Гүлшат Ахметқызы – орта мектепті тәмамдаған соң 1950 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде оқуын жалғастырып, әрі мылтық ату спортымен айналысады. 1952 жылы Қазақстан құрама командасы сапына қабылданып, алғаш рет Украинаның Львов қаласында өткен Одақ біріншілігіне қатысты. Келесі, яғни 1953 жылы өткен тағы бір ресми жарыста кіші калибрлі винтовкамен «МВ – Б» жаттығуын орындау барысында Гүлшат апамыз алуға тиіс 600 мүмкіндіктен 549 ұпай жинап, КСРО спорт шебері нормативін орындайды.
Үздіксіз тер төгудің арқасында арада екі жыл өткен соң, яғни 1955 жылы жоғарыдағы ұпай санын 569-ға жеткізеді. Бұл көрсеткіш сол кезде Қазақстанның жаңа рекорды ретінде тіркелгенін айта кеткен жөн. Одан кейін 1956 жылы өткен КСРО Халықтарының І спартакиадасында қазақ қыздары арасынан тұңғыш рет ерлер сапында өнер көрсетіп, нысана көздеуден (600 мүмкіндіктен 587 ұпай) өзінің бұрынғы рекордын жаңартты.
1957 жылы Одесса қаласында өткен КСРО чемпионатында 600 мүмкіндіктен 594 ұпай жинап, біріншіліктен қола медаль алды. Сондай-ақ жатып атудан 200 мүмкіндіктен 200 ұпай жинап, тағы да еліміз рекордын тоқтатты. Бір таңданарлық жағдай, осы рекордты әлі күнге дейін ешкім жаңартқан жоқ.
Гүлшат апамыз спорттық жолында КСРО және ҚазКСР-нің ДОСААФ орталық комитетінің құрамасы сапында өнер көрсетті. 1959 жылдан бастап төрешілік қызметін атқарды. Республика және КСРО жарыстарында қазылық етті.
1961 жылы Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетін тәмамдап, жоғары оқу орындарына дәріс оқыды. Білім беру саласында педогогика ғылымдарының кандидаты атағын қорғады. «Құрмет Белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.