбалалы отбасыларға кәсіпкерлік негіздерін үйрететін «Атамекен» палатасында «Бастау Бизнес» курстары бар. Биыл бұл курстарға сұраныс көп болды. Бірақ тамыз айында аталған курстарға қабылдау тоқтап қалған. Осы орайда курстарға байланыс­ты орын санын көбейту туралы ұсыныс жасалды. «Оқыған адамдар кәсіпкер болуға, масылдықтан арылуға, атаулы әлеуметтік көмек пен жәрдемақылардан бас тартуға деген құлшыныс әрі ынта пайда болады. Курстар өткізген кезде «Атамекен» палатасының түсіндіру тілі өте ауыр. Сондықтан осы жағына және тестілерге назар аударса дейміз», деген ойын жеткізді. 

Сөз барысында ауыл тұрғындарының несие мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Ләззат Қожахмет «ҚазАгро» холдингіне қарасты акционерлік қоғамдар ауылдағы мүліктерді өте төмен бағалайтынын еске салды. «Мысалы, олар бір үйдің шаршы метрін алты мың теңгеге бағалайды, сонда 6 миллион теңге несие алу үшін бірнеше бас­пана болу керек. Ауылдағы тұрғындарға 6 пайыздық несиені беру шарттарын жеңілдетіп, бағалайтын мүлік құнын жоғарылатуды сұраймыз», деді ол.

Ұлттық сенім кеңесінің отырысында көптің көкейінде жүрген тұрғын үй мәселесі де сөз болды. «Тұрғын үй саясаты саласында 7 мемлекеттік оператор жұмыс істейді. Бірақ осы уақытқа дейін баспана кезегінде тұрған адамдардың тізімін ашық жариялайтын республикалық сайт жасалған жоқ. Яғни кім кезекке тұрып үй алды? Өз кезегімен алып жатыр ма? Жемқорлық фактілері орын алды ма? Осының барлығы ашық түрде сайтта көрінуі керек. Былтыр үй алғандар қазір де кезекте тұр, яғни кезек жаңармай жатыр», деп түйіндеді.

Бұдан бөлек ол қазір Қазақстанда 30 мыңға жуық көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұрғанын жеткізді. «Оларға арендалық баспана береді. Бірақ жалға берілетін пәтер мұраға қалдырылмайды, атына жазылмайтындықтан халық ипотека алып, өзінің атында қалатын меншік үй болғанын қалайды. Бұған байланыс­ты Қазақстанда «7-20-25», «5-10-20» де­ген бағдарламалар іске асырылуда. Бұлар өте тиімді бағдарламалар. Алайда осы бағдарламамен үй алудың өзіндік қиын­дықтары бар. Мәселен, осы екі бағдарлама бойынша тек жаңа үйлерге ғана ипотека беріледі. Жаңа үйлердің бағасы қымбат, 15 млн теңгеге бір бөлмелі ғана пәтер алуға болады. Төрт-бес баласы бар отбасына бір бөлмелі пәтерді 20 жылға ипотекаға алу тиімсіз», деді Кеңес мүшесі. Осы орайда «5-10-20» бағдарламасымен ипотеканы қайталама нарықтағы, яғни арзан әрі жөндеуден өткен үйлерге беру ұсынысы айтылды.

Сонымен қатар Л.Қожахмет жыл са­й­ын 21 мыңға жуық мектеп түлегі жоғары оқу орнына түсе алмайтынын еске салды. Олардың басым бөлігі ауылдан шыққан балалар. Кеңес мүшесінің ойынша, ауылдағы білім мен қаладағы білім тең емес. «Бірақ университетке түсетін кезде ауыл мен қала оқушысына бірдей талап қойылады. Осыған байланысты ауыл түлектеріне 30 пайыз квота қарастырылған. Біз өз тарапымыздан ауылдық түлектерге арналған квотаны 50 пайызға дейін арттыруды сұраймыз», деді Л.Қожахмет.

