Қоғам • 23 Қазан, 2020

«Оффлайн күн» акциясы

840 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі 17 қазанда «ReStart» жобасы аясында жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділіктің алдын алу мақсатында «Оффлайн күн» республикалық акциясын өткізді.

«Оффлайн күн» акциясы

 

Аталған шараның басты мақ­саты – бір күнді интернетсіз өмірге арнап, уақытты тиімді өткізу. Соны­мен бірге ұйымдастырушылар таби­ғат аясында ойындар ойнап, жас­өс­пірімдерге адамдармен қарым-қаты­нас мәдениетін қалыптастыру және жастардың санасын пайдалы бағытқа қарай өзгертуді көздейді.   

Іс-шара республиканың барлық өңірінде бір күнде өтті және барлық қатысушы шараның соңына дейін ұялы телефондарынан, әлеуметтік желілерден бас тартып, бір күнді толығымен интернетсіз өткізді. 

Қатысушылар сапалы уақыт өт­кізу үшін табиғат аясына шықты. Барлығы қызық ойындар ойнап, жы­лыжайларда бақша дақылдарын егіп, әртүрлі суреттер салып, үй кино­­теат­рын ұйымдастыру секілді жұ­­мыс­тармен айналысты. Сондай-ақ шара барысында қарт адамдарға кө­мек көр­сетіп, қайырымды іс жасады.

Акция аяқталғаннан кейін қаты­су­шылар «Оффлайн өмір» марафонына қатыса алады. 21 күнге созылатын «Оффлайн өмір» марафонында еліміздің беделді тұлғалары қатысушыларға өздерінің арнайы тап­сырмаларын береді және мара­фон соңында үздіктерге бағалы сый­лық­тар табысталады.   

«Оффлайн күн» акциясы «Жастар мен балалар арасында интернетке тәуел­діліктің алдын алу бойынша іс-шаралар кешенін іске асыру, сондай-ақ азаматтардың цифрлық беделін қорғау» тақырыбында «ReStart» жобасы аясында Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігінің қолда­уымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ гранттық қаржыландыруы аясында өткізілді.   

Жастар ұйымы марафонмен шектеліп қалмай, интернет тәуелді­лік­тің зиянын жеткізу үшін арнайы фотокөрме ұйымдастырылып отыр. Шара 14-23 қазан аралығында рес­публиканың 17 аймағында өтеді.

«Іс-шараның негізгі мақсаты – қо­ғам­ға интернетке тәуелділіктің зия­нын көрсету және интернетке тәуел­діліктің алдын алып, фотосуреттер арқылы адамдардың санасын пайдалы жаққа қарай өзгерту. Оған қоса ғаламтор мәдениетін түсіндіруді де жолға қойып отырмыз», дейді ұйым­дастырушылар.

Фотокөрмеде биыл 1 қыркүйекте жа­рияланған байқауда үздік деп та­нылған суреттер қолданылады. Фотокөрме суреттерін @restart_social парақ­шасынан көруге болады.