Оқиға • 23 Қазан, 2020

Jas Qalam жобасы бастау алды

143 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әмбебап және конвергентті журналистерді даярлауға арналған Jas Qalam республика­лық жобасына қатысу үшін өтініш қабылдау басталды. Жобаны Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен Қазақстан конгресі ұйымдастырып жатыр.

Jas Qalam жобасы бастау алды

Қазақстандық журналистиканы дамыту, жас­тарға осы саладағы кәсіби мамандардан, еліміздің белгілі журналистерінен, БАҚ менеджерлері мен БАҚ жетекшілерінен, блогерлер мен телеграм-арналардың авторларынан, медиа-тренерлерден тегін білім алуға мүмкіндік беруді мақсат еткен шараға тіркелу 16 қарашаға дейін жалғаспақ.

Жоба биыл үшінші рет дәстүрлі түрде өткізіліп отыр. Өткен жылы қатысушылар блог жүргізу, тележурналистика, баспа және интернет-журналистика бағыттарының біреуін ғана таңдауы керек болса, ал биыл олар блог жүргізу және әлеуметтік медиа, жеке бренд қалыптастыру және PR, тележурналистика, баспа және интернет журналистика сияқты 4 бағыт бойынша бір ай күнделікті білім ала алады.

Айта кету керек, биыл оқу екі тілде өтеді. 26 қазаннан 20 қарашаға дейін орыстілді топқа, ал 16 қарашадан 11 желтоқсанға дейін қазақтілді топқа арналған тренингтер өтеді.

– Биылғы жылы мастер-кластардың тақы­рып­тары мен бағыттарын әртараптандыру жолға қойылды. Біз әрбір жас журналистің зерттеу­ге арналған тақырыптардың толық спектрін алған­дығын қалаймыз. Жыл сайын өткізілетін Jas qalam тренингтері өз тиімділігін көрсетіп отыр. Өйткені қатысушылар ақпараттық жұмысты жүргізуде жаңа тәсілдер қолданады, қателерін көреді және жаңалық таратудың жаңа форматтарын игереді, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.

Бағдарламаның бірінші бағыты – «Блоггинг». Бұл апта толығымен әлеуметтік медиа, копирайтинг, сторителлинг, Instagram және Youtube платформалардағы қазіргі тенденциялармен таны­суға арналады.

Екінші бағыт – «PR және жеке брендинг». Қоғаммен байланыс саласының үздік мамандары имидж қалыптастыру, БАҚ-пен өзара байланыс құру және дағдарысқа қарсы тұра алатын менеджменттің сырларын жас журналистерге айтып береді.

Үшінші бағыт телевизия саласында қызмет ету мен авторлық бағдарлама жүргізуді армандағандар үшін ерекше қызық болмақ. Тележурналистика апталығы жаңалық жүргізу, бағдарлама әзірлеу, жеке бағдарлама тақырыптарына арналады.

Бағдарлама баспа журналистикасының негіз­дерін, тенденцияларын және онлайн БАҚ-та жұмыс істеуді, мақала жазу мен сұхбаттасу өнерін үйрететін бағыттағы оқумен аяқталады.

«Жобаға қатысушылардың саны жыл сайын өсіп келе жатқаны қуантады. 2018 жылы жас журналистерге арналған форум Қазақстанның 4 облысында өтті. 2019 жылы аймақтық форумға еліміздің 7 аймағынан 1000-нан астам жас қатысты. 2 айлық онлайн-жобаның соңында біз қатысушылармен байланысымызды үзбейміз, оларды бақылап, тәлімгерлік көмек көрсетеміз және жас журналистер мен блогерлерге арналған онлайн медиа қоғамдастықтың одан әрі дамуы үшін жоба қатысушыларын коммуникациялық алаңға бірік­тіреміз», деді Қазақстан Жастар конгресінің атқа­рушы директоры Тоқтар Болысов.

Ұйымдастырушылар Jas Qalam бірыңғай білім беру платформасын құруды бастап кетті. Оны 2020 жылдың желтоқсанында, жобаның соңында іске қосу жоспарланып отыр.