Тарих • 23 Қазан, 2020

Жазықсыз жапа шеккен қос азамат

733 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Миллиондаған жазықсыз жан­дардың өмірін қиып, тағдырын тәлкекке салған сталиндік сая­си репрессия, халық жадында жа­зылмас жара болып қалды. Осын­дай тарихтың қасіретті жылдары жайлы архив құжаттары, музей жәдігерлері естелік айтады.

Жазықсыз жапа шеккен қос азамат

Еліміз етек-жеңін жиып, егемен­дігін алған соң жер-жерлерде жа­зықсыз жазаланғандарды еске ала­­тын және тағзым ететін мемо­риал­дық ескерткіштер, музейлер ашылды. «Аза тұту» кітаптары жа­рық көріп, оқырманға жол тартты. Бүгінгі ұрпаққа тарихтың қасіретті жылдарын көрсету үшін жыл са­йын Өскемендегі «Сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» музейінде ашық есік күні ұйым­­дастырылады. Онда репрессия, депортация құрбандарының ұр­пақтары, студент жастары және мек­теп оқушыларының қаты­суы­мен, еске алу іс-шаралары өтіп тұ­рады.

Ғасырдан астам тарихы бар Шы­ғыс Қазақстан облыстық та­ри­хи-өлкетану музейінің қызмет­кер­лері «ХХ ғасырдың 30-50 жыл­дарындағы саяси репрессия» тақы­рыбымен 1960-1970 жылдардан бастап айналыса бастады. Ал 1980-1990 жылдардың басында белсенді түрде репрессия, депортация тақырыбына материалдар жинақталды.

1920-1940 жылдардағы қасі­ретті бастан кешкен халық қу­ғын-сүргінге ұшырады, қызыл қыр­­ғын­ның құрбаны болды. Өкі­ніш­­ке қарай, отбасылық архивтер­де ақтал­ғандары туралы бір жапы­рақ қағаз ғана қалған. Музей қыз­мет­кер­лері бір тілім қағаз негі­зін­де реп­рессияға ұшыраған жан­дар­дың ұрпақтарынан есте қалған есте­ліктерін, қолда бар материал­да­рын алып қалуға тырысады. Кей­біре­уінің немере-шөберелері қол­да­рын­дағы құнды құжаттарын, фо­то­­ларын өздері әкеліп, табыстап жатады.

Солардың бірі Тарбағатай ауда­­нының, Өскемен қаласының құр­­метті азаматы Амангелді Қажы­баев атасы Дайырбек Испаев және әкесі Қажыбай Дайырбеков туралы материалдарды музей қорына өткізді.

Әкесі Қажыбай Дайырбеков 1909 жылы Шығыс Қазақстан об­лысының Тарбағатай ауданы, Голо­щекин ауылдық кеңесінде дүние есігін ашыпты. Кейін «байдың ба­ласы, қызмет бабын  асыра пайдаланды, колхозшылар арасында кеңес өкіметіне қарсы үгіт-наси­хат жұмысын жүргізді, колхоз ша­руа­шылығына зиян келтірді» деп та­ны­лып, үстінен қылмыстық іс қоз­ғалып, жазаға тартылған.

1997 жылы 9 шілдеде Шығыс Қазақстан облыстық соты берген анықтамада Қажыбай Дайырбе­ков 1937 жылы 13 қарашада Шы­ғыс Қазақстанның НКВД «үшті­гінің» қаулысы бойынша 10 жылға сотталып, жазасын еңбекпен өтеу лагеріне жіберілгені туралы жазылған. Сотталғанға дейін Тар­бағатай ауданы Голощекин ауыл­дық кеңесте хатшы болып жұмыс істепті.

Амангелді Қажыбаев әкесі туралы естеліктерінде: «Ол кісі өмірінде бір қатты сөз айтпаған, үкіметке, пар­тияға да өкпе білдірмеген, достары көп, замандастарының, туыстардың арасында абыройлы, беделді болған еді», деп жазады.

Ал атасы Дайырбек Испаев 1868 жылы Тарбағатай ауданы Қы­зыл ту ауылдық кеңесінде туып­ты. Сауатты, ауқатты отбасы­нан шыққан ол ер жеткен соң Тар­ба­ғатай ауданының Сарбұлақ кол­хозында малшы болып жұмыс істеген. Алайда Сарбұлақ колхозы ұжымының арасында «Кеңес өкіметіне қарсы зиян келтіретін мақ­сатта үгіт жүргізді» деген 58-бап­тың 10-тармағы бойынша айып та­ғылады. 1941 жылдың 17 та­мы­зында Тарбағатай аудандық  НКВД шешімімен жауапқа тартыл­ды. Араға бір жыл салып, 1942 жылы 21 мамырда Дайырбек Ис­паевтың Өскемен түрмесінде қай­тыс болуына байланысты іс тоқ­татылады. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті облыстық департаментінің берген анық­тамасында көрсетілген.

1

Ал қайтыс болу актісінде «жүрек қан тамырлары соғуының әлсіреуі салдарынан» деп жазылған екен. Кейін туыстары Мәскеуге дейін хат жазып, Дайырбек Испаев ақталған.

– Іс тоқтатылып, ақталғаны ­туралы облыстық соттың 1960 жылы 6 сәуірдегі құжатын көргенде, ерек­ше толқыныста болдым, – деп еске алады Амангелді Қажыбаев.

Ол өмір бойы әкесі мен атасын ақтау үшін көп ізденген екен. Тағдыр тәлкегіне түскен туғандары жайлы ақпарат алу мақсатында талай құзырлы органдардың та­балдырығын тоздырған. Тек 2017 жылы ғана әкесі мен атасы туралы ресми құжаттарды қолына алған. Көп жылғы ізденістен соң саяси қу­ғынға ұшыраған туғандарының «ақталды» деген тілдей анықтамасы ұрпақтары үшін үлкен қуаныш еді.

Міне, бір отбасының екі бірдей адамы «халық жауы»  атанып, зұлмат жылдардың құрбаны бол­ған екен. Амангелді Қажыбаев қан­дай қызметте болсын, әкесінің «ха­лық жауы» деген баппен сот­талғанын еш жасырмаған. Әкесі Қа­жыбай Дайырбеков жазасын өтеп шыққаннан кейін, көп жылдар Алтай қорғасын құрылыс кә­сіп, орнында жұмыс істепті. 1967 жы­лы мүгедектігіне байланыс­ты зейнеткерлікке шығып, 1973 жы­лы қайтыс болған. Сталиндік сая­си қуғын-сүргін жылдарындағы бір отбасының қысқаша тарихы арқылы мыңдаған адамның басына түскен қасіретті тағдырларды  білеміз.

Бұл дегеніміз, өткен тарихы­мыз­дың қаралы беттерін есте сақтау,  жазықсыз жапа шеккендерді әрда­йым еске алып, рухына тағзым ету – кейінгі ұрпақтың борышы.

 

Фарида Бегімханова,

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» музейінің меңгерушісі

 

Шығыс Қазақстан облысы