Медицина • 23 Қазан, 2020

Елордада 9 айда 98,8 млн.теңгеге профилактикалық тексеру жүргізілді

309 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада 2020 жылдың 9 айында 98,8 млн.теңге сомасына  профилактикалық тексеру жүргізілді. Профилактикалық тексерулер адамда өзі сезе қоймаған қандай да бір ауру белгілері болса, оны ерте кезеңде анықтауға және қажет болған жағдайда уақытылы емдеуді бастауға мүмкіндік береді. Тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, профилактикалық тексерулерден өту қолжетімді, деп хабарлайды Egemen.kz "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елордада 9 айда 98,8 млн.теңгеге профилактикалық тексеру жүргізілді

"Жыл сайын 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өтетін тіркелу науқаны кезінде egov.kz арқылы үйдің жанындағы емханаға тіркеліп алғам. Жақында емханадан хабарласып, жасыма қарай профилактикалық тексеруден өтуге шақырды. Бүгін соған бардым. Қан қысымымды өлшеді, холестерин мен қант мөлшерін тексерді. ЭКГ-ға, маммологқа, гинекологқа жіберді. Шынымды айтсам, осылай арнайы тексерілуге шақырғандарына рахмет, әйтпесе әні-міні деп жүре береміз. Жалпы байқағаным, мына МӘМС жүйесін енгізгелі бері, бұрын ұзақ күтетін көптеген медициналық қызметтер қолжетімді", дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы № 9 емхана пациенті Ж.Ерлерова.

Естеріңізге сала кетейік, Сovid-19 таралуына байланысты шектеу шаралары енгізілген кезде емханалар профилактикалық тексерулер жүргізуді уақытша тоқтатқан болатын.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің № 685 "Профилактикалық медициналық қарап-тексерулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы қарап-тексерулерді өткізудің қағидалары мен кезеңділігін белгілеу туралы" бұйрығына сәйкес, 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар және 30-дан 70 жасқа дейінгі ересектер скринингтен өтуі тиіс.

Балалар жыл сайын кәмелетке толғанға дейін профилактикалық тексеруден өтеді. Мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілерін, мектеп оқушыларын, орта арнаулы оқу орындарының оқушыларын және 18 жасқа дейінгі студенттерді білім беру ұйымдарындағы көшпелі бригада тексереді. Мектепке дейінгі мекемелерге бармайтын балаларды тексеру емханада немесе отбасылық денсаулық орталықтарында жүргізіледі.

30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер үшін төрт жылда бір рет жатыр мойны обырының скринингі қарастырылған, оған қарап-тексеру мен цитологиялық зерттеу кіреді. 40 жастан кейін екі жылда бір рет әйелдерге сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау үшін алдын-ала тексеру және маммография жүргізіледі.

30-дан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет әртүрлі аурулардың дамуының мінез-құлық қауіп факторларын ерте анықтау үшін тексерілуі тиіс. Егер дәрігер пациенттің артық салмағын, физикалық белсенділігінің төмендігін, темекі шегетінін немесе қауіпті мөлшерде ішімдік ішетінін анықтаса, онда профилактикалық кеңес, мінез-құлқын өзгерту туралы ұсыныстар беріледі, денсаулықты сақтау мектебіне жібереді.

40 жастан кейін ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы ерте анықтауға скринингтен өтеді.

50-ден 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет колоректальды обырды ерте анықтау үшін скринингтен өтуі қажет. Гемокульт тесті арқылы тексереді. Егер ол оң нәтиже берсе, науқас ішектің колоноскопиялық зерттеуінен өтуге жіберіледі.

Айта кету керек, профилактикалық тексерулерді қаржыландыру МӘМС қаражаты есебінен жүзеге асырылады, сондықтан скринингтен өту үшін сақтандыру мәртебесіне ие болу қажет. Сонымен қатар, айта кетейік, мемлекет 15 жеңілдік санатына жататын 11 млн қазақстандық үшін жарна төлейді.