Одан әрі жастар практикасы бағдарла­масына тоқталды. Жастардың еңбек өтілі болмауына байланысты жұмысқа тұра алмайтыны айтылды. Осы орайда түлек­тердің жастар практикасы кез келген ұлт­тық компанияға, мемлекеттік мекемеге жұмысқа тұрып, 6 ай бойы жұмыс­пен қамту орталығынан жалақы алатыны сөз болды. Л.Қожахмет  жалақы деп белгілен­ген 60 мыңның жас маманға аз екенін ескертті. «Оқуды бітіріп келген жас жігіт 60 мың теңгеге өмір сүре алмайтын­дықтан, бұл бағдарламамен жұмысқа бармайды. Сол себепті жастар практикасы арқылы төленетін жалақы көлемін көбейтуді сұраймыз», деді Кеңес мүшесі.

Отырыс барысында ажырасқан азаматтардың 70 пайызы алименттерін төлемейтіні мәлім болды. Кеңес мүшелері оларға қатысты жазаны қатаңдатуды сұрады.

Ұлттық сенім кеңесінің тағы бір мүшесі Асхат Садырбай мемлекеттік тіл мәселесін көтерді. «Кейбір мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялар интернет сайттарының қазақша нұсқаларына басымдық бермейтінін, тіпті әлеуметтік желілердегі парақшаларында да қазақша жазуға келгенде құлықсыз екенін көп байқап жүрміз. Кейбір мемлекеттік органдардың домендік атауы мемлекеттік тілде жазылмаған. Одан басқа, еліміздегі әртүрлі ірі халықаралық және жергілікті компаниялардың интернет сайттарынан да, әлеуметтік желілердегі парақшаларында да мемлекеттік тілге жеткілікті көңіл бөлінбегенін аңғаруға болады», деді А.Садырбай.

Ол қазіргідей электронды гаджеттер мен интернетке тәуелді заманда бұл мәселенің назардан тыс қалмауы керектігін алға тартты.  «Бұл мәселені интернетте «Qazaqsha Jaz» жастар қозғалысының да көтеріп, белсенділік танытып жүргенін атағым келеді. Сондықтан интернеттегі тіл мәселесіне көңіл бөлініп, мемлекеттік тілге қатысты талап күшейтіліп, аталған сайттар мемлекеттік тілде де жұмыс істесе, тілдің қолдану аясы әлдеқайда кеңейіп, ана тіліміздің дамуына оң әсерін берер еді», деді ол.

Сонымен қатар несиесін өтей алмай жүргендер мәселесі де Кеңес отырысында талқыланды. Ләззат Қожахмет «Пандемия кезінде сот орындаушылары мен коллекторлар халыққа қысым көрсетіп, алдау мен арбау фактілері көбейіп жатыр. Барлық есепшоттары бұғатталған отбасылар бар. Әрине негізсіз несие алған тұрғындардың да кінәсі жоқ емес. Бірақ осыған байланысты проблемалық несиесі көп банктерді анықтауды сұраймыз. Себебі Қазақстанда кейбір банктер жұмыс істемейтін, зейнетақы жарнасы аударылмайтын, төлем қабілеті жоқ, басқа банктерде бірнеше несиесі бар адамдарға жоғары пайызбен несие таратқан. Яғни халықтың әлеуметтік жағдайының ушығуына себепкер болып отырған банктер мен қаржы ұйымдары бар»,  деді.

Осы орайда ол індетке байланысты жұмыссыз қалып отырған адамдардың несиеге байланысты проблемалары ушыққанын атап өтті. «Мұндай жағдайға әкеліп отырған банктердің де жұмысына сараптама жүргізіліп, олар да жауапқа тартылуы қажет деп есептейміз», деді Ләззат Қожахмет.

Айта кетерлігі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғаннан бері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес мүшелерімен 24 (2019 жылы – 16, 2020 жылы – 8) кездесу өткізді. Сонымен қатар Ұлттық кеңес аясында жарияланған саяси реформалар топтамасы толығымен жүзеге асырылып, 7 заң қабылданды. Министрлермен онлайн-форматта 8 кездесу өткізілді.

 

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,       

«Egemen Qazaqstan»