Саясат • 23 Қазан, 2020

Қолдау жақсарса, қорғау да түзеледі

253 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл Алматы облысында қылмыс жасау дерегі азайған екен. Мәселен, өткен 9 айда 11 073 заң бұзу оқиғасы тіркелген. Яғни бұл өткен жылдың сәйкес мерзі­мі­мен салыстырғанда 36,5 пайызға аз. Әрі аймақ жолдарында болатын апат та кеміп, былтырғыға қарағанда 12 пайызға төмендеген. Жыл басынан бері 1496 жол-көлік оқиғасы болған.

Қолдау жақсарса, қорғау да түзеледі

 

Әрине, облыстағы құқық ахуалының оңалуы тәртіп сақшыларының жан­қияр­лық жұмысының нәтижесінде мүм­кін болғанын айтуымыз керек. Ал атқарушы билік полицияның алаңсыз қызмет етуі үшін барлық қолдау шарасын жасап жатыр. Атап айтқанда, биыл облыста ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығай­ту­ға 2,9 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл қара­жат қала мен елді мекен көшелерін бей­не­бақылау камерасына қосу мен тәртіп сақшыларына қажетті көлік пен құ­рал-жабдық сатып алуға жұмсалуда. Ал аймақ елімізде алғашқылардың бірі болып учаскелік полицейлердің баспана мәселесін толықтай шешуге қадам жасап отыр. Осыған дейін Жетісуда тұрғын үймен біріктірілген 178 учаскелік полиция пункті салынса, алдағы мерзімде тағы 43 арнайы нысанның құрылысы жалғасады.

Учаскелік полицияның жұмысына ерекше маңыз беріліп отырғанының дәлелін Талдықорған қаласынан көруге болады. Қазір мұндағы 11 учаскелік полиция пунктінің алтауында толық жағдай жасалған. Яғни тәртіп сақшысының кеңсесі тұрғын үймен жапсарласа салынып, пайдалануға берілген.

– Тұрғын үймен жапсарласа салын­ған учаскелік полиция пунктін салу бас­та­масының тиімділігі бар. Қазір барлық полиция пунктіне «Нива» көлігі берілді. Бұл инспектордың жедел қимылдап, қылмыстың алдын алуына сеп болып отыр. Яғни мемлекет тарапынан көлік пен тұрғын үй мәселесі шешілген учаскелік полиция инспекторы еш алаңдамастан құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бар күшін арнайды. Нәтижесінде, қалада құқық бұзушылар саны азайды, – дейді Талдықорған қаласының бас полицейі Асқар Нұрсапа.

Сондай-ақ қазір аудандар мен қала­лардағы қоғамдық орындарда 1 268 бейне­бақылау камерасы іске қосылған. Оның ішінде Талдықорған қаласы аумағына 871 бақылау құрылғысы қо­­йылған екен. Бұл жұмыс биыл да жал­­ғасуда, жыл соңына дейін облыс орта­лы­ғындағы цифрлы басқару жүйесі тағы 250 камерамен толықпақшы. Мұнан бөлек, Қарасай ауданында 150 бей­не­ба­қылау камерасы, Текелі қаласы мен Панфилов ауданының аумағында да 50 ба­қылау кұрылғысы орнатылуда.

Жалпы, облыста тіркелген жол-көлік оқиғасының дені Алматы-Өскемен авто­жолының бойында болады екен. Мұнда көлік апаты ғана емес, қылмыс жағдайы да тіркеліп тұрады. Әсіресе күре жолдың бойында адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткендер бой көрсеткен. Ал полиция мұндай қылмыстың ізін суытпай ашуға тырысып жатыр. Мысалы, жақында Кербұлақ ауданының 41 жас­та­ғы тұрғынын белгісіз көлік қағып кеткен болатын. Ауыр соққыдан есін жимаған зардап шегуші қаза тапқан. Түн ауа болған апаттан кейін қылмыскер қашып кеткен екен.

– Жедел-іздестіру жұмыстарының нә­тижесінде апат орнынан қашып кеткен Ал­маты қаласының 46 жастағы тұрғыны құ­­рықталды. Оның жеке үйінің ауласынан жаяу жүргіншіні қағып кеткеніне дә­лел болатын соққының іздері бар авто­көлік табылды. Дәлелдемелерден кейін күдікті адам қаққанын мойындады. Ол өзінің оқиға орнынан қашып кетуін қор­қыныш салдарынан деп түсіндірді. Тіпті қылмыс жасаушы өзін ешкім таба алмайды деп ойлаған болуы керек. Себебі түн жарымында оқиғаны ешкім көр­меген. Ал полиция істі мұқият зер­де­леп, санаулы сағатта қылмысты ашты. Бұл жерде Талдықорған қаласы мен Алматы қаласының аралығындағы бақы­лау камераларының көмегі тиді, дейді Көксу ауданы полиция бөлімінің бас­ты­ғы, полиция подполковнигі Рамиль Ги­мадиев.

Осыған ұқсас қылмысты Талдықорған қаласының полицейлері де дер кезінде анықтап, кінәліні құрықтаған болатын. Бұл жолы тәртіп сақшыларын 41 жастағы азаматты қағып, оқиға орнынан ізін суытқан адамды көліктің деталі арқылы тапқан. Қатты соққыдан сынып, шашылып кеткен бампердің бөлігінде зауыттан шыққан нөмір жазылған екен. Тексере келгенде көлік иесі қылмысын мойындапты.

Айтпақшы, Жетісу полицейлерінің нәтижелі жұмысын мал ұрлығымен күресу барысынан да байқауға болады. Мәселен, жақында Жамбыл ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері кәнігі барымташылар тобының жолын кесіп, 17 бас жылқыны иесіне қайтарған. Ұрылар көрші облыстан келген екен.

– Кең ауқымды жедел-іздестіру іс-ша­ра­лары барысында Тараз қаласындағы мал базарынан 11 бас жылқы табылып, тәр­кіленді. Іздеуді жалғастырғаннан кейін, екі бас жылқы Түркістан облысы, Сайрам ауданының Арыс ауылынан та­был­ды. Алыпсатарлар анықталғасын тағы екі құлынды бие Тараз қаласындағы жеке үйдің ауласынан шықты. Осы қыл­мыс­ты ашып, ұрылардың ізіне түсуге екі күн ғана уақыт кетті. Ал үйірлі жыл­қы­ны Қарақастек ауылында тұратын ұры­­­лардың сыбайласы жол көрсетіп, шы­­ға­рып берген екен, – дейді Жамбыл ауда­­нының полиция бастығы, полиция пол­ковнигі Асхат Тегенбаев.

 

Алматы облысы