Алайда аймақта күзгі жиын-терін науқаны толық аяқтала қойған жоқ. Биыл облыста алқаптарды әртараптандыру мақсатында майлы дақыл көлемі 700 мың гектарға ұлғайған. Мәселен, Федоров ауданында 82 мың, Меңдіқара ауданында 72 мың, ал Сарыкөл және Ұзынкөл аудандарында жалпы көлемі 174 мың гектарға күнбағыс, бұршақ, жүгері, зығыр, рапс сияқты майлы дақылдар егілген. Техникасы толассыз жұмыс істеп жатқан диқандар күзгі кемпіршуақтың әр сәтін тиімді пайдаланып, бағалы дақылды шығынсыз жинап алудың қамында.
Бүгінде технологиясы озық алдыңғы қатарлы бірқатар ірі шаруашылықтар жиын-терін жұмыстарын толық аяқтап, техникасын қаңтарып, еңбек майданынан оралған комбайн, тракторларын майлап, жөндеу жұмыстарын бастады. Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары бүгінге дейін майлы дақылдың 83%-ы, яғни 528 мың гектар өнім жиналып алынғанын айтады. Енді алқапта орылып бітпеген күнбағыс қана қалды. Дақылдың бұл түрін жинауға күн райының суытуы еш кедергі келтірмейді.
Облыс шаруашылықтары биыл 11,6 мың гектар алқаптан жарма дақылын жинап алды. Оның 9,3 гектарын тары, қалғанын қарақұмық алады.
Қостанай облысы