Спорт • 23 Қазан, 2020

Халықаралық барыс күніне орай елордада екі "барыс" арасында хоккей матчы өткізілді

166 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл сайын 23 қазанда аталып өтілетін Халықаралық барыс күніне орай, "Барыс Арена" мұз сарайында Нұр-Сұлтанның "Барыс" және Қазанның "Ак Барс" клубтары арасында хоккей матчы өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Халықаралық барыс күніне орай елордада екі "барыс" арасында хоккей матчы өткізілді

Матч барыс популяциясының азаю мәселесіне арналады және БҰҰ Даму бағдарламасының және "Барыс" хоккей клубының арнайы "Қар барыстарын құтқару" науқаны аясында ұйымдастырылады. Аталмыш іс-шара осы сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлардың түрлерін қорғауға бағытталған. Карантинге байланысты көрермендер матчты тек онлайн режимінде көре алады.

Соңғы 40 жыл ішінде Қазақстанда барыстардың саны шамамен 180-200 санынан 130-150-ге дейін төмендеген. Әртүрлі дерек көздеріне сүйенсек әлемде, 12 елде бар болғаны 3 мыңнан 7 мыңға дейін ғана барыс қалған. Популяция санының кемуіне және жойылып кету қаупі бар жануарлар қатарына енуіне байланысты, барыс Қызыл кітапқа енгізілген.

Дүниежүзілік экологиялық қор (GEF) қаржыландыратын БҰҰ Даму бағдарламасы мен Қазақстан Үкіметінің бірлескен жобасы аясында Қазақстанда барыс үшін қауіп-қатерді азайту бойынша жұмыстар жүргізілуде: барыстардың нақты мекендейтін жерлері белгіленуде, олардың өздерін және қоректену көздерін бақылау үшін арнайы жабдықтар сатып алынып, далалық зерттеулер өткізіліп, жергілікті тұрғындармен жұмыс жүргізілуде.

"БҰҰ Даму бағдарламасы бірнеше жылдан бері Қазақстандағы қар барыстарын қорғау және сақтау мәселесімен айналысып келеді. Сирек кездесетін жануарлардың мониторингін жетілдіру үшін біз Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы 13 ерекше қорғалатын табиғи саябақтарға 25 квадрокоптер және 294 фототұзақ сыйға тарттық", деді БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш.

"Барыс" хоккей клубы БҰҰДБ науқанына үшінші жыл қатарынан қатысуда, биылғы жылы «Ак Барс» клубы да іс-шараға қосылды. Бұл екі "Барыстың" Қызыл кітапқа енген жануарды сақтау жөніндегі бірлескен науқаны аясындағы өткізілген екінші матчы. Бірінші ойын Қазан қаласында (Ресей Федерациясы) 16 қазанда өтті. Онда қазақстандық клуб 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Халықаралық барыс күні осы сирек кездесетін жануардың жойылу қаупі туралы халықты хабардар етуге бағытталған: адамдар барысқа төнетін қауіп туралы неғұрлым көбірек білсе, оны құтқару мүмкіндігі соғұрлым жоғарылайды. Мереке 2013 жылдың қазан айында Бішкекте қар барысын сақтаудың Дүниежүзілік форумында белгіленді.